KZ
KZ RU
19 шілде 2024 20:59
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

16-шы тур қорытындысы: 3 айдан кейін «Ақжайық» бірінші жеңісіне жетті

19 шілде 2024 20:59

17-19 шілде күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 16-шы турында «Ақжайық» клубы өз алаңында күтпеген жерден SD Family-дан басым түссе, «Оқжетпес» сырт алаңдағы маңызды ойында 3 ұпай алып кетті.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 7 ойында 15 гол соғылды;

- 25 сары қағаз көрсетіліп, 1 ойыншы алаңнан қуылды;

- «Оқжетпес» 7 матч бойы қақпасына гол жібермеді;

- «Ақжайық» тек 16-шы турда бірінші жеңісіне жете алды;

- «Ұлытаудың» жаңа ойыншысы Шыңғыс Флюк 3 кездесуде де көзге түсті;

- SD Family бірінші айналымдағы ең көп гол соққан команда ретінде танылды;

- «Алтай» тізгінін ұстаған Вахид Масудов бірінші жеңісіне қол жеткізді.

                                                                                                                                         

«Ақжайық» - SD Family - 2:1

Голдар: Сұлтан Сағнаев, 48 минут (0:1), Айбар Ахмет, 55 минут (1:1), Виктор Грабко, 58 минут (2:1)

Қағаз жүзінде SD Family айқын фаворит саналып, қонақта қарсыласын қалпақпен ұрып алады деп болжанған еді. Өйткені астаналықтар кейінгі матчта фавориттерді жеңіп, турнир кестесінің бас жағына ұмтылып келсе, «Ақжайық» жеңілістен көз ашпай келе жатқан. Бірінші таймда-ақ командалар қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, алма-кезек қақпашымен бірге-бір шығумен болды. Бірақ мүмкіндіктер голға айналмады. Екінші тайм бірден қонақтардың жылдам гол соғуымен басталды. Алайда басымдық ұзақ уақыт сақталмады. Алдымен Айбар Ахмет 20 метрден астам қашықтықтан әдемі соққы жасап, есепті теңестірсе, араға 3 минут салып, Виктор Грабко қақпашымен жеке қалған сәтті тиімді пайдаланды. Қалған уақытта клубтар 100 пайыздық мүмкіндіктерді туындатқанымен, соққылар қақпаға дарымай қойды. Нәтижесінде күтпеген жерден «Ақжайық» командасы 3 ұпайға ие болды.

 

«Тараз» - «Хан-Тәңірі» - 0:1

Гол: Әлішер Рахымжанов, 75 минут (0:1)

«Тараз» клубы құрамы жағынан өздерінен мықты ұжыммен кездессе де, жасыл алаңда қос команда да бір-бірінен кем түспеді. Тіпті алаң иелері бірнеше дәл соққыларымен Андрей Пасеченконың мазасын алумен болды. Осындай сәтте тәжірибелі қақпашының көмегі аса қажет екендігі түсінікті. Сондықтан да алматылықтардың қақпашысы 90 минут бойы еш қобалжымай, командасын құтқарумен болды. Екінші таймда «Хан-Тәңірі» алаңда өзгерістер жасап, ойын тағдырын өзгертуге тырысты. Нәтижесінде 62-ші минутта қосалқы құрамнан шыққан Павел Кривенцевтың соққысы қақпа маңдайшасынан қайтқанымен, Әлішер Рахымжанов қажет жерден табыла кетіп, гол соғып кетті.

 

«Каспий» - «Оқжетпес» - 0:1

Гол: Алияр Мұхамед, 80 минут (0:1)

Бұл ойынның тағдыры қос тарапқа да өте маңызды еді. «Оқжетпес» жеңіске жетсе, басты қарсыласынан қара үзіп кетуне мүмкіндік туындаса, «Каспийдің» жеңісі қайта жолдамаға таласатындардың командалардың қатарына қосар еді. Сондықтан қос клуб барынша сақ ойнап, қателік жібермеуге тырысты. Ал теңдей матчта барлығын кез келген майда дүниелер шешетіндігі түсінікті. Нәтижесінде 80 минутта алаң ортасынан асырылған жылдам пасқа «Каспий» қорғаушылары дайын болмай, Алияр Мұхамедтен көз жазып қалды. Жеңіс голын соққан Алиярдың бұл «Оқжетпес» сапындағы бірінші ресми ойыны. Бұған дейін ол «Жетісу» клубында доп келген болатын.

