KZ
KZ RU
01 қыркүйек 2024 12:19
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

22-ші тур қорытындысы: Көшбасшылар өзгермеді

01 қыркүйек 2024 12:19

29-30 тамыз күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 22-ші турында алғашқы үштік пен көш соңындағы командалар өз орындарында қалды.

 

Қандай жайттар тіркелді:

- 7 матчта 19 гол соғылды.

- 28 сары қағаз көрсетілді.

- «Қайрат-Жастар» командасы 6 ойын қатарынан жеңіске жетті.

- «Ұлытау» 5 матч қатарынан қарсыластан айласын асырып кетті.

- «Қайрат-Жастар» тек 2 айдан кейін ғана қақпасына гол жібермеді.

- «Қайрат-Жастар» бірінші мәрте Тараз стадионында 3 ұпай алды. Бұған дейінгі 3 матчта да жеңіліске ұшыраған.

- Өз алаңында ең көп гол соғатын клубтардың қатарына кіретін «Жетісай» осы маусымда екінші рет қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады.

- «Хан-Тәңірі» осы маусымдағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді.

- «Арыс» командасы осы маусымда үшінші мәрте қосымша минутта гол өткізіп, ұпайдан қағылды.

 

«Жетісай» - «Алтай» - 0:0

Осы маусымда өз алаңында ең көп ұпай жинаса да «Жетісайдың» жеңіске жететіне әуел баста күмән болды. Өйткені, «Жетісай» бірінші айналымдағыдай қатты қарқыны жоқ. Сонымен қатар «Алтай» да сырт алаңда жақсы өнер көрсетеді. Бірінші таймда да өскемендіктер осы сөзді дәлелдеп, есеп ашып кете жаздады. Алайда қақпа бағанасынан қайтқан допты Илья Лапшин жоғары теуіп, 100 пайыздық мүмкіндікті мүлт жіберді. Бұған дейінгі матчтарда қарсыласты жарты алаңнан шығармайтын «Жетісай» алғашқы таймда тек 2 ғана дәл соққы жұмсай алды. Бірақ Әнуар Сапарғалиев сыр бермеді. Екінші таймда жетісайлықтар жеңіске жету үшін барын салды. Тіпті гол соғатын керемет мүмкіндіктер де туындады. Әттеген-айы доп сол күйі кірмей қойды. Әсіресе соңғы секундта айып алаңына асырылған допқа Қазыбек Мұхитұлы еш кедергісіз баспен бағыттаса да, доп қақпа бағанасынан қайтты. Осылайша, «Жетісай» мен «Алтай» арасындағы қос матчта да жанкүйерлер гол көре алмады.

 

«Ұлытау» - «Түркістан» - 2:1

Голдар: Жасұлан Молдақараев, 23 минут (1:0), Азамат Аманбай, 66 минут (1:1), Жасұлан Молдақараев, 90+3 минут (2:1)

Жезқазғандағы матчта букмекерлер алаң иелерін еш қиындықсыз жеңеді деп бағалады. Олай деуге толық негіз бар. Турнирдің фавориттерін жеңіп жатқан «Ұлытау» соңғы жақтағы «Түркістанды» қалпақпен ұрып алатыны анық еді. Матч та алаң қожайындарының басымдығымен басталып, 23-ші минутта Жасұлан Молдақараев алаңның ортасынан допты сүңгіте салды. Есеп: 1:0. Одан кейін де «Ұлытаудың» бір емес, бірнеше рет гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ қонақтардың қақпашысы жанкештілік танытып, барынша командасын құтқарумен болды. Ал екінші таймда «Түркістан» тараз басын теңестіріп кетті. Түркістандықтардың гол соғатыны да белгілі еді. Өйткені олар қарсыластарына есе жібергенімен, міндетті түрде кемінде 1 голсыз қайтпайтын. Бұл гол кездесу тағдырын өзгертіп жіберді. Тіпті кездесу осылайша 1:1 есебімен аяқталуға жақын болған. Бірақ соңғы минуттағы айып соққысын Жасұлан Молдақараев керемет орындап, әйтеуір дегенде лайықты 3 ұпайын алды.

 

«Тараз» - «Қайрат-Жастар» 0:1

Гол: Дастан Сатпаев, 90 минут (0:1)

22-ші турдағы орталық ойын Тараз қаласында өтіп, букмекерлер сәл ғана басымдықпен алаң иелерін фаворит ретінде санады. Неге? Біріншіден, алматылықтар бұған дейін осы стадионда 3 мәрте доп теуіп, жеңілген. Екіншіден, алғашқы айналымда «Тараз» клубы 3 ұпай еншіледі. Үшіншіден, құрамдағы жас ерекшеліктері бойынша жамбылдықтардың пайдасында еді. Жасыл алаңда да бұл факторлар айтарлықтай рөл ойнады. Жергілікті футболшылар айтарлықтай басымдыққа ие болып, қарсыластан қарағанда 2 есе көп соққы жасады. Алайда команда сапындағы талантты ойыншы Димаш Серікұлының 4 соққысы да мүлт кетті. Жалпы 13 соққының біреуі ғана нысанаға дәл бағытталды. Ал бұл жеңіс үшін жеткіліксіз екендігі түсінікті. Қонақтар болса, өз сәттерін өте тиімді пайдалануға тырысты. Алдымен Рамазан Бағдаттың добы қақпаның жанынан өтсе, екінші таймның соңында алаңға шыққан 15 жастағы Дастан Сатпаевтың күтпеген соққысына қақпашы көз қырымен ұзатып салды. Есеп: 0:1. Алматылықтар чемпиондыққа таласты одан әрі жалғастырады.

