KZ
KZ RU
26 шілде 2024 22:17
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

17-ші тур қорытындысы: «Қайрат-Жастар» ірі жеңіске қол жеткізді

26 шілде 2024 22:17

25-26 шілде күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 17-ші турында SD Family мен «Қайрат-Жастар» матчында 9 гол соғылды.

 

Қандай жайттар тіркелді:

- 7 ойында 25 гол соғылды;

- 11 сары қағаз көрсетіліп, 1 ойыншы алаңнан қуылды;

- «Оқжетпес» клубының 7 матч бойы гол кіргізбеген сериясы тоқтады;

- «Оқжетпес» пен «Екібастұз» клубтары шілде айындағы барлық матчтарында жеңіске жетті;

- SD Family«Қайрат-Жастар» матчында қос клуб та ойын барысында қақпашыларын ауыстырды.

 

«Екібастұз» - «Хан-Тәңірі» - 2:1

Голдар: Мирас Тұрлыбек, 13 минут (1:0), Әлішер Рақымжанов, 71 минут (1:1), Даниял Какенов, 83 минут (2:1)

Алаңнан қуылған: Әлішер Рақымжанов, 85 минут («Хан-Тәңірі»)

Құрамы жағынан мықты болса да, бірінші айналымды сәтсіз аяқтаған «Екібастұз» клубы трансфер кезінде құрамын күшейтіп алды. Нәтиже де көп күттірмеді. Шілде айындағы барлық 3 матчта «Екібастұз» 9 ұпайға ие болды. Матчтың алғашқы минуттары фаворит саналған «Хан-Тәңірінің» басымдығымен өтті. Олар 5-ші минутта-ақ оңтайлы мүмкіндіктерін голға айналдыра алмады. Бұл сәттен кейін алаң иелері шабуылға шығып, жаңадан қосылған Диас Орынбасардың сол қапталдан асырған керемет пасын Мирас Тұрлыбек сәтті қолданды. Бұл гол «Екібастұзға» басымдық беріп, қалған уақытта есепті еселейтін мүмкіндіктердің санын да арттырды. Екінші таймда алматылықтар қарқынды арттырып, есепті теңестірді. Гол авторы – «Алтайдан» ауысып, 3 матчта 2 гол соққан Әлішер Рақымжанов. Алайда тең есеп ұзақ сақталмады. 83 минутта қорғаушылардың өрескел қателігі алматылықтарды 1 ұпайдан да айырды.

 

«Оқжетпес» - «Арыс» - 7:1

Голдар: Нияз Ыдырысов, 9 минут (1:0), Дәурен Жұмат, 15 минут (2:0), Дмитрий Мирошниченко, 52 минут (3:0), Ерсайын Бегалы, 65 минут (3:1), Рауль Аллахвердиев, 70 минут (4:1), Батырхан Тәжібай, 77 минут (5:1), Әлихан Серікбай, 85 минут (6:1), Батырхан Тәжібай, 90+2 минут (7:1)                               

Өте жақсы формада келе жатқан «Оқжетпес» клубы өз үйіндегі кезекті ойында «Арысты» талқандап тастады. Көкшетаулықтар 90 минут бойы дамыл таппай, қарсылас қақпасын аңдумен болды. Екінші тайм басында-ақ кездесудің тағдыры шешілгенімен, қосалқы құрамнан шыққан Батырхан Тәжібай дубль авторы атанса, «Жеңіс Жас» командасынан ауысқан талантты жас футболшы Рауль Аллахвердиев дебютті матчында көзге түсті. Алаң иелері ірі жеңіске қол жеткізгенімен, 2 айға жуық гол жібермеген сериясын сақтай алмады.

 

«Қайсар Жас» - «Жетісай» - 0:0

Өз алаңында кез келген қарсыласқа қарсылық көрсететін «Қайсар Жас» командасы кезекті турда турнирдің жоғары сатысындағы «Жетісайды» қабылдады. Қос ұжым да жеңіс үшін аянып қалмады. 90 минут бойы алма-кезек 33 соққы алмасты. Бірақ өкінішке қарай, жанкүйерлер гол көре алмады. Алайда алаң иелері екінші таймда жеңіске бір табан жақын болды. Кездесу барысындағы жел де доптың бағытын өзгертіп, голдың куәсі болуға кедергі жасады.

