KZ
KZ RU
24 маусым 2024 11:16
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

12-ші тур қорытындысы: Талдықорған да «Қайсардың» жеңіліссіз сериясына тосқауыл бола алмады

24 маусым 2024 11:16

OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 12 турының қорытындысы бойынша, «Қайсардың» жеңіліссіз сериясы 8 матчқа жетті.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 6 ойында 13 гол соғылды;

- 27 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды;

- «Астана» 2 тур қатарынан ескерту алмады;

- «Астана» 2 айдай уақыттан кейін жеңіске жете алды;

- «Атырау» OLIMPBET QFL Премьер-лигада 4 матч қатарынан қақпаларын аман сақтап келеді;

- «Елімай» OLIMPBET QFL Премьер-лигада кейінгі 4 матчты тең есеппен аяқтады;

- «Ақтөбе» осы маусымда бірінші рет Қобыланды батыр атындағы стадионда OLIMPBET QFL Премьер-лиганың ойынында 3 ұпай алды;

- «Ақтөбе» клубы ғана осы турда өз үйінде қарсыласынан басым түсті.

 

«Жетісу» - «Қайсар» - 1:2

Голдар: Валерий Громыко, 2 минут (0:1), Серікжан Мужиков, 21 минут (1:1), Руслан Юденков, 66 минут (1:2)

Соғылмаған пенальтилер: Серікжан Мужиков («Жетісу»), 40 минут, Валерий Громыко («Қайсар»), 58 минут

Алаңнан қуылған: Серікжан Мужиков («Жетісу»), 90 минут

«Жетісу» осы маусымда бірінші гол жіберсе, мүлдем жеңіске жетпеген екен. Осымен 3 тур қатарынан бірінші болып жіберіп, тек соңғы секундтарда ғана «Жеңістен» 1 ұпай алған болатын. Осы жолы «Қайсар» жылдам есеп ашты. Алаң иелерінің капитаны есепті теңестіріп қана қоймай, алға шығаруға да мүмкіндігі болды. Бірақ қақпашы сол жаққа бағытталған соққыны дәл тапты. Екінші таймда «Қайсардың» да пенальтимен гол соғатын сәті туындады. Алайда «Жетісу» қақпашысы да сол жаққа жасалған соққыны сәтті қайтарды. Алайда 10 минут өткен соң, Руслан Юденков шабуылды сәтті түйіндеп, қонақтардың жеңіліссіз сериясын одан әрі ұзартты. Ал «Жетісу» тараз басын теңестірмек тұрмақ, соңғы минуттарда 1 футболшыға кем аяқтады.

 

«Қызылжар» - «Астана» - 0:1

Гол: Эльхан Астанов, 70 минутта пенальти (0:1)

Сәуірден бері тұрақсыз ойнап келе жатқан командалар бұл матч өте маңызды еді. Өйткені жеңіс команданы тоқыраудан шығаруы мүмкін. Сондықтан қос ұжым да барын салды. Әсіресе «Қызылжардың» қақпашысы Вадим Петров бірнеше жақсы соққыларды қайтарып, алаң иелерін аман сақтап тұрды. Жанкүйерлер де қақпашыға қолдауларын білдірді. Бірақ матч барысында гол соға алмаса да, «Астана» 11 метрлік доппен бәрібір де жеңісті алып кетті. Осылайша, сәуір айынан бері жеңіске жете алмай келе жатқан «Астана» сәтсіздік сериясын тоқтатты.

 

«Атырау» - «Тобыл» - 0:0

Қос клуб жеребеге сәйкес, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогы мен OLIMPBET QFL Премьер-лигада жиі кездесіп жүр. Бірақ кейінгі 7 ойында тек қана бір ғана клуб гол соғып жүрген. Ал осы жолы тіпті гол кірмеді. «Тобыл» допты ұзақ ұстағанымен, «Атырау» да қарап қалмай, қауіпті соққылар жасады. Қақпа маңдайшасына да тигізді. Алайда санаулы күн бұрын ғана 4 голмен қуантқан алаң иелері осы жолы қақпа кілтін таба алмады. Бір қуаныштысы, алаң иелері 4 матч бойы өз қақпаларына гол жібермей келе жатыр.

 

«Жеңіс» - «Ордабасы» - 1:3

Голдар: Марин Беланчич, 16 минут (1:0), Дембо Дарбо, 45+1 минут (1:1), Режинальдо, 45+2 минут (1:2), Еркебұлан Тұңғышбаев, 81 минут (1:3)

Матч ел чемпиондарының толықтай бақылауымен өтсе де, есепті күтпеген жерден «Жеңіс» ашты. Айып соққысы барысындағы қарбаласты тиімді пайдаланған Марин Беланчич астаналықтар сапындағы екінші голын соқты. Бірақ қонақтар бірінші таймның қосымша минуттарында бірден қос голмен жауап қатты. Екінші таймда «Ордабасы» есепті сенімді түрде сақтап, Еркебұлан Тұңғышбаев өткен турдағыдай тағы да соңғы голмен ойынның нүктесін қойды.

 

«Ақтөбе» - «Шахтер» - 1:0

Гол: Дорни Ромеро, 70 минут (1:0)

«Ақтөбе» айқын фаворит болғанымен, қонақтар ұзақ уақыт бойы өте сауатты қорғанды. Алаң иелері көп соққы жасаса да, дәл соққы жағынан мәселе туындады. Тек екінші таймның бел ортасында Дорни Ромероның жеке шеберлігінің арқасында алыс тоғыздыққа жеңіс голын соқты. Қалған уақытта есеп өзгермей, «Ақтөбе» командасы бірінші рет Қобыланды батыр стадионында OLIMPBET QFL Премьер-лигадағы жеңістерін тойлатты.

 

«Тұран» - «Елімай» - 2:2

Голдар: Дмитрий Яшин, 33 минут (0:1), Антонио Яколич, 44 минут (1:1), Сергей Кейлер, 45+2 минут (1:2), Артем Дмитриев, 90+4 минут (2:2)

Алаңнан қуылған: Марко Николич («Тұран»), 61 минут

«Елімай» бірінші таймда-ақ үстемдік құрып, 2 гол соғып алды. Ал «Тұран» 90 минут бойы өзінен мықты қарсыласпен ойнаса да, дәл 2 соққы тең есеп үшін жеткілікті болды. Оның үстіне 61-ші минуттан бастап, «Тұран» бір футболшыға кем доп тепті. Бірақ бұл басымдылықты семейліктер пайдалана алмады. Соңғы минуттарда үнемі белсенетін «Елімай» осы жолы өздері қақпаларына доп жіберіп алды. Салдарынан «Елімай» 4 кездесу қатарынан тең есеппен аяқтауға мәжбүр болды.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 13-ші тур ойындары 29 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді.