KZ
KZ RU
04 шілде 2024 08:30
ЕКІНШІ ЛИГА

11-ші тур аяқталды: дебютант «Талас» басты фавориттің бірін жеңіп кетті

04 шілде 2024 08:30

2-3 шілде күндері QFL Екінші лигасының 11-ші туры аясында айқын аутсайдер саналған «Талас» клубы Премьер-лиганың былтырғы қатысушысы «Мақтааралды» жеңіп кетті.


Қандай нәтижелер тіркелді?

- 12 ойында 31 гол соғылды;
- 59 сары қағаз көрсетіліп, 6 футболшы алаңнан қуылды;
- AKAS шабуылшысы Сергей Гридин 10 тур бойы қатарынан гол соғып келеді;
- «Оңтүстіктің» сұрмергені Мағжан Тоқтыбай 7 матч қатарынан қарсылас қақпасынан саңылау тапты;
- «Ертіс» - «Ақсу» матчын тамашалауға рекордтық 8 мың жанкүйер жиналды;
- «Қайсар-Шиелі» сырт алаңдағы қатарынан 3 матчта жеңіске жетті;
- «Талас» командасы өз алаңында қатарынан 2 рет қарсыласынан басым түсті.


«Оңтүстік-Батыс» конференциясы

«Тараз Ж» - «Қайсар-Шиелі» 0:1

ГолРасул Сабирдин, 56 минут (0:1)

Соғылмаған пенальтилер: Сұлтан Мықтыбаев ,59 минут және Азат Серік (екеуі де «Қайсар-Шиелі»), 65 минутта қақпашы қайтарды.

Алаңнан қуылған: Жандос Қыдырбек («Қайсар-Шиелі»), 90 минут

Бірінші таймда ойын тізгінін алаң иелері қолға алғанымен, «Қайсар-Шиелі» аяқ жағында қауіп төндіре бастады. Ал екінші таймда тіпті қонақтар белсенділік танытып, гол соғып кетті. Бұдан әрі де есепті ұлғайтуға мүмкіндіктері болып еді. Бірақ «Тараз Ж» қақпасына белгіленген қос пенальтиді де қақпашы шеберлікпен алып шықты. Өкінішке қарай, бұл қаһармандық алаң иелеріне тың күш бермей, 0:1 есебімен қызылордалықтар жеңіске жетті. «Қайсар-Шиелі» 3 матч қатарынан түзде жеңіске жетіп, турнир кестесінде 4-ші орынға шықты.


«Тұран Ж» - «Жас Қыран» 0:2

ГолдарСанжар Кабиров,  12 минут (0:1), Бахтишат Абдуллаев, 17 минут (0:2)

Маусым айын сәтсіз өткізген «Жас Қыран» командасы шілдеде турнирдің басты аутсайдеріне қонаққа барды. Нәтижесінде алматылықтар 17 минут ішінде жылдам 2 гол соғып, жеңімпаздың кім екендігі уақытынан бұрын белгілі болды. Екінші таймда «Жас Қыран» қорғанысқа мән беріп, өз қақпасын аман сақтап қалды.


AKAS - «Ордабасы Ж» 3:2

ГолдарСергей Гридин, 9 минут (1:0), Мұхтархан Сабдиров, 16 минут (2:0), Мұхтархан Сабдиров, 44 минут (3:0), Әлібек Халдар, 45 минут (3:1), Мұхаммед Сәдуақас, 65 минут (3:2)

Алаңнан қуылған: Керімхан Сейтімбет (AKAS), 90+1 минут

Өткен турда сырт алаңда «Мақтааралмен» тең түскен шымкенттіктер кезекті ойында топ басындағы AKAS-пен жолықты. Сергей Гридин бастаған алаң иелері бірінші таймның өзінде 3 гол соғып тастады. Екінші таймда қонақтар барын салғанымен, өткен аптадағыдай есепті теңестіруге шамалары жетпеді.