 

«Қайрат-Жастар» - «Ұлытау» - 2:1

Голдар: Глеб Валгушев, 30 минут (1:0), Мирам Сапанов, 57 минут (1:1), Рамазан Бағдат, 92 минут (2:1)

3 мамырдан бері өз алаңында қарсыластарына тіпті 1 ұпай бермей келген «Қайрат-Жастарға» турнир кестесінің жоғарғы сатысында келе жатқан «Ұлытау» қонаққа келді. Жезқазғандықтардың кейінгі 3 матчта 2 жеңіс, 1 тең нәтижеге қол жеткізгенін ескерсек, алматылықтарға 3 ұпай алу қиынға соғатыны сөзсіз еді. Бірақ «Қайрат-Жастар» ысқырық шалынысымен, ойын тізгінін өз қолдарына алды. Креативті шабуылдармен қарсылас қақпашысының құтын қашырумен болды. Осы орайда «Ұлытау» қақпашысының көп жағдайда соққыны ұстамай, қайтаруы жағдайды одан әрі шиеленістірді. Нәтиже де ұзақ күттірмеді. 30 минутта Глеб Валгушев сол қапталдан асырылған допты қақпаға енгізді. Ал екінші таймда «Ұлытау» да бұрыштамадан ұйымдастырылған шабуылды сәтті аяқтай алды. Тең есеп алаң иелерін қанағаттандырмады. Сондықтан олар соңғы минутқа дейін барын салып, қосымша минутта діттеген мақсаттарына жетті.

 

«Қайсар Жас» - «Түркістан» - 2:1

Голдар: Нұрдәулет Әмірбек, 45+2 минут (1:0), Жасұлан Ержігіт, 50 минут (1:1), Темірлан Мурзағалиев, 83 минут (2:1)

Алаңнан қуылған: Өркен Махан, 61 минут («Қайсар-Жас»)

1 жарым айдан бері жеңістің дәмін татпай келген «Қайсар Жас» командасына қолайлы қарсылас тап келді. Олай деуге бірінші айналымда қызылордалықтардың «Түркістан» қақпасына толассыз шабуылдауын айтуға болады. Осы жолы командалар бірінші таймда бір-біріне соққы жасауға мүмкіндік берді. Алаң иелері екінші қабатта басымдыққа ие болғанымен, ұтымды сәттерді пайдалана алмады. Қонақтар болса, алыстан соққы бағыттап тұрды. Осылай бірінші тайм тең есеппен аяқталуға жақын тұрған. Бірақ соңғы секундтарда Нұрдәулет Әмірбек «Қайсар Жас» командасын алға шығарды. «Түркістан» футболшылары да ұзақ күттірмеді. 50-ші минутта-ақ Жасұлан Ержігіт керемет асырылған допты баспен қақпаға бағыттап, тараз басын теңестірді. 61-ші минутта «Қайсар Жас» футболшысы Өркен Махан екінші рет тәртіп бұзып, алаңнан қуылып кетті. Бұл басымдықты қонақтар өз игілігіне жарата алмай, тіпті 1 ұпай да ала алмады.

 

«Арыс» - «Алтай» - 0:1

Гол: Супьян Масудов, 85 минут (0:1)

Бірінші айналымда «Арыс» клубы сырт алаңда фаворит ретінде барып еді. Енді «Алтай» қағаз жүзінде 3 ұпай алады деп болжанды. Себебі, «Арыс» 7 матч бойы жеңілістен көз ашпай келе жатыр еді. Әрі турнир кестесінде көш соңында тұрған. Керісінше «Алтай» бірінші айналымның ортасында қалыпқа келіп, бірнеше матчқа созылған жеңіліссіз сериясының арқасында турнир кестесінің ортасына дейін көтерілген болатын. Чемпионатта онсыз да аз гол соғатын қос ұжымның тартысы тек бір ғана дәл соққымен шешілді. QFL Екінші лигасында «Іле-Алатау» сапында доп теуіп келген 18 жастағы Супьян Масудовтың 85-ші минуттағы дәл соққысы қақпа торынан табылды. Нәтижесінде бас бапкер Вахид Масудов 3 аптадан кейін ғана «Алтай» сапында бірінші жеңістерін тіркеді.

 

«Жетісай» - «Ақтөбе Ж» - 2:1

Голдар: Рамазан Абылайхан, 14 минут (1:0), Аян Байдавлетов, 26 минут (1:1), Өміржан Омарбек, 69 минут (2:1)

«Ақтөбе Ж» командасы өткен турда өз алаңында фаворит саналған «Каспийден» басым түскен соң, кіммен болса да, ойнауға болатынына көз жеткізді. Сондықтан олар қонақта доп тепсе де, «Жетісайдан» еш кем түспеді. Бастапқы минуттар теңдей өтті. Тек 14-ші минутта оң қапталдан асырылған пасқа ақтөбеліктердің 2 футболшысы жете алмай, өрескел қателікке жол берді. Өз кезегін Рамазан Абылайхан дәл ыңғайлы оң аяғына келген допты қақпаға оңай сүңгіте салды. Бірақ бұл гол қонақтарын сағындырмады. Араға 12 минут салып, Аян Байдавлетов қорғаушылар арасынан сытылып шығып, айып алаңы сыртынан соққы жасады. Бұл соққыға «Жетісай» қақпашысы дайын болмады. Екінші таймда алаң иелері бірден өзгеріс жасап, 3 ұпай алу үшін ойын басымдығын қолдарына алуға ұмтылды. Нәтижесінде команда сапында бірінші кездесуін өткізген Өміржан Омарбек допты шиыра теуіп, жетісайлықтарға жеңіс әперді. Жалпы матч қақтығыстарға толы болып, қос ұжым да еш беріскісі келмеді. Есеп: 2:1.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 17-ші тур ойындары 25-26 шілде күндері өтеді.