«Қызылжар» ФК директоры Николай Панин: Жоспарымыз - Еуро аймағына өту
Екі айдан астам уақыттан бері «Қызылжар» клубын отандық маман Николай Панин басқарып келеді. Команда өткен аптада 1ХВЕТ QFL Лига кубогын жеңіспен бастап, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының турнир кестесінде 9-орында тұр. Осы орайда «Қызылжар» директоры QFL.KZ сайтына клубтың қазіргі жағдайы мен маусымға қойған жоспарымен бөлісті.
- Николай Борисович, «Қызылжар» 1ХВЕТ QFL Лига кубогы атты жаңа турнирді жеңіспен бастады. OLIMPBET QFL Премьер-лигасының турнир кестесіндегі қиын жағдайларыңыз бен OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының ширек финалында «Елімайдан» есе жібергендеріңізді ескерсек, жаңа кубокта топ жару сіздердің басты жоспарларыңыз ба?
- 1ХВЕТ QFL Лига кубогын жеңу басты мақсат деп айтпас едім. Бізге чемпионат және кубоктағы әр матч маңызды. Әр ойында командамыз тек қана жеңіске жетуге ұмтылады. Лига кубогындағы жеңіс психологиялық тұрғыдан өте маңызды болды. Себебі, Қазақстан кубогы мен Премьер-лигада бірнеше ойынды өте сәтсіз өткізіп едік. Ал турнирге тоқталатын болсақ, Лига кубогы бірінші кезекте коммерциялық жарыс. Сондықтан бұл бәсеке маусымдағы матчтардың санын көбейту арқылы ойын тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді. Қаржылық жағынан да көмегін тигізеді. Клубтар өз түлектерін жоғары деңгейде ойната алады. Лига кубогының көптеген артықшылықтары бар және QFL мен ҚҚФ осы турнирді өткізгені өте дұрыс болды.
- Осы жылы OLIMPBET QFL Премьер-лигасында көптеген клубтар чемпиондық атақ үшін талас жүргізуде. Әр тур сайын турнир кестесі өзгеріп жатыр. Алайда «Қызылжар» әзірше сенімді ойнап жатыр деп айта алмаймыз. Бұған не себеп? Қалған 17 турда команда өзін көрсете ала ма?
- Биыл OLIMPBET QFL Премьер-лигасы өте шиеленісті өтуде. Әр турда күтпеген нәтижелер тіркеледі. Бұған легионерге қатысты шектеуді алып тастағаны әсер етті дкп ойлаймын. Жергілікті футболшылар бәсекелестікті сезіне бастады және бұл мені қуантады. Енді негізгі құрамға кіру үшін қатты еңбектену керек. Бұл олардың шеберлігін арттырады. Ал біздің клубтағы дағдарыс уақытша деп сенемін. Алдағы турларда барлығы оң жаққа өзгеруі керек. Не дегенмен, мен командамның потенциалын көріп тұрмын және жігіттер тағы да қарқындарын арттыруы тиіс.
- 1ХВЕТ QFL Лига кубогында сіздермен бірге бір топта 1ХВЕТ QFL Бірінші лигадан «Тараз» және «Ақжайық» клубтары өнер көрсетіп жатыр. Қазақстанның екінші деңгейлі дивизионын қалай бағалайсыз?
- Бірінші лига мен Премьер-лиганың арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Осы орайда QFL Бірінші лиганың клубтарына қатысуға рұқсат бергені дұрыс болды. Себебі, Бірінші лига тек жергілікті футболшылар доп тебеді. Осы турнир арқылы олар жоғары деңгейде бақ сынай алады. Оның жарқын мысалы - «Тараз» және «Каспий». Жігіттер жақсы дайындықпен келген. Бұл футболшылар Лига кубогында әлі-ақ таңғалдыратынына сенемін.
- Николай Борисович, сіз «Тобол», «Окжетпес» клубтарында қызмет атқардыңыз. 3 жыл бұрын маусымның үздік топ-менеджері ретінде танылдыңыз. «Қызылжарда» қандай мақсат қоясыз?
- Облыс әкімі маған клуб басшысы ретінде қаржылық жағдайды ретке келтіруге және клубты барлық деңгейде жоғары деңгейге өсіру туралы міндет қойды. Алдымда тұрған міндеттерді орындау үшін барлық тәжірибем мен күшімді саламын. Ал облыс әкімінің жалпы маусымға деген жоспары – еуро аймағына өту. Облыс басшылығы клуб үшін барлығын істеп жатыр және «Қарасай» стадионына жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, «Қызылжар» клубы OLIMPBET QFL Премьер-лигасындағы кезекті ойынын 2 маусым күні кешкі 19:00-де өз алаңында «Елімайға» қарсы өткізеді. Ал 1ХВЕТ QFL Лига кубогының екінші турында 7 шілде күні 17:00-де «Қайратты» қабылдайды.