 

«Арыс» - «Екібастұз» - 1:2

Голдар: Мирас Тұрлыбек, 64 минутта пенальти (0:1), Нұрбақыт Досанов, 87 минут (1:1), Азамат Еркінбек, 90+4 минут (1:2)

«Арыс» клубы айқын аутсайдер саналса да, бірінші таймда ойын тізгінін өз қолдарына алды. Тіпті қонақтардың шабуылға шығуына да мүмкіндік бермеді. «Екібастұз» қорғаныстар орынсыз қателіктер жібергенімен, жергілікті футболшылар бәрібір де қарсылас қақпасының кілтін таба алмады. Екінші таймда екібастұздықтардың сирек шабуылы сәтінде Тамерлан Агимановты шалып құлатып, пенальтимен алға шықты. «Арыс» лайықты жауап қайтарып, 87-ші минутта әрең дегенде есепті теңестіріп еді. Бірақ қосымша минутта Азамат Еркінбек қонақтарға 1:2 есебімен жеңіс сыйлады. Осылайша, «Арыс» командасы осы маусымда үшінші мәрте қосымша минутта гол өткізіп, ұпайдан қағылды.

 

«Ақтөбе Ж» - «Оқжетпес» - 1:2

Голдар: Батырхан Тәжібай, 27 минут (0:1), Бекет Шәмшеден, 49 минут (1:1), Алияр Мұхамед, 54 минут (1:2)

Ақтөбедегі матчтың алғашқы таймы оқиғаға толы болмай, тек санаулы мәрте ғана шабуылдар жасалды. Сондай шабуылдардың бірінде Батырхан Тәжібай айып алаңының сыртынан допты шиыра теуіп, қонақтарды алға шығарды. Екінші таймда «Ақтөбе» жастары жылдам есепті теңестірді. Бекет Шәмшеденннің алыстан тепкен добын қақпашы қайтара алмады. Артынша 1 минут салып, бұл футболшы алаң иелерінің алға шығаруға жақын болған. Бірақ тепкен соққысы қақпа бағанасынан қайтты. Көкшетаулықтар тез арада ес жиып, Алияр Мұхамед тағы бір керемет голдың авторы атанды. 2 гол да алаң қожайындарының қақпашысы допты көзбен шығарып салуға мәжбүр болды. Қалған уақытта да «Оқжетпес» есепті арттыратын сәттерді пайдаланбаса да, жеңісті сақтап қалды.

 

«Хан-Тәңірі» - SD Family - 6:0

Голдар: Марат Шахметов, 16 минут (1:0), Дамир Мұрат, 24 минут (2:0), Автогол, 38 минут (3:0), Диас Қалыбаев, 58 минут (4:0), Диас Қалыбаев, 60 минут (5:0), Диас Қалыбаев, 75 минут (6:0)

OLIMPBET QFL Премьер-лигаға талас жүргізіп жатқан тағы бір ұжым – «Хан-Тәңірі» осы турда астаналықтарды аямады. Бірінші айналымда SD Family өз алаңында күтпеген жерден фавориттерді 3:0 есебімен жеңсе, енді екінші айналымда «Хан-Тәңірі» лайықты жауап қайтара алды. Өкінішке қарай, қонақтардың қорғанысы түсіністік таныта алмай, өрескел қателіктерге жол берді. Бірінші гол рикошетпен кірсе, үшінші голда автогол тіркелді. Тіпті 17 жастағы Дамир Мұрат та клуб сапындағы дебютті голын салып үлгерді. Екінші таймда да көрініс өзгермей, Диас Қалыбаев еншісіне хет-трик жазды.

 

«Қайсар Жас» - «Каспий» - 0:3

Голдар: Бекзат Қабылан, 66 минутта пенальти (0:1), Бақдәулет Көңлімқос, 81 минут (0:2), Бақдәулет Көңлімқос, 90+5 минут (0:3)

Қызылорда қаласында өткен матчта «Қайсар Жас» жалынды қарсылық көрсетеді деп ойлағанбыз. Бірақ «Каспий» ұжымының мотивациясы жоғары болып шықты. Себебі, ақтаулықтар ұпайдан шашау шығармай, турнир кестесіндегі бәсекелестерін қуып жетуі керек. Сондықтан қонақтар бірінші минуттан бастап, қарсылас қақпасына лап қойды. Тіпті мықтыларды састыратын қызылордалықтардың өзі 90 минут бойы бірде-бір дәл соққы бағыттай алмады. Алайда «Каспий» 1 сағат бойы өте қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, гол соға алмады. Тек 66 минутта айып алаңының ішінде жіберілген қателіктен кейін ғана Бекзат Қабылан пенальтимен есеп ашты. Бұл гол қонақтардың шабуылдарын одан әрі нәтижеге ұластырып, қалған уақытта Бақдәулет Көңлімқос дубль авторы атанды.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 23-ші тур ойындары 5-6 қыркүйекте өтеді.