KZ
KZ RU
11 шілде 2024 07:30
ЕКІНШІ ЛИГА

12-ші тур қорытындысы:«Оқжетпес Ж» бірінші жеңісін тойлады

11 шілде 2024 07:30

9-10 шілде күндері QFL Екінші лигасының 12-ші туры өтіп, көкшетаулық «Оқжетпес Ж» командасы маусымдағы бірінші жеңістеріне қол жеткізді.

 

Қандай нәтижелер тіркелді?

- 12 ойында 36 гол соғылды.

- 46 сары қағаз көрсетілді.

- AKAS шабуылшысы Сергей Гридин 11 тур бойы қатарынан гол соғып келеді.

- «Оңтүстіктің» сұрмергені Мағжан Тоқтыбай 8 матч қатарынан қарсылас қақпасынан саңылау тапты.

- «Қайсар-Шиелі» маусымда екінші рет гол соқпады. Гол соқпаған қос матч та 0:0 есебімен аяқталған.

 

«Оңтүстік-Батыс» конференциясы

 

«Қайсар-Шиелі» - KazAST - 0:0

Бірінші айналымның соңғы 3 турын түзде өткізіп, барлығында жеңіске жеткен «Қайсар-Шиелі» командасы жоғарғы 4-орынмен аяқтаған еді. Енді екінші айналымды олар өз алаңында дебютант KazAST ұжымын қабылдады. Бірінші таймда-ақ қызылордалықтар есепте алға шығуға ұмтылғанымен, доп бірде қақпа бағанына, бірде қақпа маңдайшасынан қайтты. Қонақтарда көп мүмкіндік болмағанымен, екінші таймда қақпашымен бірге-бір шығып, айласын асыра алмады. Осылайша, «Қайсар-Шиелі» маусымда екінші рет гол соқпай, 0:0 есебімен тең тарқасты.

 

«Мақтаарал» - «Оңтүстік» - 0:1

Гол: Мағжан Тоқтыбай, 20 минут (0:1)

Екінші орын үшін бәсеке өте қызу өтеді. Оның бір дәлелі – бірінші айналымды 3 бірдей клуб 20 ұпаймен бірдей аяқтады. Ал екінші айналымды дәл осы ұпайлары бірдей «Мақтаарал» мен «Оңтүстік» өзара теке-тіресімен басталды. 3 ұпай командаларға ауадай қажет болғандықтан, алғашқы минуттан футболшылар қақпаны торуылдаумен болды. Өз алаңындағы басымдығын пайдаланғысы келген «Мақтаарал» бірнеше рет шабуыл жасап көргенімен, есепті қонақтар ашты. Осыған дейін 7 тур бойы мергендік танытып келген Мағжан Тоқтыбай қақпашымен бірге-бір шығып, өз сәтін пайдаланып кетті. Қалған уақытта «Мақтаарал» есепті теңестіруге ұмтылса, қонақтар сан мәрте қарымта шабуылдарын нәтижеге айналдыра алмады. 90 минут бойы командалар 31 соққы жасағанымен, 0:1 есебімен «Оңтүстіктің» пайдасына шешілді.

 

«Тұран Ж» - AKAS - 0:5

Голдар: Сергей Гридин, 51 минут (0:1), Арсений Мелещенко, 60 минут (0:2), Дамир Битүсіпов, 84 минут (0:3), Сергей Гридин, 87 минут (0:4), Валихан Тюлюпов, 90+2 минут (0:5)

Турнирдің басты аутсайдеріне қонаққа барған алматылықтар бірінші таймда қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Алайда екінші таймда Екінші лиганың басты сұрмерген Сергей Гридин есеп ашты. Бұл гол ірі жеңіске жол салып, AKAS 5:0 есебімен басым түсті.

 

«Ордабасы Ж» - «Іле-Алатау» - 1:3

Голдар: Шейхислам Құлахметов, 3 минутта пенальти (0:1), Өркен Нұрали, 60 минут (1:1), Артур Пискун, 78 минут (1:2), Шейхислам Құлахметов, 90+2 минутта пенальти (1:3)

«Іле-Алатау» клубы өткен турда қолда тұрған басымдығын жіберіп алған еді. Осы жолы да жеңіс оңай келмеді. Алғашқы минуттарда Шейхислам пенальтимен есеп ашқанымен, екінші таймда алаң иелері тараз басын теңестірді. Бірақ қонақтардың жеңісті тартып алуға күштері жетіп, қайта үштікке кіруге мүмкіндік алды.

 

«Атырау Ж» - «Талас» - 4:0

Голдар: Андрей Мачехин, 40 минут (1:0), Андрей Мачехин, 56 минут (2:0), Қошали Измуллаев, 82 минут (3:0), Ербұлан Қанат, 88 минут (4:0)

Өткен турда басты фавориттің бірі - «Мақтааралды» жеңіп кеткен «Талас» клубы сырт алаңда өзімен деңгейлес «Атырау Ж-ға» қонаққа барды. Өз жерінде мықты ойнағанымен, қаратаулықтар осы жолы түзде еш қауқар көрсете алмады. Салдарынан олар ірі жеңіліске ұшырап, атыраулықтардың басып озуына жол берді.

 

«Жас Қыран» - «Тараз Ж» - 1:0

Гол: Әмір Әлихан, 62 минут (1:0)

Қарсылас қақпасына гол соға алмай жүрген «Тараз Ж» командасы осы жолы қарсылас қақпасының кілтін таба алмады. Бірақ бұл ойындағы жеңіс «Жас Қыранға» қажет еді. Себебі, қарсыластардың ұпай жоғалтуы алматылықтардың жақындауына мүмкіндік беретін. Солай болды да... Екінші таймдағы Әмір Әлиханның дәл соққысы қақпа торында тулап, командасына жеңіс әперді.

