KZ
KZ RU
17 маусым 2024 10:20
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

11-ші тур қорытындысы: «Астана» өз алаңында жеңіске жете алмай келеді

17 маусым 2024 10:20

Екі апталық үзілістен кейін OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 11-ші турында «Астана» клубы кезекті рет өз алаңында ұпай жоғалтты.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 6 матчта 15 гол соғылды;

- 23 сары қағаз көрсетілді;

- «Атырау» 20 сәуірден бері қақпасына гол жібермей келеді;

- Өз алаңында 3 матч бойы жеңілмеген «Шахтердің» сериясы тоқтады.

 

«Шахтер» - «Атырау» - 0:3

Голдар: Педро Эуженио, 24 минут (0:1), Наурызбек Жагоров, 45+3 минут (0:2), Игорь Стасевич, 81 минут (0:3)

Екінші тур қатарынан Қарағандыға қонаққа барған «Атырау» кезекті рет 3 ұпайын еншіледі. Бірінші таймда қос клуб та беріспегенімен, Педро Эуженионың керемет айып соққысы қонақтарды алға шығарды. Артынша үзіліс алдында Наурызбек Жагоров та баспен есепті еселеді. Бұл голды төреші есепке алмағанымен, кейін VAR жүйесімен қайта қаралып, атыраулықтардың пайдасына шешілді. 0:2 есебі қонақтарды қанағаттандырып, екінші таймда барынша сақ ойнауға тырысты. Ал «Шахтер» көптеген шабуылдар ұйымдастырғанымен, дәл гол соғатындай мүмкіндіктері болмады. Ал ойынның нүктесін өткен кездесуде жеңіс әперген Игорь Стасевич қойды. Есеп: 0:3. Осылайша, алаң иелерінің 3 матчқа созылған жеңіліссіз сериясы тоқтады.

 

«Тобыл» - «Қайрат» - 1:0

Гол: Игорь Иванович, 31 минут (1:0)

Жаңа бас бапкерлерімен шыққан қос клуб аңдысып жатпай-ақ бірден өз жанкүйерлерінің сенімін ақтауға тырысты. Бірақ осы жолы сәттілік «Тобылдың» пайдасына берілді. Бірінші таймның бел ортасында Игорь Иванович қақпашымен бірге-бір шығып, өз мүмкіндігін пайдаланып кетті. Алматылықтар да қарап қалмады. Жоау Пауло, Элдер Сантана қақпаны нысанаға алып жатты. Тіпті қосалқы құрамнан шыққан Георгий Зария есепті теңестіруге жақын болған. Алайда оның соққысын қақпашы қайтарғанымен, шабуылды түйіндейтін футболшы табылмады. Есеп: 1:0.

 

«Қайсар» - «Тұран» - 1:1

Голдар: Артем Архипов, 13 минут (0:1), Валерий Громыко, 31 минут (1:1)

Соғылмаған пенальти: Дмитрий Бородин, 12 минут («Қайсар»)

«Қайсар» мен «Тұран» командалары өз тарихында үшінші рет кездесіп, барлығында тең тарқасты. Бұл матчта «Қайсардың» жеңуіне барлық мүмкіндіктері болғанымен, қолдана алмады. Алдымен Дмитрий Бородин пенальтиден мүлт кетсе, артынша қонақтар қарымта шабуылда есеп ашты. Бірақ жеңілістен үнемі құтқаратын Валерий Громыков 31-ші минутта тараз басын теңестірді. Дәл осы футболшы «Атырау» мен «Астанаға» гол соғып, «Қайсарға» ұпай сыйлаған болатын. Екінші таймда да «Қайсардың» үстемдігі байқалды. «Қайратқа» матчта қаһарман атанған Айбар Жақсылықов осы жолы бірге-бір шыққанымен, жеңісті тартып ала алмады.

 

«Жетісу» - «Жеңіс» - 2:2

Голдар: Владислав Прокопенко, 45+7 минут (0:1), Чарльстон Дос Силва, 83 минут (1:1), Ираклий Бидзинашвили, 88 минут (1:2), Максим Чиканчи, 90+4 минут (2:2)

Командалардың ойыны допқа таласумен басталып, ақыры 11-ші минутта «Жетісу» шабуылшысы Антон Шрамченко мен Беньямин Йертстрандтың қақтығысымен аяқталды. Салдарынан қос футболшы да алаңнан кетті. Бұл бірінші кезекте алаң иелеріне соққы болды. Өйткен дәл осы Антон бұған дейін Талдықорғанда екі мәрте командасына жеңіс әперген болатын. Ал есепті қорғаушылардың көз жазып қалу салдарынан «Жеңістің» ойыншысы Владислав Прокопенко ашты. Екінші таймда «Жетісу» ұзақ бойы шабуылдап, 83-ші минутта тараз басын теңестірді. Араға 5 минут салып, астаналықтар қайта алға шыққан. Дегенмен соңғы секундта айып алаңының ішінде қақпашы Арсен Сиукаев баспен Максим Чиканчиге нәтижелі пас беріп, командасын жеңілістен құтқарып қалды. Алайда тең нәтиже талдықорғандықтарды турнир кестесінде 7-ші орынға сырғытты.

 

«Елімай» - «Ақтөбе» - 2:2

Голдар: Жайро Жан, 25 минут (0:1), Никита Корзун, 45+2 минут (1:1), Максим Самородов, 78 минут (1:2), Давид Майком, 88 минут (2:2)

«Елімай» қарсыласы қанша мықты болса да, алғашқы минуттан жеңіске ұмтылып, шабуылға ден қойды. Бірақ есепті күтпеген жерден «Ақтөбенің» футболшысы Жайро Жан алыстан теуіп, қонақтарды алға шығарды. Ал алаң иелерінің құтқарушысы Никита Корзун бірінші таймның қосымша минутта қарымта гол соқты. Екінші таймда Максим Самородов қайта белсенгенімен, «Елімай» мінез көрсете білді. Осылайша, семейліктер өз алаңында кезекті рет жеңілмесе, «Ақтөбе» топ басындағы орнын сақтап қалды.

 

«Астана» - «Ордабасы» - 0:1

Гол: Еркебұлан Тұңғышбаев, 77 минут (0:1)

Ұлттық құрамаға ең көп футболшыларын жіберген қос клубтың физикалық жағдайы онша болмады ма, әйтеуір оқиғаға қатты бай болмады. Бірнеше соққы алмасқанымен, қауіп төндірер шабуылдар көп ұйымдастырылмады. Тек екінші таймның соңында Еркебұлан Тұңғышбаев баспен гол соғып, «Ордабасыға» жеңіс әперді. Өкінішке қарай, «Астана» 1 наурыздағы бірінші турынан бері әлі өз үйінде 3 ұпай алмады.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лиганың 12-ші тур ойындары 22-23 маусым күндері өтеді.