KZ
KZ RU
25 шілде 2024 11:36
ЕКІНШІ ЛИГА

14-ші тур қорытындысы: AKAS клубының 10 матчқа жалғасқан жеңіс сериясы тоқтады

25 шілде 2024 11:36

23-24 шілде күндері QFL Екінші лигасының 14-ші туры аясында «Оңтүстік-Батыс» конференциясында топ басындағы AKAS клубы алматылық дербиде «Жас Қыранға» есе жіберді.

 

Қандай нәтижелер тіркелді?

- 12 ойында 37 гол соғылды;

- 48 сары қағаз көрсетіліп, 3 ойыншы алаңнан қуылды;

- AKAS клубы тура 3 айдан кейін өзге алматылық клубтан жеңіліс тапты;

- «Оңтүстіктің» сұрмергені Мағжан Тоқтыбай 11 матч қатарынан қарсылас қақпасынан саңылау тапты.

 

«Оңтүстік-Батыс» конференциясы

 

23 шілде

 

«Мақтаарал» - «Іле-Алатау» - 0:0

Соғылмаған пенальти: Шейхислам Құлахметов, 16 минут («Іле-Алатау»)

Өткен аптада «Мақтаарал» клубына қайта көңіл бөлініп, тек жоғары мақсаттарды көздейтіні жайлы ақпарат тараған еді. Себебі, бұл команда маусымды сәтті бастағанымен, кейінгі 3 матчта есе жіберіп, бірде-бір гол соға алмаған еді. Сәтсіздіктер «Мақтааралды» төменге де құлдилатып бара жатқан. Сондықтан осы маңызды матчта алаң иелері ұпай жоғалтпауға тиіс болған. Ал «Іле-Алатау» енді жеңілсе, 2-ші орындағы «Оңтүстікті» ұзатып алу қаупі болатын. Алайда 90 минут бойы командалар позициялық шабуылдар жасап, жеңіске жетуге тырысқанымен, 3 ұпай ешкімге бұйырмады.

 

«Қайсар-Шиелі» - «Атырау Ж» - 1:3

Голдар: Юсуф Сайдалиев, 15 минут (0:1), Қошали Измуллаев, 45 минут (0:2), Мақсат Жетпісбай, 50 минут (1:2), Аман Азамат, 74 минут (1:3)

Соғылмаған пенальти: Азат Серік, 90+3 минут («Қайсар-Шиелі»

Бірінші айналымды жоғары қарқында аяқтаған «Қайсар-Шиелі» екінші айналымда әзірше жолдары болар емес. Өз алаңында ұтыла бермейтін қызылордалықтар осы жолы «Атырау Ж» командасына есе жіберіп қойды. Бірінші таймды сылбыр өткізетін «Қайсар-Жас» алғашқы 45 минутта 0:2 есебімен жеңіліп тұрды. Ал екінші тайм бастала сала, алаң қожайындары бірден есепті қысқартып, қарсылас қақпасын нысанаға алумен болды. Алайда күтпеген жерден 74 минуттағы сирек шабуыл голмен аяқталып, «Атырау Ж» кездесу тағдырын шешті. Ал қосымша минутта белгіленген пенальтиді Азат Серік пайдалана алмай, қақпадан биік тепті.

 

«Талас» - «Тараз Ж» - 0:0

Қаратау қаласының стадионы дебютант «Талас» үшін қамалға айнала білді. Өткен турда олар бірінші орында келе жатқан AKAS-тан жеңілгенімен, айтарлықтай қарсылық көрсете білді. Сондықтан бұл ұжымды әлі қағаздан сызып тастауға ерте. «Тараз Ж» фаворит болғанымен, кездесу теңдей өтіп, алма-кезек алыстан соққы алмасуымен болды. Бірақ қақпашылар қателікке жол бермей, табло сол күйі өзгеріссіз қалды.

 

24 шілде

 

«Ордабасы Ж» - «Тұран Ж» - 2:0

Голдар: Хансұлтан Айту, 18 минут (1:0), Нұрбақыт Дәнехан, 90+7 минут (2:0)

QFL Екінші лиганың басты аутсайдері – «Тұран Ж» командасының маусымда бір ғана жеңісі бар. Олар бірінші айналымда өз алаңдарында күтпеген жерден «Ордабасы Ж» ұжымын 2:1 есебімен басым түскен болатын. Бұл кеткен есеге лайықты жауап қайтару және аутсайдерге қарсы 3 ұпай алу «Ордабасы Ж» үшін міндетті болатын. Солай болды да... Қонақтар 90 минут бірде-бір дәл соққы бағыттай алмады. Ал алаң қожайындары бірінші таймда есеп ашқанымен, тек 97-ші минутта ғана екінші әрі шешуші голды соға алды.