 

«Солтүстік-Шығыс» конференциясы

 

«Оқжетпес Ж» - «Жеңіс Жас» - 2:1

Голдар: Бексұлтан Сәрсембаев, 17 минут (1:0), Мирас Қайратов, 57 минут (1:1), Александр Воронин, 90+1 минут (2:1)

Көш соңындағы командалардың теке-тіресінде «Жеңіс Жас» сәл ғана фаворит ретінде есептелді. Өйткені көкшетаулықтар бірінші айналымда жеңіске жетпеген жалғыз клуб еді. Сондықтан қонақтар үсті-үстіне шабуыл жасап, 3 ұпай алуға тырысты. Бір қызығы, «Жеңіс Жастың» осы маусымдағы бірінші жеңісі дәл осы «Оқжетпес Ж» ұжымына қарсы кездесуде тіркелген еді. Осы жолы сәттілік алаң қожайындарының жағында болып, соңғы минуттағы Александр Воронинның голы көкшетаулықтарға маусымдағы алғашқы жеңісті сыйлады.

 

«Жетісу Ж» - «Ертіс» - 0:6

Голдар: Александр Бовкун, 23 минут (0:1), Арман Смаилов, 57 минут (0:2), Арман Смаилов, 64 минут (0:3), Аспандияр Ержан, 76 минут (0:4), Руслан Есімов, 86 минут (0:5), Никита Боровский, 90+3 минут (0:6)

Бірінші айналымдағы командалардың ойынында «Ертіс» ұзақ уақыт бойы гол соға алмай қиналып еді. Осы жолы да бірінші тайм қарсыластың жарты алаңында өткенімен, павлодарлықтар 1 рет қана гол соға алды. Екінші таймда «Жетісу Ж» футболшылары ұзаққа шыдамады. Тәжірибелі қонақтардың тепкен доптары қайта-қайта голға айналып, 6:0 есебімен жеңіске жетті.

 

«Тобыл Ж» - «Астана Ж» - 1:1

Голдар: Нұрбек Байжанов, 73 минутта пенальти (1:0), Өміржан Омарбек, 89 минут (1:1)

Кейінгі кездесулерін сәтсіздеу өткізген «Тобыл Ж» командасы басты бәсекелестерінің бірі – «Астана Ж» командасын қабылдады. Бұл ойындағы жеңіс қостанайлықтарды 3-орынға шығаратын еді. Сондықтан қос ұжым да сақ ойнап, қателік жібермеуге тырысты. Тек екінші таймдағы пенальти «Тобыл Ж» футболшыларына жеңіс сыйлайтындай көрінген. Алайда соңғы минуттарда Өміржан Омарбек айып соққысын шебер орындап, тараз басын теңестіріп кетті.

 

«Шахтер Ж» - «Елімай Ж» - 3:1

Голдар: Максим Комиков, 5 минут (1:0), Руслан Тұтқышев, 51 минут (2:0), Максим Холод, 87 минут (3:0), Әділжан Сәрсембинов, 89 минут (3:1)

Маусым айында семейліктер «Ертіс» пен «Тобыл Ж» командасын ұтып, өздерімен санасу қажет екендігін көрсеткен еді. Сондықтан бірінші орында келе жатқан «Шахтер Ж» үшін бұл кездесу оңайға соқпасы анық еді. Тіпті Максим Комиковтың соққан жылдам голы да, қонақтардың меселін қайтармады. Бірінші таймның өзінде семейліктер қақпа бағанасына тигізіп, қарсыластан еш сескенбейтіндігін дәлелдеді. Екінші таймда «Шахтер Ж» есепті ұлғайтқаннан кейін, алаң иелерінің 3 ұпай алатын белгілі болды. Тіпті 89 минуттағы Әділжан Сәрсембиновтың жұбаныш голы ойын тағдырына еш әсер етпеді.

 

SD Family Ж – «Қызылжар Ж» - 1:2

Голдар: Бауыржан Ахаев, 46 минут (1:0), Жантөре Молдабаев, 61 минут (1:1), Руслан Пунько, 85 минут (1:2)

Өз алаңында жақсы ойнайтын SD Family Ж командасы бұл ойында жеңіске жеткенде, турнир кестесінде ТОП-3-ке кіретін еді. Алайда алаң иелері бірінші есеп ашқанымен, қолындағы басымдығын ұстай алмады. Қонақтар көп шабуыл жасамаса да, 2 дәл соққысы 3 ұпай алуға жеткілікті болды. Нәтижесінде «Қызылжар Ж» командасы 5-орынға көтерілді.

 

«Ақсу» - «Алтай Ж» - 2:1

Голдар: Бекжан Зыкырьянов, 24 минут (0:1), Родион Моисеев, 66 минут (1:1), Ерасыл Байдрахманов, 75 минут (2:1)

Өз алаңында қатарынан 2 матчта жеңіске жетіп, сәл жағдайын дұрыстап алған «Ақсу» командасы кезекті рет 3 ұпайға ие болды. Қонақтар бірінші таймда алға шыққанымен, «Ақсу» клубының сұрмергені Родион Моисеев     тараз басын теңестірді. Ал араға 9 минут салып, өскемендіктердің қақпашысы допты ұстай алмай, Ерасыл Байдрахмановқа гол соғуға мүмкіндік беріп қойды. Бұл жеңіс «Ақсу» клубының тағы да алға жылжуына әсер етті.

 

Айта кетейік, QFL Екінші лигасының 13-ші тур ойындары 16-17 шілде күндері өтеді.