«Оңтүстік» «Атырау Ж» 5:0

ГолдарҚадырбек Асқар, 35 минут (1:0), Жавланбек Бабаназаров, 47 минут (2:0), Құдайберді Нарқұлов, 54 минут (3:0), Мағжан Тоқтыбай, 63 минут (4:0), Мағжан Тоқтыбай, 83 минут (5:0)

Алаңнан қуылған: Олег Солтанов («Атырау Ж»), 33 минут

Алаң иелері ойын басталасымен, қарсылас қақпасына лап қойды. Алайда бастапқы жарты сағатта бірде қақпашы, бірде қорғаушы гол кіруден аман сақтап қалды. Тек 33 минутта Олег Солтанов қақпашымен бірге-бір кетіп бара жатқан «Оңтүстіктің» футболшысын құлатып, алаңнан қуылды. 1 ойыншының азайғаны сол еді, алаң иелері бірден айып добын голға айналдырды.  Ал екінші таймда тіптен шабуылдарының көпшілігі нәтижелі аяқталды. Тіпті қосалқы құрамнан шыққан Мағжан Тоқтыбай дубль авторы атанып, 7 тур қатарынан гол соқты.


KazAST – «Іле-Алатау» 3:3

ГолдарМаксим Котов, 7 минут (0:1), Шахдияр Ботантаев, 13 минут (1:1), Артур Пискун, 17 минут (1:2), Арман Алтаев, 63 минут (2:2), Роман Павинич, 64 минут (2:3), Зураб Қасымов, 90 минутта пенальти (3:3)

2 тур бұрын ғана 3-ші орында тұрған «Іле-Алатау» дебютанттарды қалпақпен ұрып алады деп ойлағанбыз. Бірақ олай болмай шықты. Өз алаңында қызылордалықтарға таза 0:3 есебімен жеңілсе, енді KazAST командасымен ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Алаң иелері өткен турда ғана «Жас Қыраннан» 4:3 есебімен басым түскен болатын. Осы жолы да 3 ұпай алмаса да, фавориттен ұпай ала білді.


«Талас» - «Мақтаарал» 1:0

ГолМәди Батырхан, 82 минут (1:0)

«Мақтаарал» өткен турда өз алаңында «Ордабасы Ж» командасымен тең түсіп, ұпай жоғалтып еді. Сондықтан осы жолы қалайда болсын жеңіске жетуі тиіс болған. Оның үстіне қарсылас та мықтылардың қатарынан емес еді. Бірақ қағаз жүзінде айқын аутсайдер болған дебютант «Талас» командасы азулы қарсыласынан еш кем түспеді. Шабуылға шабуылмен жауап берді. Екінші таймда қарсылас қақпасының маңдайшасына да тигізді. Кейін 82 минутта Мәди Батырхан жеңіс голын соғып кетті. «Мақтарал» жанталасып, қақпашысы қарсыластың айып алаңына барса да, сол күйі есепті гол соға алмады. «Талас» небары 2-ші жеңісіне қол жеткізді.


«Солтүстік-Шығыс» конференциясы


«Жеңіс Жас» «Алтай Ж» - 4:0

ГолдарӘлихан Утешев, 45+1 минут (1:0), Батыхан Камариденов, 62 минут (2:0), Глеб Абдрахманов, 81 минут (3:0), Әлихан Утешев, 88 минут (4:0)

Стадион ауыстырғалы бері жеңістің дәмін татқан «Жеңіс Жас» командасы осы жолы күтпеген жерден «Алтай Ж» ұжымын ірі есеппен ұтып кетті. Бірінші таймның соңғы секундтарында бұрыштамадан гол соққаннан кейін, өскемендіктер екінші таймда есепті теңестіру үшін бар жанын салды. Бұл қорғаныстың әлсіреуіне әкеліп, алаң иелерінің қарымта шабуылына рұқсат беріп қойды. «Жеңіс Жас» өз сәттерін мүлт жібермей, маусымдағы екінші жеңістерін тойлады.


