KZ
KZ RU
23 мамыр 2024 12:05
ЕКІНШІ ЛИГА

7-ші тур қорытындысы: «Ертіс» пен AKAS көш басында

23 мамыр 2024 12:05

21-22 мамыр күндері QFL Екінші лигасының 7-ші турында «Солтүстік-Шығыс» Конференциясындағы аутсайдерлердің кездесуінде 17 жастағы Рауль Аллахвердиев «Жеңіс Жас» командасына алғашқы жеңісін сыйлады.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 12 ойында 36 гол соғылды;

- 52 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды;

- «Шахтер Ж», «Қайсар-Шиелі» командалары мүлдем ескерту алмады;

- «Ертіс» – «Астана Ж» матчында ең көп 9 сары қағаз көрсетілді;

- «Ордабасы Ж» осы турда қарсылас қақпасына 100% дәл 9 соққы бағыттады;

- «Жеңіс Жас» осы маусымдағы бірінші жеңісін тойлады;

- AKAS екі ойын қатарынан 6:0 есебімен басым түсті;

- 37 жастағы AKAS шабуылшысы маусымдағы 9-шы голын соғып, Шыңғыс Флюкпен теңесті.

 

«Оңтүстік-Батыс» Конференциясы

 

KazAST – «Оңтүстік» - 2:2

Голдар: Әлішер Қажығалиев, 6 минут (0:1), Мағжан Тоқтыбай, 11 минут (0:2), Бақытжан Биманбет, 65 минут (1:2), Салауат Ғабдулахмет, 85 минут (2:2)

Тәжірибелі «Оңтүстік» ойын бастала салысымен, қарсыласты жарты алаңда тықсырып, бірнеше шабуыл жасады. 2 гол соқты, қақпа маңдайшасына тигізді, бірнеше дәл соққы бағыттады. Осы көріністен кейін қонақтардың жеңісіне күмән қалмағандай көрінген. Бірақ екінші таймда KazAST стандартты жағдайдан есепті қысқартса, соңғы минуттарда рикошетпен тараз басын теңестіріп кетті. Тіпті ысқырық шалынғанша, командалар алма-кезек алға ұмтылып, жеңіске жетуге тырысты. Есеп: 2:2

 

«Тараз Ж» - «Жас Қыран» - 0:1

Гол: Абылай Жайсанбек, 47 минут (0:1)

Алаңнан қуылған: Нұршапағат Мұхамодиев, 69 минут («Тараз Ж»)

Екі жеңіспен бастаған «Тараз Ж» командасының жолы болмай жүргеніне 1 ай болды. Кіл мықтылармен кездескен ұжым барлық кездесуде ұпай ұстатуға мәжбүр болды. «Жас Қыранмен» матчта қарсыласынан еш кем түспесе де, алаң иелері сапынан Темірлан Аманжановтың қателігі қонақтарға жеңіс сыйлады.

 

«Мақтаарал» - «Тұран Ж» - 5:2

Голдар: Рамазан Әли-Оғлы, 18 минут (1:0), Рамазан Әли-Оғлы, 35 минут (2:0), Автогол, 54 минут (2:1), Диержон Арипов, 65 минут (3:1), Нұрдәулет Серік, 82 минут (4:1), Шадман Бакиров, 86 минут (5:1), Нұрсейіт Сайдулла, 89 минут (5:2)

Қарсыласынан әлдеқайда тәжірибелі «Мақтарал» құрамасы еш қиындықсыз жеңіске жетті. Ойын барысында алаң иелерінің барлық ойлаған идеялары жүзеге асып, 5 гол соқты. Осы жеңістің арқасында олар бірінші орынын нығайта түсті. Алайда Атакент командасының соңғы 3 кездесудегі кемшілігі – соңғы минуттарда гол жіберіп жатыр.

 

«Іле-Алатау» - «Атырау Ж» - 2:0

Голдар: Шейхислам Құлахметов, 53 минутта пенальти (1:0), Шейхислам Құлахметов, 83 минут (2:0)

Өткен турдағы алғашқы жеңілісінен кейін «Іле-Алатау» клубы өте маңызды 3 ұпайын алды. Дәл осы жеңістің арқасында олар қайта ТОП-5 команданың қатарына кірді. Алматы облысының ұжымы осы маусымда 3 рет қарсыласынан басым түссе, соның екеуінде Шейхислам Құлахметов жеңіс голын соққан. Өкінішке қарай, атыраулықтар 1 ғана жеңіспен турнир кестесінің төменгі бөлігінде тұр.

 

«Қайсар-Шиелі» - «Ордабасы Ж» - 2:3

Голдар: Нұрлыбек Арғынбай, 19 минут (0:1), Диас Алтынбеков, 25 минут (0:2), Саят Жахмуров, 59 минут (1:2), Агман Тамалов, 76 минут (1:3), Азат Серік, 86 минутта пенальти (2:3)

Екі тур бойы 1:3 есебімен жеңіліп тұрып, қарсыластан жеңісті тартып алған «Қайсар-Шиелінің» осы жолы сәттілік серік болмады. Шымкенттіктер алғашқы таймда-ақ 2 гол соғып, сенімді түрде алда тұрған. Бірақ екінші таймның басындағы қорғаушының қателігі есепті қысқартты. Қалған уақытта алаң иелері шабуылға шыққанымен, «Ордабасы Ж» рикошеттің арқасында тағы да гол соқты. Азат Серік пенальтимен белсенгенімен, уақыт біткенше бұрыштама, қапталдан берілген пастарды аяқтайтын футболшы табылмады. Есеп: 2:3. «Қайсар-Шиелі» осы маусымдағы екінші жеңілісін тағы да өз алаңында тіркеді.

