KZ
KZ RU
09 қыркүйек 2024 09:00

«Қайрат» клубына 70 жыл

09 қыркүйек 2024 09:00
Аты аңызға айналған «Қайрат» футбол клубы 70 жылдық туған күнін тойлауда.

Отандық футбол тарихы «Қайрат» есімімен тығыз байланысты. Қазақстандық жанкүйерлердің бірнеше буыны өскен команда бүгінде өз ойыншыларын, жаттықтырушыларының дамуына көңіл бөліп, жаңа жетістіктерімен қуантуда. Әр жылдары еліміздің көптеген атақты футболшылары дәл осы клубта өнер көрсетті.

Кеңес Одағы дәуірінде «Қайрат» отандық футболдың намысын сәтті қорғады. Алматылық клуб отандық командалар арасында алғаш болып, КСРО чемпионатының жоғарғы дивизионына қатысып, екі мәрте КСРО Бірінші лигасының жеңімпазы атанды. 1988 жылы КСРО футбол федерациясының кубогын иеленді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған Чемпионат пен Қазақстан кубогында жеңіске жетіп, кейіннен тағы отандық турнирлерде 14 рет топ жарды. 2004 және 2020 жылдары Қазақстан чемпионы атанды.

«Шын мәнінде, «Қайрат» - отандық футбол брендтерінің бірі. Заманауи және тиімді басқару жүйесінің арқасында клуб инфрақұрылымға, балалар-жасөспірімдер футболын дамытуға ерекше назар аударады. Алматылық команда Академиясының түлектері көптеген клубтарда өнер көрсетеді. Ал кейбіреулер үшін тіпті «Қайраттың» намысын қорғау арман. Клубты 70 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын және сәттілік тілеймін!», - деді Qazaqstan Football League президенті Ғани Қайназаров. 

Бүгінгі таңда «Қайратта» заманауи оқу-жаттығу базасы және үш балалар-жасөспірімдер академиясы бар. Осы маусымда клуб OLIMPBET QFL Премьер-лигасында топ бастап, 1XBET QFL Лига Кубогының жартылай финалында бақ сынауда. Сонымен қатар, «Қайрат-Жастар» командасы 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасында екінші орында тұр.

Qazaqstan Football League «Қайрат» ФК басшылығын, қызметкерлерін, жаттықтырушылар штабын, ойыншылары мен жанкүйерлерін 70 жылдығымен құттықтайды!