KZ
KZ RU
16 мамыр 2024 11:09
ЕКІНШІ ЛИГА

6-шы тур қорытындысы: «Шахтер» жастары бірінші рет ұпай жоғалтты

16 мамыр 2024 11:09

14-15 мамыр күндері QFL Екінші лигасының 6-шы турында «Солтүстік-Шығыс» конференциясында қарағандылық «Шахтер Ж» күтпеген жерден «Алтай» жастарынан жеңіліп қалды.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 12 ойында 47 гол соғылды;

- 35 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды;

- «Шахтер Ж» 4 ойын қатарынан қызыл қағаз алды;

- «Қайсар-Шиелі» 2 тур қатарынан камбэк жасап кетті.

 

«Оңтүстік-Батыс» конференциясы

14 мамыр

 

«Оңтүстік» - «Іле-Алатау» - 4:2

Голдар: Жанбота Еркін, 16 минут (0:1), Мағжан Тоқтабай, 30 минутта пенальти (1:1), Дияс Доңбай, 37 минут (2:1), Вадим Афанесенко, 45 минут (3:1), Дияс Доңбай, 54 минут (4:1), Зураб Қасымов, 59 минут (4:2)

Екінші лиганың көшбасшылары AKAS пен «Мақтаралдан» айласын асырған «Іле-Алатау» клубы «Оңтүстікке» қонаққа барды. Ысқырық шалынған бетте қонақтар қарсыластың жарты алаңына лап қойып, Зураб Қасымов қақпашымен бірге-бір шықса да, тепкен добы қақпадан қисық кетті. Артынша кезекті шабуылдың бірінде доп қақпа бағанасынан қайтты. Әйтсе де, «Іле-Алатау» футболшылары 16-шы минутта есепті аша алды. Алаң иелерін ояту осы гол жеткілікті болды. Олар есепті теңестіріп қана қоймай, бірінші таймда 3:1 есебімен алға шықты. Екінші таймда да «Оңтүстік» есепті арттырды. Қонақтардан Зураб Қасымов қақпашының қателігін ұтымды пайдаланғанымен, қалған уақытта табло өзгеріссіз қалды. Нәтижесінде «Іле-Алатау» бірінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.

 

«Қайсар-Шиелі» - «Жас Қыран» - 4:3

Голдар: Ерасыл Зинабдинов, 3 минут (0:1), Тамерлан Керім, 6 минут (0:2), Бақдәулет Молдақараев, 36 минут (1:2), Мейіржан Бағланұлы, 47 минут (1:3), Дамир Тәуірбай, 52 минут (2:3), Сұлтан Мықтыбаев, 54 минут (3:3), Саят Жахмуров, 81 минут (4:3)

Кейінгі үш турда 10 гол жіберген «Қайсар-Шиелі» командасы өзінің жеңіске деген құштарлығы арқасында екінші мәрте қарсыласынан жеңісті жұлып алды. Былтыр ғана Бірінші лигада тәп-тәуір ойнаған «Жас Қыран» ә дегенде 2 гол жылдам гол соғып алды. Жалпы 47 минуттың ішінде 3:1 есебімен алда тұрған. Бірақ алаң иелері үміттерін үзбеді. Нәтижесінде тәжірибелі клубтың қақпашысы мен қорғаушылары босаңсып, «Қайсар-Шиеліге» қолда тұрған 3 ұпайды беріп қойды.

 

«Ордабасы Ж» - «Тараз Ж» - 1:0

Гол: Мирас Дүйсенқали, 15 минут (1:0)

Маусымды сәтті бастаған Тараздың жастар командасы 3 тур бойы жеңіске жете алмады. Кезекті турда олар Шымкентте «Ордабасы Ж» ұжымының қақпасына қанша шабуылдағанымен, нәтижелі аяқтайтын футболшы табылмады. Статистикаға көз салсақ, тараздықтар осымен үшінші мәрте дәл осы қарсыластың жерінен құр қол қайтты. Осы жеңістің арқасында «Ордабасы Ж» көшбасшылардың қатарына қосылды.

