KZ
KZ RU
03 қазан 2024 11:18
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

22-ші тур аңдатпасы: «Ақтөбе» өз алаңында «Қайратты» қабылдайды

03 қазан 2024 11:18

3-4 қазан күндері аралығында OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 22-ші тур ойындары өтеді. Орталық ойында «Ақтөбе» өз алаңында «Қайратты» қабылдайды.

 

3 қазан

 

«Қызылжар» - «Ордабасы»

Уақыты: 14:00

Тікелей эфир: Q League телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Жастар» стадионы (Петропавл)

Төрешілер: Омаров Рустам (Алматы), Бельский Евгений (Тараз), Мағау Наргис (Алматы)

VAR төреші: Байымбет Сәкен (Тараз)

АVAR төреші: Ткачев Кирилл (Алматы)

Қосалқы төреші: Виноградов Дмитрий (Петропавл)

Инспектор: Тусеев Бағдат (Астана)

Турдың алғашқы ойыны Петропавл қаласында басталады. Турнирлік кестесінде ешқандай мотивациясы жоқ «Қызылжар» қалған турларда жеңіске жетсе де, жеңілсе де, турнир кестесіндегі жағдайы айтарлықтай өзгермейді. Бұл команда тіпті қорғанысы әлсіз деген «Тұран» қақпасына гол соға алмады. Қазіргі сәтте шабуыл шебінде де айтарлықтай мәселе бар. Трансфер кезінде қатарға қосылып, жарқ еткен Сенан Себай да көзге түсе алатын емес. Бірақ бір ерекшелігі – Петропавлда өткен кейінгі 5 матчтың біреуінде ғана «Ордабасы» жеңіске жеткен. Бұл фактке сену қиын болғанымен, күтпеген нәтиженің тіркелуін де жоққа шығармайды. «Ордабасы» клубы бір жеңіп, бір жеңілсе де, турнир кестесінің екінші сатысында тұр. Чемпиондықтың тағдыры өз қолдарында тұрған шымкенттіктердің мотивациясы айтпаса да жоғары екені анық. Қонақтардың бір артықшылығы – ойын ритмін жоғалтпай, 5 күн сайын кездесу өткізуде. Салыстырмалы түрде «Қызылжар» 22 қыркүйектен кейін енді ғана доп теппек.

 

«Жетісу» - «Елімай»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q League телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Жетісу» стадионы (Талдықорған)

Төрешілер: Московченко Григорий (Павлодар), Калачев Сергей (Атырау), Мыңбаев Әлішер (Қаратау)

VAR төреші: Затула Александр (Өскемен)

АVAR төреші: Кумашев Тимур (Астана)

Қосалқы төреші: Сейдахметов Жақсылық (Талдықорған)

Инспектор: Құсайынов Елеш (Астана) 

«Жетісу» өз алаңында бірқатар мықтылардан ұпай алғанымен, қазіргі жағдайы мәз емес. Талдықорғандықтар 13 матч бойы жеңіске жете алмай келеді. Ал кейінгі 4 кездесуде тіпті қарсылас қақпасына гол соғатын футболшы да тапшы болып тұр. Бірқатар мықты ойыншыларынан айырылса да, алаң иелеріне қалған уақытта ешқандай ұшу қаупі төнбейді. Ал «Елімай» ішкі біріншілікте бар күшін салып, тіпті жаңа турнирде негізгі футболшыларына демалыс берді. Бұл қонақтардың чемпиондық атаққа соңғы турға дейін дамылсыз күресетіндігін аңғартады. Футболшылардың сапасы, команданың формасы, турнир кестесі тұрғысынан «Елімай» айқын фаворит. Енді сырт алаңда жеңіске жету ғана қалып тұр.    

 

4 қазан

 

«Ақтөбе» - «Қайрат» 

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Қобыланды батыр атындағы орталық стадион (Ақтөбе қ.)

