KZ
KZ RU
20 мамыр 2024 11:40
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

9-шы тур қорытындысы: Қарағанды сәтсіздігі жалғасты

20 мамыр 2024 11:40

18-19 мамыр күндері OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 9-шы турында Қарағандының «Шахтер» клубы өз алаңында айқын фаворит саналған «Тобылды» жеңіп кетті.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 6 ойында ең аз 5 қана гол соғылды;

- 26 сары қағаз көрсетіліп, 2 ойыншы алаңнан қуылды;

- «Жетісу» - «Қызылжар» матчында 9 сары қағаз және 2 қызыл қағаз көрсетілді;

- «Шахтер» өз алаңында 2 ғана гол соғып, «Астана» мен «Тобылды» жеңді;

-  «Тобыл» 5-ші рет қатарынан Қарағандыда есе жіберді;

- «Елімай» 3 матч қатарынан соңғы минуттарда соғып келеді.

 

«Атырау» - «Астана» - 1:0

Гол: Николай Сигневич, 28 минут (1:0)

Жанкүйер саны: 5 500

«Атырау» клубы өз алаңында осымен төртінші мәрте қатарынан жеңіске жетіп отыр. Бұған дейін OLIMPBET QFL Қазақстан кубогында SD Family, «Қайрат», OLIMPBET QFL Премьер-лигада «Қызылжар» мен «Астананы» тізерлетті. Бір ерекшелігі – қарсыластардың ешқайсысы алаң иелеріне гол соға алмады. Бұл матчта атыраулықтар алыстан соққылар бағыттап, Александр Зарукцкий қорғаған қақпаның мазасын алды. Қаладағы жел де кездесуге өз әсерін тигізді. Бірінші таймда бұрыштамадан орындалған допқа Николай Сигневич жетіп, баспен гол соқты. Қалған уақытта «Астана» 14 соққы бағыттағанымен, бірде-бірі қақпаға дәл бармады. Есеп: 1:0.

 

«Ақтөбе» - «Ордабасы» - 0:0

Жанкүйер саны: 12 600

OLIMPBET QFL Қазақстан кубогындағы эмоция бұл жолы қайталанбады. Ойынның көркін қыздыруға жиналған 12 мыңнан астам жанкүйер өкінішке қарай, бірде-бір голды көре алмады. Алаң иелері 90 минут ойын тізгінін өз қолдарында ұстағанымен, дәлдік пен шабуылды түйіндейтін футболшы жетіспеді. Осылайша, «Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасы», «Астана», «Атырау» командаларымен ұпай бөлісуге мәжбүр болды.

 

«Қайсар» - «Жеңіс» - 1:0

Гол: Руслан Юденков, 22 минут (1:0)

Жанкүйер саны: 4 000

Соңғы орында тұрған «Қайсар» клубы 5 тур бойы қарсыластарынан жеңілмеді. Кезекті ойын ұпай жағынан өте маңызды еді. Неге? Себебі, бұл кездесудің жеңімпазы ұшу аймағынан көтеріле алатын. Қонақтар ысқырық шалынған сәттен әдеттегідей шабуылға иек артты. Алаң иелері қорғанысқа мән беріп, 22-ші минутта ұйымдастырған бірінші шабуылында-ақ есеп ашты. Бұл 37 жастағы Руслан Юденковтың OLIMPBET QFL Премьер-лигадағы екінші голы. Қонақтар қалған уақытта жеңілмеудің амалын жасағанымен, еш нәтиже өнбеді. «Қайсар» үшін 90 минутта жасаған 1 ғана дәл соққы жеңіске жеткілікті болды.

 

«Жетісу» - «Қызылжар» - 0:0

Алаңнан қуылғандар: Виктор Брага, 75 минут, Цотне Мосиашвили, 83 минут («Жетісу»)

Соғылмаған пенальти: Евгений Березкин, 84 минутта қақпадан жоғары тепті («Қызылжар»)

Жанкүйер саны: 4 000

Талдықорған стадионында бірінші рет «Жетісу» қарсыластың көп шабуылдауына мүмкіндік беріп қойды. Осы сәтте тең есепті сақтауға үлес қосқан Арсен Сиукаевтың рөлі жоғары. 4 ойын қатарынан жеңіске жете алмай келе жатқан «Қызылжар» 3 ұпай алу үшін қолдан келгеннің барлығын істеді. Алаң иелері сапынан 2 футболшы қуылды, 14 соққы бағыттады, пенальти белгіленді. Бірақ 5-ші рет қатарынан қарсыласқа гол соға алмады. Матчтың үздік ойыншысы ретінде осы маусымда 4 мәрте қақпасын аман сақтаған Арсен Сиукаев танылды.

 

«Шахтер» - «Тобыл» - 1:0

Гол: Роджер Каньяс, 38 минут (1:0)

Жанкүйер саны: 3 000

Бұған дейін Қарағанды қаласында өткен 4 матчта да «Шахтер» басым түскен еді. Осы жолы да "Тобыл" үшін сол сәтсіздік жалғасты. Қонақтар алдыңғы шепте шабуылда ойнағанымен, бұрыштамадан Роджер Каньяс күтпеген жерден гол соғып кетті. Бұл жерде позицияны дұрыс таңдамаған қақпашы Стас Покатиловтың да қателігі бар. Қарағандылықтардың маусымдағы алғашқы голын соққан Колумбия футболшысы осы жолы да жеңіс сыйлады. Ал қостанайлықтар ұтымды сәттерін қолдана алмай, екінші мәрте қатарынан жеңіліске ұшырады. Турнирдің төменгі бөлігінде жан сақтау үшін талас қыза түсті.

 

«Елімай» - «Қайрат» - 1:1

Гол: Жоау Пауло, 55 минут (0:1), Юрий Перцух, 90+6 минут (1:1)

Жанкүйер саны: 8 000

Осы турдың қорытынды ойынында Семейдің «Спартак» стадионында ине шаншар орын болмады. Өзге матчтар өтіп қойғандықтан, қос клуб үшін жеңіс аса маңызды болды. Себебі, бұл кездесудің жеңімпазы турнир кестесінде топ бастайтын еді. Нәтижесінде ысқырық шалынысымен, клубтар барлауға уақыт жұмсамай, жылдам шабуылға көшті. 2-ші минутта-ақ «Елімай» шабуылшысы Шина керемет мүмкіндікке ие болып, допты қақпа бағанасына тигізді. Ал бағанадан қайтқан допқа Шина бірінші жеткенімен, тепе-теңдікті ұстай алмай, дәл бағыттай алмады. «Қайрат» сапынан Жоау Пауло бірден жауап қатты. Десе де, голдардың барлығы екінші таймда соғылды. «Қайрат» сапынан Жоау Пауло қақпашымен бірге-бір шығып, өз сәтін құр жібермеді. Артынша Элдер Сантананың тепкен добын қақпашы тура қайтарып, Жоау Паулоның аяғына салып берген. Бірақ Бразилия сұрмергені бұндай мүмкіндікті күтпеді ме, әйтеуір бос қақпаға жоғары тепті. Қалған уақытта алаң иелері соңғы минутқа дейін үміттерін үзбей қарсылас қақпасын аңдумен болды. Нәтижесінде соңғы секундтарда Юрий Перцухтың айып алаңы сыртынан тепкен добына «Қайраттың» жас қақпашысы үлгермеді. Есеп: 1:1. Осы кездесуден кейін командалар бәз-баяғынша 2 және 3-орындарда қалды.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 10-шы тур ойындары 1-2 маусым күндері өтеді.