 

AKAS«Талас» - 6:0

Голдар: Арсений Мелещенко, 22 минут (1:0), Дархан Меделхан, 34 минут (2:0), Данила Васильченко, 54 минут (3:0), Сергей Гридин, 62 минут (4:0), Мұхтархан Сабдиров, 73 минут (5:0), Мұхтархан Сабдиров, 90 минут (6:0)

Топ басындағы AKAS клубы дебютанттарға қарсы ойында аса қинала қоймады. 22-ші минутта бұрыштамадан көтерілген допқа талас барысында «Талас» қақпашысы өз орнын тастап, Арсений Мелещенкоға оңай гол соғуға мүмкіндік берді. Қалған уақытта да алаң қожайындары 11 дәл соққы жасап, есепті 6:0-ге жеткізді. «Талас» сол күйі дәрменсіздік танытып, азулы қарсыластың қақпасын көздей алмады. Дәл осы жеңістің арқасында алматылықтар «Мақтааралмен» теңесіп, бірінші орынды бөлісіп тұр.

 

«Солтүстік-Шығыс» Конференциясы

 

«Қызылжар Ж» - «Жетісу Ж» - 0:0

Турнир кестесінің 4-5 орындарында тұрған командалар ашық шабуыл ұйымдастырды деп айта алмаймыз. 90 минут бойы 18 соққы жасалса, соның екеуі ғана дәл бағытталды. Тіпті алаң иелері бірінші шабуылын 70-ші минутта ұйымдастырды. Тек кездесу соңында «Жетісу Ж» гол соққанымен есепке алынбады. Ал «Қызылжар Ж» гол соғатын мүмкіндігін сәтті пайдаланғанымен, қонақтар қорғаушысы сызықтан алып шықты. Есеп: 0:0.

 

«Жеңіс Жас» - «Оқжетпес Ж» - 2:1

Голдар: Рауль Аллахвердиев, 14 минут (1:0), Рауль Аллахвердиев, 43 минут (2:0), Ерсұлтан Жаныбаев, 90 минут (2:1)

Екінші лигада дебют жасаған «Жеңіс Жас» командасы ақыры бірінші жеңісіне жетті. БАҚ беттерінде 16 жастағы футболшылардың арасында ең қымбат ТОП-50-ге кірді, Әзербайжан құрамасына шақырту алды деп шулатқан Рауль Аллахвердиев дубль авторы атанды. Оның соққан қос голы Екінші лиганың басты аутсайдері «Оқжетпес Ж» үшін жеткілікті болды. Бұл футболшы қазіргі таңда 17 жасқа дейінгі Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алып жүр.

 

«Ертіс» – «Астана Ж» - 2:0

Голдар: Артем Попов, 48 минут (1:0), Мейрамбек Еренғайып, 79 минут (2:0)

Павлодарлықтардың осы жолғы қарсыласы оңай болмады. 90 минут бойы футболшылар әр доп үшін талас жүргізіп, аянып қалмады. Салдарынан кездесуде 9 сары қағаз көрсетілді. Ertis те бұған дейінгідей үстемдігін жүргізе алмады. Футболшылардың жеке шеберлігі алаң иелеріне 5-ші рет қатарынан жеңіске жетуге мүмкіндік берді. Ал қосалқы құрамнан шығып гол соғатын Руслан Есімовтың осы жолы қанжығасы майланбады.

 

«Тобыл Ж» - «Алтай Ж» - 3:0

Голдар: Бейбіт Ғалым, 21 минут (1:0), Әлібек Жайлаубаев, 34 минут (2:0), Нұрислам Нұргелдинов, 59 минут (3:0)

Өткен турда «Шахтер Ж» командасын сырт алаңда 5:1 есебімен жеңіп, басты сенсацияның авторы атанған өскемендіктер кезекті ойынында таза жеңілді. Жеңілетіндей де жөні бар. Себебі, олар осы сәтке дейін өз алаңында 3 кездесудің барлығында бет қаратпай жеңіп, 11 гол соққан еді. Осы жолы да дәстүрі бұзылмай, қостанайлықтар жауапсыз 3 гол салды. Қазіргі сәтте «Тобыл Ж» турнир кестесінің 3-ші сатысына жайғасып, өзгелерден ұзай түсті.

 

SD Family Ж – «Ақсу» - 2:0

Голдар: Бауыржан Ахаев, 86 минут (1:0), Бауыржан Ахаев, 89 минут (2:0)

Алаңнан қуылған: Иса Асуханов, 77 минут («Ақсу»)

Кездесуде қос команда да ешқандай үстемдікке ие болмай, бірдей деңгейде өтіп жатыр еді. Бірақ қонақтар сапынан Иса Асухановтың қарсыластың айып алаңында 2 рет симуляция жасағанының кесірінен алаңнан қуылып кетті. Қалған 13 минутта SD Family Ж үшін жеңіске жетуге жеткілікті болды.

 

«Елімай Ж» - «Шахтер Ж» - 0:1

Гол: Георгий Захаренко, 5 минут (0:1)

Матч басындағы бұрыштамадан туындаған қарбалас кезінде соғылған Георгий Захаренконың жылдам голы нәтижені шешті. Қағаз жүзінде фаворит саналған қарағандылықтар бұған дейінгі кездесумен салыстырғанда толассыз шабуыл жасады деп айта алмайсың. «Елімай Ж» ұжымы да қолдан келгенше қарсыластың қақпасын торуылдағанымен, «Шахтер Ж-ның» қосалқы қақпашысы қателікке бой алдырмады.

 

QFL Екінші лигасының 8-ші тур ойындары 28-29 мамыр күндері өтеді.