KZ
KZ RU
22 шілде 2024 07:40
1ХВЕТ ЛИГА КУБОГЫ

1XBET QFL Лига Кубогының жартылай финалистері анықталды

22 шілде 2024 07:40

19-21 шілде күндері аралығында 1XBET QFL Лига Кубогының шешуші 3-ші тур ойындары өтіп, жартылай финалға шыққан 4 клуб белгілі болды.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 8 ойында 31 гол соғылды;

- «Қайрат» клубының шабуылшысы Жоао Пауло 4 голмен сұрмергендер тізімін бастап тұр;

- Трансфер кезінде команданы толықтырған 4 жаңа футболшы қанжығаларын майлады;

- 34 ескерту беріліп, 2 ойыншы алаңнан қуылды;

- «Елімай» клубы араға 1 ай салып, ресми матчта жеңіске жетті;

- 1XBET QFL Бірінші лигасының өкілі «Каспий» жаңа турнирде жоғарғы лиганың 2 клубынан басым түсті;

- Соңғы турда «Ақжайық», «Қайсар» клубтары бірінші жеңістеріне жетсе, «Тұран» ұжымы алғашқы ұпайын алды;

- Бірде-бір клуб 100% нәтиже көрсете алмады.

 

«Шахтер» - «Астана» - 2:4

Голдар: Евгений Козлов, 6 минут (1:0), Чинеду Чарльз Джеффери, 13 минут (1:1), Чинеду Чарльз Джеффери, 30 минутта пенальти (1:2), Рохер Каньяс, 36 минут (2:2), Назми Грипши, 48 минут (2:3), Чинеду Чарльз Джеффери, 78 минут (2:4)

Конференция лигасын бастайтын «Астана» клубы өз ойынын ерте бастауды жөн көрді. Трансфер кезінде жаңадан алған футболшыларына мүмкіндік беріп, тәжірибе де жинады. Бірақ матчта «Шахтердің» керемет комбинациялық шабуылының арқасында енді ғана команданы толықтырған Евгений Козлов есеп ашты. Қонақтар да қарап қалмай, 30 минуттың ішінде тараз басын өз жағына бұрып алды. Ал 36 минутта Рохер Каньяс айып соққысын керемет орындап, есепті 2:2-ге теңестірді. Екінші таймда Косово чемпионатында 15 гол соққан Назми Грипши шеберлігінің арқасында қайта қонақтарды алға шығарды. Қарағандылықтар лайықты шабуылмен жауап қайтаруға тырысқанымен, 78 минуттағы өрескел қателік кездесу тағдырын шешіп тастады. Қарсыластарынан күні бұрын ойнағанымен, «Астана» клубының топтық кезеңде бірінші орын алатыны күмәнсіз болды.

 

«Каспий» - «Жетісу» - 2:1

Голдар: Санат Жұмаханов, 17 минут (1:0), Бағдаулет Көңлімқос, 67 минут (2:0), Данияр Үсенов, 71 минут (2:1)

Алаңнан қуылған: Дамир Марат, 75 минут («Каспий»)

Шілде айы «Каспий» үшін өте сәтсіз басталып, 4 матч қатарынан есе жіберді. Салдарынан жаңа турнирде плей-оффқа шығу мүмкіндігі төмендесе, чемпионатта көшбасшылық орынынан айырылып қалды. Сәтсіздіктер үшін бас бапкер Владимир Никитенко қызметінен босатылды. Сондықтан бұл матчқа бас бапкердің міндетін атқарушы ретінде Жасұлан Оймағанбетов алып шықты. Құрамы жағынан әлдеқайда мықты «Жетісу» клубы басымдыққа ие болғанымен, есепті алаң иелері ашты. Қонақтар есепті теңестіруге тырысқанымен, 42 жастағы қақпашы Александр Мокин қажет жерден табылып, барлық қауіпті соққыларды қайтарды. Екінші таймда да «Жетісу» шабуылдар ұйымдастырғанымен, ақтаулықтар 1 ғана дәл соққымен есепті арттырды. Тіпті Данияр Үсеновтың қарымта голы мен «Каспий» футболшысының қуылуы қалған уақытта жеңісті есепті сақтауға кесірін тигізбеді.

 

«Тұран» - «Ордабасы» - 2:2

Голдар: Дембо Дарбо, 1 минут (0:1), Самат Жарынбетов, 5 минут (0:2), Антонио Яколич, 25 минут (1:2), Батыр Мұқашев, 43 минут (2:2)

Алаңнан қуылған: Артем Дмитриев, 50 минут («Тұран»)

Чемпиондар лигасындағы алғашқы айналымын сәтсіз өткергенімен, ел чемпиондары келесі аптада Конференция лигасында жарыстарын жалғастырады. Сол себепті шымкенттіктер барлық күшін жұмсамады. Номинальды қонақтар 5 минуттың ішінде жылдам 2 гол соққанымен, «Тұран» футболшылары ерте берілмей, бірінші таймда-ақ тараз басын теңестіріп кетті. Екінші таймның басында ойын ережесін өрескел бұзған Артем Дмитриев алаңнан қуылғанымен, табло өзгеріссіз қалды.

 

«Елімай» - «Атырау» - 3:0

Голдар: Жан Али Пайруз, 63 минут (1:0), Рожерио Алвес Дос Сантос, 85 минутта пенальти (2:0), Дениил Пенчиков, 90+3 минут (3:0)

Cемейде өткен матчта командалардың ұпайы бірдей болғанымен, «Елімай» фаворит саналды. Неге? Біріншіден, олар әр апта сайын матч өткізуде. Ал атыраулықтар бұған дейін 5 шілдеде ғана доп теуіп, еурокубоктағы ойындарға байланысты «Ақтөбемен» кездесу кейінге шегерілді. Екіншіден, «Спартак» стадионындағы жанкүйерлердің атмосферасы. Биылғы маусымда «Елімайдың» өз жерінде мүлдем жеңілістің дәмін татпады. Үшіншіден, «Атырауға» бұл ойында тек қана жеңіске жету керек еді. Жоғарыдағы айтылған факторларды ескерсек, қонақтардың 3 ұпай алуы өте қиын болатын. Кездесу де жоспардағыдай өтіп, алаң иелері ойын барысын толық өз бақылауында ұстады. «Атырау» 1 сағаттан астам шыдас бергенімен, қалған жарты сағатта жауапсыз 3 гол жіберіп алды. Әсіресе 61 минутта ғана қосалқы құрамнан шыққан Жан Али Пайруз кездесу тағдырын өзгертіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.

 

«Ақжайық» - «Қызылжар» - 2:1

Голдар: Шыңғыс Кубашев, 12 минут (1:0), Ұлар Жақсыбаев, автогол 40 минут (2:0), Сенин Себаи, 90+4 минут (2:1)

Бірнеше ай бойы жеңіліс сериясы, клубтағы жалақының берілмеуі, ақшаның аздығы «Ақжайық» клубын чемпионатта басты аутсайдердің біріне айналдырды. Алайда бір аптаның ішінде олар 2 жеңіске қол жеткізді. Жаңа турнирде оралдықтар плей-оффқа шығу мүмкіндігінен айырылса, «Қызылжар» теориялық тұрғыдан әлі де жартылай финалдан үмітті еді. Алайда ол үшін 10 голдан артық гол соғуы қажет болатын. Матч алаң иелерінің жеңіске деген жігерімен басталды. Олар қарсыластан аз соққы бағыттағанымен, өз жанкүйерлерінің алдында бар күшін салды. Нәтижесінде кездесу тағдыры бірінші таймда шешіліп, екінші таймда «Ақжайық» жеңіс есебін сақтап қалды.

 

«Қайрат» - «Тараз» - 3:0

Голдар: Жоао Пауло, 32 минут (1:0), Еркебұлан Сейдахмет, 45 минут (2:0), Андрей Ульшин, 73 минут (3:0)

Алматылықтарға бұл матчта жеңіс ғана жеткілікті еді. Сондықтан алаң иелері кездесу тағдырын алғашқы 45 минутта шешіп тастады. Ойыншылар сапасы жағынан әлдеқайда жоғары «Қайрат» клубы қонақтардың қателігін сәтті пайдаланып, жеке шеберліктің арқасында сенімді түрде 3 ұпай алды.

 

«Қайсар» - «Тобыл» - 5:1

Голдар: Тоқтар Жанқылышбай, 3 минут (1:0), Тоқтар Жанқылышбай, 16 минут (2:0), Думан Нәрзілдаев, 24 минут (3:0), Дидар Жалмұқан, 37 минут (4:0), Ерсұлтан Төреқұл, 47 минут (5:0), Бекзат Минайдаров, 68 минутта пенальти (5:1)

Қос клуб та жартылай финалға шығу мүмкіндігінен айырылған еді. Қостанайлықтар теориялық жағынан әлі де үміті болғанымен, бірінші турдан олар жастарға сенім артты. Оның үстіне Еуропа лигасының матчынан кейін футболшылар толық қалыпқа келе алмайтын еді. Ал алаң иелері сапында біршама тәжірибелі ойыншылар алаңға шықты. Нәтижесінде бірінші таймның өзінде жауапсыз 4 гол соғып, кездесу тағдырын мерзімінен бұрын шықты. Екінші таймда голдар соғылғанымен, еш өзгеріс бермеді.

 

«Ақтөбе» - «Жеңіс» - 2:1

Гол: Гиорги Панцулая, 71 минут (0:1), Идрис Умаев, (1:1), Хосе Севальос, 83 минут (2:1)

Бұл топта «Жеңіс» клубында 6 ұпай болғанымен, әлі де қуануға ерте еді. Себебі, «Ақтөбе» өз алаңында 2 доп басымдығымен жеңіске жетсе, бірінші орынға көтерілетін. Сондықтан ақтөбеліктер Конференция лигасында 120 минут бойы ауыр матч өткізіп келсе де, біршама мықтыларын алаңға шығарды. Бұл өз жемісін беріп, ойын тізгіні толық 90 минут бойы алаң қожайындарының қолында болды. Бірақ қанша шабуылдағанымен, есепті бір ғана дәл соққымен «Жеңіс» ашты. Бұл гол «Ақтөбе» клубын одан әрі алға ұмтылуға мәжбүрлеп, қайта алға шығуға 12 минут жеткілікті болды. Қалған уақытта астаналықтар қажет есепті ұстап, доп айырмашылығымен жартылай финалға өтті.

 

1XBET QFL Лига Кубогының жартылай финалында «Жеңіс», «Қайрат», «Елімай», «Астана» командалары өнер көрсетеді. 10 тамыз күні сағат 18:00-де «Жеңіс» пен «Қайрат» кездессе, 11 тамыз күні сағат 20:00-де «Елімай» - «Астана» матчы басталады.