Төрешілер: Қарабаев Саят (Астана), Сысоев Антон (Көкшетау), Долгих Алексей (Павлодар)

VAR төреші: Абдуллаев Бағдат (Қаратау)

АVAR төреші: Сұлтанғалиев Руслан (Атырау)

Қосалқы төреші: Мортин Никита (Ақтөбе)

Инспектор: Борисов Александр (Семей) 

Санаулы күн бұрын ғана «Ақтөбе» соңғы минуттарда керемет камбэк жасап, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогын жеңіп алды. Бұл жеңіс ақтөбеліктерге мотивация беріп, қалған санаулы турларда чемпиондыққа таласуға серпін болары анық. Алматы төрінде кубокты иеленген «Ақтөбе» клубы өз алаңында жанкүйерлерін тағы да қуантуы тиіс. Оның үстіне қос ұжым да чемпиондыққа таласатындықтан, жеңілген команданың жүлделі орынға ілігуі қиын болмақ. Алғашқы айналымда кездесу рекордтық жанкүйер жинап, «Ақтөбе» жарқын жеңіске жеткен еді. Енді алматылықтар соның есесін қайтара ма екен? Әлде алаң иелері «Қайратқа» қарсы сәтті серияны жалғастыра ма? Барлығын уақыт көрсетеді.

 

«Атырау» - «Тұран»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Sport+ Qazaqstan телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Мұнайшы» стадионы (Атырау)

Төрешілер: Чеховский Георгий (Астана), Шабанов Алексей (Алматы), Якбаров Ринат (Семей)

VAR төреші: Суликанов Саят (Ақтөбе)

АVAR төреші: Ысқақов Марат (Астана)

Қосалқы төреші: Быков Антон (Атырау)

Инспектор: Кенетаев Сергей (Астана) 

Барлық күшті OLIMPBET QFL Қазақстан кубогына салса да, «Атырау» соңғы минутта гол жіберіп, ащы жеңілістің дәмін татты. Енді ішкі чемпионатта еурокубокқа өту де мүмкін емес. Тек маусым соңын аяқтап, келесі жылға жаңа мақсат түзу қана қалды. Себебі, алдағы клубтарды басып озу да қиын болмақ. Бірақ «Атыраудың» өз алаңында өте сәтті ойнайтындығын барлығы біледі. Өз алаңында тек бір ғана жеңіліске ұшыраған «мұнайшылардың» жеңісті оңайшылықпен бере салатындығына сену өте қиын. Алайда «Тұран» командасы да қыркүйекте маңызды жеңістерге жетіп, ұшу қаупін толықтай шешіп үлгерді. Сырт алаңда сәтсіз доп тебетін түркістандықтар да жеңілістен ешнәрсе жоғалта қоймайды.

 

«Жеңіс» - «Тобыл»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q League телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Шахтер» стадионы (Қарағанды қ.)

Төрешілер: Горда Данил (Көкшетау), Белоградов Дмитрий (Павлодар), Филатов Иван (Қарағанды)

VAR төреші: Кучма Антон (Көкшетау)

АVAR төреші: Сорокопудова Татьяна (Қарағанды)

Қосалқы төреші: Конивец Артем (Қарағанды)

Инспектор: Цареградский Сергей (Алматы)

Қостанайлықтардың құрамы мықты болса да, еурокубокқа шыға алмай қаупі бар. Сондықтан олар әр тур сайын бар күшін салып, 2 рет қатарынан жеңіске жетті. Қазіргі сәтте турнир кестесінде ТОП-5-ке кірмесе де, тек қана қарсыластарынан басым түсе беру керек. Өйткені олардың күнтізбесі қиын әрі тікелей бақталастарымен жолығады. Ислам Чесноковтың команданың алға сүйреуі әзірше өз жемісін беріп жатыр. Бірақ «Жеңіс» те оңай ұпай ұстата салмайды. Олар күтпеген жерден чемпиондыққа үмітті «Астанамен» ұпай бөлісті. Ал алғашқы айналымда Қостанайдағы матч 1:1 есебімен аяқталған. Қонақтар фаворит болғанымен, алаң иелерінің айтары да бар болуы әбден мүмкін.

 

Айта кетейік, 22-ші тур аясындағы «Астана» - «Шахтер» ойыны елордалық клубтың УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіне қатысуына байланысты 16 қазан күні, сағат 18:00-де өтеді.