 

«Ұлытау» - «Каспий» - 0:0

«Каспий» клубының 1XBET QFL Лига кубогында OLIMPBET QFL Премьер-лиганың 2 ұжымынан айласын асырып, біраз сенсация жасаған еді. Сол сәтте 42 жастағы қақпашы Александр Мокин қаһармандық танытып, командасын бірнеше голдан аман сақтаған болатын. Осы жолы «Каспий» ардагер футболшыға сенім артты. Алайда тек ақтаулықтар ғана емес, «Ұлытаудың» да қақпашысы бұл ойында сыр алдырмады. Ұпайы тең командаларға жеңіс ауадай қажет болғанымен, қос ұжым да 0:0 есебімен тарқасуға мәжбүр болды.

 

SD Family – «Қайрат-Жастар» - 3:6

Голдар: Олжас Байбек, 7 минут (0:1), Аруп Саутов, 32 минут (0:2), Александр Мрынский, 48 минут (0:3), Рамазан Бағдат, 50 минут (0:4), Шадман Бакиров, 59 минут (1:4), Шадман Бакиров, 61 минут (2:4), Рамазан Бағдат, 67 минут (2:5), Әнуар Төлепберген, 72 минут (2:6), Артур Дадаханов, 87 минут (3:6)

1XBET QFL Бірінші лигасында ең көп гол соққан қос ұжымнан көрермен біршама дүние күткені анық еді. Себебі, Алматыдағы кездесуде командалар 3:3 есебімен тең тарқасқан. Осы жолы да футболшылар көрермендерді голға қарық қылды. SD Family трансфер кезеңінде қақпашы позициясын нығайтып, осы ойынға «Ұлытаудан» ауысқан Алмасхан Сауырбай сенім артқан. Бірақ үміт ақталмады. Қос команда да қақпаға тура 10 соққы алмасқанымен, алматылықтар өз мүмкіндігін 2 есеге артық пайдаланды. Бір ерекшелігі – клубтар ойын барысында қақпашыларын ауыстыруға мәжбүр болды.

 

«Ақтөбе Ж» - «Алтай» - 0:2

Голдар: Илья Лапшин, 6 минут (0:1), Асылбек Сейітқалиев, 27 минут (0:2)

Қонақтар алғашқы минуттан ойын тізгінін қолдарына алып, 1-ші минутта-ақ есеп ашуға жақын болды. Дамылсыз шабуыл ақыры өз нәтижесін беріп, «Алтай» клубы бірінші таймның өзінде бар мәселесін шешіп тастады. Бұған дейін ерік-жігер танытып келген «Ақтөбе Ж» футболшыларының осы күні бақтары жанбай, 90 минутта бірде-бір дәл соққы жұмсай алмады.

 

«Ақжайық» - «Тараз» - 1:2

Голдар: Абзал Мұқанбетжанов, 16 минут (0:1), Роман Чирков, 56 минут (1:1), Ұлықбек Хайтмуратов, 69 минут (1:2)

Қос команда осы маусымда үшінші рет кездесті және барлығында «Тараз» футболшылары жеңісті тойлады. Алайда чемпионат аясында өткен осы ойын қонақтарға оңайға соқпады. Жамбылдықтар есепті бірінші ашқанымен, екінші таймда алаң иелерінің жеңісті жұлып алатындай біршама сәттері болды. Абырой болғанда Иван Антиповтың бос қақпаға тепкен добы «Тараз» қорғаушысына тиіп, гол кірмей қалды. Ал 69-шы минутта Ұлықбек Хайтмуратовтың алыстан тепкен айып добына «Ақжайық» қақпашысы дайын болмай, кезектік жеңілісіне ұшырады.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 18-ші тур ойындары 1-2 тамыз күндері өтеді.