 

AKAS – «Тұран Ж» - 6:0

Голдар: Сергей Гридин, 6 минут (1:0), Даниил Колядин, 14 минут (2:0), Дамир Битүсіпов, 19 минут (3:0), Дархан Меделхан, 24 минут (4:0), Сергей Гридин, 44 минут (5:0), Арсений Мелещенко, 48 минут (6:0)

Маусым басындағы ірі жеңістерден кейін қарсыластарынан ұпай ала бастаған «Тұран Ж» кезекті ойында Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Сергей Гридинді тұсап ұстай алмады. Әуеде керемет ойнайтын Сергей бірінші таймда-ақ 2 гол соқты. Жалпы Екінші лигада фаворит саналатын AKAS бұл матчта ешқандай қиындыққа тап болмай, мәселені ерте шешті.

 

15 мамыр

 

«Мақтаарал» - KazAST - 6:1

Голдар: Нұржан Дандыбаев, 12 минут (1:0), Мұстафа Рейісов, 17 минутта пенальти (2:0), Нұржан Дандыбаев, 39 минут (3:0), Мұстафа Рейісов, 45 минут (4:0), Мейрамбек Серікбай, 53 минут (5:0), Рамазан Әли-Оғлы, 79 минут (6:0), Карл Өмірәлі, 85 минут (6:1)

Премьер-лиганың былтырғы қатысушысы жаңадан құрылған команданы қарсылас көрмеді. Ойын тағдыры алғашқы 45 минутта-ақ шешілді. Бастапқы голдардан кейін қонақтар ойынды тастап қойып, қорғанысты ашық қалдырды. Бұған дейін 5 ғана гол соққан «Мақтаарал» бір ғана кездесуде 6 мәрте саңылау тапты.

 

«Талас» - «Атырау Ж» - 1:2

Голдар: Юсуф Саидалиев, 62 минут (0:1), Аман Нышанов, 72 минут (1:1), Темірлан Жиеналиев, 74 минут (1:2)

Алаңнан қуылды: Аман Азамат («Атырау Ж»)

Көш соңында командалардың матчында алаң қожайындары қарсыластан қарағанда 2 есе көп шабуылдағанымен, тең нәтижеге де қол жеткізе алмады. Бір ерекшелігі - «Талас» сапынан өзге футболшы гол соқты. Ал өзгелерден қарағанда аз кездесу өткізген «Атырау Ж» осы жеңістің арқасында ең соңғы орыннан көтерілді.

 

«Солтүстік-Шығыс» конференциясы

14 мамыр

 

«Астана Ж» - «Тобыл Ж» - 0:0

Төрт матч қатарынан жеңіске жетіп, 2-орынға бірақ шыққан қостанайлықтар бірінші рет қарсыласымен тең ойнады. Матчта қонақтар жылдам есеп ашқанымен, ойыннан тыс қалды деп, есептелмеді. «Астана Ж» ұжымы да қарап қалмады. Алдымен орындалған айып соққысы қақпа бағанынан қайтса, кейінгі сәтте «Тобыл Ж» қақпашысы сызықтан командасын құтқарып қалды. Кездесудің басым бөлігі ортаңғы бөлікте өрбіп, қос команда да допқа талас барысында аянып қалмады. Есеп: 0:0.

 

«Ақсу» - «Қызылжар Ж» - 1:4

Голдар: Ерназар Дюсеков, 45 минут (1:0), Руслан Пунько, 48 минут (1:1), Архат Ақантай, 59 минут (1:2), Архат Ақантай, 88 минут (1:3), Руслан Пунько, 90+4 минут (1:4)

«Ақсу» сапынан Ерназар Дюсеков екінші кездесу қатарынан есеп ашты. Өкінішке қарай, бұл гол павлодарлықтарға жеңіс тұрмақ, тең ұпай да бермеді. Екінші таймда «Қызылжар Ж» жауапсыз 4 гол соғып, екінші ойын қатарынан камбэк жасап кетті. Петропавл командасы ең көп 10 гол жіберген ұжымдардың қатарына кірсе де, турнир кестесінің жоғарғы сатыларында келеді.