 

«Оңтүстік» - KazAST - 4:0

Голдар: Құдайберді Нарқұлов, 39 минут (1:0), Дінмұхамед Нышантай, 72 минут (2:0), Мағжан Тоқтыбай, 85 минут (3:0), Дінмұхамед Нышантай, 88 минут (4:0)

Командалардың бірінші айналымындағы теке-тіресінде «Оңтүстік» клубы 2 доп басымдығымен алда тұрса да, тең түсіп қалған еді. Сондықтан алаң иелерінің дебютанттарға қарсы жеке есебі болды. Бірақ алаң иелерінің қонақтарға салмақты қарайтындай тағы бір маңызды себеп болды. KazAST бір айдан бері жеңілмей, азулы «Жас Қыран» мен «Іле-Алатаудан» ұпай алған. Бірақ қонақтар осы жолы өзінен әлдеқайда мықты «Оңтүстікке» қарсы шыдас бере алмады. 1 сағаттан астам уақыт бойы 1 ғана доп айырмашылығымен есе жібергенімен, қалған уақытта жауапсыз тағы 3 гол жіберіп алды.

 

AKAS – «Жас Қыран» - 1:2

Голдар: Даниил Колядин, 11 минут (1:0), Автогол, 69 минут (1:1), Бахтишат Абдуллаев, 90+1 минут (1:2)

«Оңтүстік-Батыс» конференциясының айқын фавориті — AKAS кезекті турда алматылық «Жас Қыранмен» дерби өткізді. Қос клубтың да үйіндегі алаңы дәл осы стадион саналғандықтан, кімнің жеңімпаз болатынын алдын-ала айту қиын еді. Өйткені бірінші айналымдағы кездесуде АKAS тек соңғы минуттарда ғана жеңісті жұлып алды. «Жас Қыран» ұжымы да кейінгі 3 матчта ұпайдан шашау шығармай, жоғары дайындықпен келді. Олар бұған дейін дебютант «Қайсар-Шиелі», KazAST сынды командаларды жеңіп тұрса да, қолда тұрған басымдығын уысынан шығарып алған. Егер жинақылық танытқанда, бәлкім қазір турнир кестесінің 2-орынында тұрар ма еді...

Матчта Даниил Колядин жылдам есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. Есепте алда тұрғанымен, қос клуб та айтарлықтай басымдыққа ие болмады. Алма-кезек шабуылдармен алмасып, қонақтар барынша үздік сұрмерген Сергей Гридинді тұсап ұстаумен болды. Екінші таймда «Жас Қыран» алға ұмтылып, тізгінді қолдарына алды. 69-шы минутта қарсылас қақпасына жасалған кезекті қысымның арқасында олар автоголмен тараз басын теңестірді. Тең есеп клубтарды қанағаттандырмай, жеңіс үшін барын салды. Дерби болғандықтан, қос тарап әр доп үшін аянып қалмай, 10 бірдей сары қағаздың көрсетілгенін де айта кету керек. Кездесу тең есеппен аяқталатындай көрінген. Алайда соңғы минуттарда Бахтишат Абдуллаев көзге түсіп, «Жас Қыранға» маңызды 3 ұпай сыйлады.

 

«Солтүстік-Шығыс» конференциясы

 

23 шілде

 

«Оқжетпес Ж» - «Жетісу Ж» - 0:3

Голдар: Ильяр Ганиев, 13 минут (0:1), Бақберген Құдайберген, 37 минут (0:2), Бақберген Құдайберген, 46 минут (0:3)

Талдықорған жастары өз алаңында «Оқжетпес Ж» футболшыларымен үнемі қиналып ойнағанымен, қонақта сәтті сериясын жалғастырып келеді. Осы жолы да «Жетісу Ж» командасы шабуыл мен қорғаныста сауатты ойнап, 3 ұпайды еш қиналыссыз алды.

 

«Жеңіс Жас» - «Астана Ж» - 0:6

Голдар: Тимур Төкенов, 32 минут (0:1), Нұрали Жақсылық, 37 минутта пенальти (0:2), Нұрали Жақсылық, 53 минут (0:3), Арман Варданян, 73 минут (0:4), Нұрали Жақсылық, 77 минут (0:5), Дамир Елубаев, 90+2 минут (0:6)

Бірінші айналымда «Астана Ж» командасы «Жеңіс Жас» ұжымын әрең жеңіп, соңғы минуттарда тең түсіп қала жаздап еді. Сондықтан елордалық белді клубтың жастары ойын тізгінін өз қолдарына алып, соңғы минутқа басымдылық танытты. Нәтижесінде «Астана Ж» сенімді жеңіске жетіп, 2-орында тұрған «Ертісті» өкшелеп келеді.