«Қызылжар Ж» - «Оқжетпес Ж» - 1:0

ГолАкрам Оруджев, 13 минут (1:0)

Алаңнан қуылған: Ерсұлтан Жаныбаев («Оқжетпес Ж»), 77 минут

3 тур бойы мықтылармен кездесіп, ұпай үлестіріп келген «Қызылжар Ж» футболшылары көш соңындағы көкшетаулықтарды қабылдады. Алаң қожайындары Акрам Оруджевтің көмегімен 13-ші минутта есеп ашты. Бұл есеп қалған уақытта өзгеріссіз қалды. Ал қонақтар сапынан екінші таймда бір футболшы қуылып, онсыз да жағдайы қиын «Оқжетпес Ж» бар мүмкіндігінен айырылды.


«Ертіс» - «Ақсу»2:0

ГолдарАрман Смаилов, 54 минутта пенальти (1:0), Тимур Байжанов, 90 минут (2:0)

Павлодар облысының командаларының тартысын тамашалауға 8 мың жанкүйер жиналды. Бірінші тайм аса қызықты сәттерге толы болмады. Екінші таймда алаң иелері пенальтидің арқасында есеп ашты. Қалған уақытта қонақтардың есепті теңестіруінен қарағанда «Ертістің» гол соғатын сәттері көп болды. Тек 90-шы минутта ғана Тимур Байжанов нүкте қойып, «Шахтер Ж» командасын 1 күн болса да, қуып жетті.


«Жетісу Ж» - «Шахтер Ж» - 0:1

ГолНикита Ковальчук, 38 минут (0:1)

Топ басындағы «Шахтер Ж» бірінші таймда қарсыласпен алма-кезек шабуылдармен алмасып, ақыры 38 минутта Никита Ковальчук гол соғып кетті. Бұл жалғыз гол қарағандылықтардың жеңіске жетуіне жеткілікті болды. «Жетісу Ж» екінші таймда айтарлықтай мүмкіндіктері де болмады. Оның үстіне «Шахтер Ж» осыған дейінгі 2 турда да гол жібермеген еді. Осы жолы қақпаларын аман сақтады.


SD Family Ж – «Астана Ж» 1:1

ГолдарАслан Ғабиден, 66 минут (0:1), Мейіржан Құрманов, 90+3 минутта пенальти (1:1)

Қос ұжымның да стадионы саналатын Sydykbek Arena-да SD Family Ж номинальды алаң иесі ретінде ойнады. Алайда матч «Астана Ж» командасының басымдығымен өтіп, екінші таймда гол соқты. Бұл гол алаң иелерінің белсенділігін арттырды. Нәтижесінде соңғы минуттарда пенальтимен есепті теңестіріп кетті. Осылайша, «Астана Ж» қос астаналық командамен де дәл осы стадионда тең тарқасуға мәжбүр болды. 


«Елімай Ж» «Тобыл Ж» 1:0

ГолҚуаныш Шаймарданов, 16 минут (1:0)

Алаңнан қуылғандарТимур Игубаев, 85 минут, Рахат Базарбаев, 89 минут (екеуі де «Тобыл Ж»)

Екінші лиганың соңғы ойыны Семейде өтті. Бұған дейін де «Елімай Ж» Павлодарда Ertis-ті жеңіп таңғалдырған еді. Сондықтан бұл матч қостанайлықтарға оңай болмайтыны алғашқы таймда-ақ білінді. Мықтыларға қарсы ерекше құлшыныспен ойнайтын «Елімай Ж» осы жолы да аянып қалмады. Турнир кестесінде әлдеқайда жоғары тұрса да, алаң иелері қарсыластан қарағанда 2 есе көп соққы бағыттады. Тіпті бірінші таймда жылдам гол соғып алды. «Тобыл Ж» командасы да лайықты жауап беруге тырысқанымен, дәлдік жағы жетіспеді. Бұл ұжым 90 минутта небары 2 ғана дәл соққы бағыттай алды. Ал алаң қожайындары қарымта шабуылда қауіп туындатқанымен, голға айналдыра алмады. Оның үстіне ереже де көп бұзылып, қостанайлықтар 9 футболшымен кездесуді аяқтауға мәжбүр болды.


Айта кетейік, QFL Екінші лигасының 12-ші тур ойындары 9-10 шілде күндері өтеді.