 

15 мамыр

 

«Жетісу Ж» - SD Family - 0:1

Гол: Тимур Қуантаев, 88 минут (0:1)

Талдықорған жастары осы маусымда барлық қақпашыларына мүмкіндік беруде. Қарымта шабуылға басымдық беретін «Жетісу Ж» үшін қақпашының рөлі жоғары болып тұр. Осы жолы 18 жастағы Санжар Ерниязов өз міндетін жақсы орындады. Бірінші таймда SD Family жастарының дәл соққысына жылдам реакция танытып, командасын голдан сақтап қалды. Екінші тайм да қонақтардың шабуылымен өрбіді. Тек соңғы минуттарда ғана Тимур Қуантаев гол соғып, астаналықтарға жеңіс сыйлады.

 

«Оқжетпес Ж» - «Ертіс» - 1:3

Голдар: Александр Бовкун, 22 минут (0:1), Тимур Арчаков, 69 минут (1:1), Даниил Нырков, 74 минут (1:2), Руслан Есімов, 90 минут (1:3)

Бұл ойында ешқандай да интрига болмады. Себебі, «Ертіс» үшін OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығуды мақсат етсе, «Оқжетпес Ж» бір ғажайып болмаса, турнирдің көш соңында аяқтауы мүмкін. Қарсыластың жарты алаңында ғана ойнайтын павлодарлықтар көптеген шабуылдарын нәтижеге айналдыра білді. Қосалқы құрамнан шыққан Руслан Есімов тағы да ойын нүктесін қойды.

 

«Алтай Ж» - «Шахтер Ж» - 5:1

Голдар: Георгий Захаренко, 23 минут (1:1), Бекжан Зыкырьянов, 26 минутта пенальти (1:1), Ислам Мұхаметжанов, 61 минут (2:1), Бекжан Қабылғазин, 68 минут (3:1), Әнуар Аманжанов, 90+1 минут (4:1), Ерали Қалыбеков, 90+4 минут (5:1)

Алаңнан қуылған: Данила Карпеков, 58 минут («Шахтер Ж»)

Көпке ыңғайсыз қарсылас саналатын «Алтай Ж» командасы топ басындағы «Шахтер» жастарымен біраз қарсыласып бақты. Қарағандылықтар толассыз шабуылдап, бір гол соқса, алаң иелері бір ғана пенальтимен есепті теңестірді. Жалпы, өскемендіктердің пайдасына осы маусымда 3 бірдей пенальти белгіленді. Бұған дейін «Ақсу» мен «Астана Ж» командаларына соққан пенальтилері тең нәтиже алып берген еді. Екінші таймда «Шахтер Ж» қақпашысы Данила Карпеков айып алаңы сыртында қолымен допты қайтарып, алаңнан қуылды. Дәл осы сәт шешуші болды. Нәтижесінде қонақтар бірден айып соққысын голға айналдырды. 6 минуттан кейін қарағандылықтар қосалқы қақпашысы қателікке жол беріп, 3-ші голды жіберді. «Шахтер Ж» есепті теңестіруге ұмтылғанымен, алаң иелері тағы да қарымта шабуылдан голдарын соғып кетті. Есеп: 5:1. Ешкім күтпеген сенсациялық нәтиже.

 

«Жеңіс Жас» - «Елімай Ж» - 0:1

Гол: Мейіржан Жұмаділов, 90+3 минут (0:1)

Қағаз жүзінде фаворит саналған семейліктер соңғы минутта қанжығаларына 3 ұпайды байлады. Ал Мейіржан Жұмаділов екінші тур қатарынан жеңіске жетті. Бұл «Елімай Ж» ұжымының осы маусымдағы бірінші жеңісі.

 

Айта кетейік, QFL Екінші лигасының 7-шы тур ойындары 21-22 мамыр күндері өтеді.