 

24 шілде

 

«Қызылжар Ж» - «Шахтер Ж» - 0:3

Голдар: Александр Васюнькин, 56 минут (0:1), Даниял Таханов, 67 минут (0:2), Аңсар Алтынхан, 88 минут (0:3)

Алаңнан қуылғандар: Александр Борисов, 36 минут («Шахтер Ж»), Акрам Оруджев, 62 минут және Бауыржан Сайранов, 70 минут (екеуі де «Қызылжар Ж»)

«Қызылжар Ж» футболшылары жоғары орындарға үмітті болмағанымен, кей сәттерде қарсыластың осалдығын пайдаланып кетуге әзір. Мысалы, 2023 жылы Петропавлдағы матч алаң иелерінің пайдасына шешілген. Ал қарағандылықтар әр ойынға толық жауапкершілікпен қарап келеді. Өйткені 1-орында тұрғанымен, арттағы «Ертіс» клубы кез келген сәтте қуып жетуі мүмкін. Осы ойында да «Шахтер Ж» бірінші таймда қарсылас қақпасына гол соқпағанымен, өз мүмкіндіктерін екінші таймда нәтижеге айналдыра білді. «Қызылжар Ж» командасынан 2 футболшының қуылуы қонақтарға жеңісті есепті одан әрі сақтауды жеңілдетті.

 

«Алтай Ж» - «Ертіс» - 1:3

Голдар: Арман Смаилов, 17 минут (0:1), Темірлан Масалимов, 50 минут (1:1), Арман Смаилов, 52 минут (1:2), Арман Смаилов, 58 минут (1:3)

«Алтай Ж» командасының бұған дейін өз алаңында біршама мықтыларды жеңгені көпшілікке мәлім. Осы жолы оларға атақты «Ертіс» келгенімен, өскемендіктер еш қорықпады. Тек қорғаныстағы қателіктерді қонақтар кешірмеді. Әсіресе Арман Смаиловтың керекті жерден табылуы, допты шебер тебуі павлодарлықтарға кезекті жеңісті сыйлады.

 

SD Family Ж – «Елімай Ж» - 2:3

Голдар: Данил Даниленко, 20 минут (0:1), Автогол, 29 минут (0:2), Тамерлан Асқар, 46 минут (1:2), Данил Даниленко, 56 минут (1:3), Тимур Қуантаев, 90+1 минут (2:3)

Алаң иелері бұл матчта фаворит болғанымен, бірінші тайм толықтай «Елімай Ж» командасының басымдығымен өтті. Жоғары шептегі футболшылардың прессингі, бұрыштамалар астаналық ұжымдардың құтын қашырды. Салдарынан қателікке жол беріп, бірінші таймның өзінде 2 допқа есе жіберді. Екінші таймның алғашқы минутындағы гол SD Family Ж командасына үміт сыйлағандай көрінген. Бірақ семейліктер тез арада қайта есептегі басымдығын арттырып, жеңісті есепті ұстап қалды. Тіпті қосымша минуттағы гол кездесу тағдырына еш әсер етпеді.

 

«Ақсу» - «Тобыл Ж» - 3:0

Голдар: Замир Нұрғалиев, 8 минут (1:0), Владислав Богданов, 60 минут (2:0), Замир Нұрғалиев, 90+4 минут (3:0)

Алаңнан қуылған: Нұрлан Байжанов, 90+6 минут («Тобыл Ж»)

«Ақсу» клубы екінші айналымды сәтті өткеріп келеді. Бұндай ойын өрнегі басты фаворит «Ертіске» қарсы матчта-ақ байқалған болатын. Сол ойында олар жеңілгенімен, лайықты қарсылық көрсете білді. Содан бері команда 2 матч қатарынан 3 ұпай алды. Бұл кездесуде «Тобыл Ж» турнир кестесінің жоғары орынында тұрса да, физикалық жағынан кемшілдеу болды. Өйткені қостанайлық жастар өткен аптада 1XBET QFL Лига кубогы аясында «Қайсарға» қарсы тәжірибе алмасты. Әсіресе павлодарлық клубтың басымдығы екінші таймда көрінді. Өкінішке қарай, қостанайлықтар бірнеше соққылар жасағанымен, гол соғатындай сәттері мүлдем аз болды. Есеп: 3:0.

 

Айта кетейік, QFL Екінші лигасының 15-ші тур ойындары 30-31 шілде күндері өтеді.