KZ
KZ RU
05 қазан 2024 09:48
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

22-ші тур: Талдықорғандағы сенсация және «Ордабасының» көш бастауы

05 қазан 2024 09:48

3-4 қазан күндері аралығында өткен OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 22-ші турында бірнеше сенсациялық нәтижелер тіркелді.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 5 матчта 12 гол соғылды.

- 29 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.

- «Жетісу» 13 матчқа жалғасқан сәтсіз сериясын тоқтатты.

- «Тұран» клубы сырт алаңда 4 ойын қатарынан гол соға алмады.

- «Жеңіс» клубы өз үйіндегі кейінгі 4 матчта есе жібермей (3 жеңіс, 1 тең) келеді.

- «Қызылжар» 5 матч бойы жеңіліп, қарсылас қақпасына 2 ғана гол соққан.

 

«Қызылжар» - «Ордабасы» - 0:1

Гол: Асхат Тағыберген, 81 минут (0:1)

Алаңнан қуылған: Тимур Мульдинов, 73 минут («Қызылжар»)

Петропавл қаласындағы ойын ел чемпиондарына оңайға соға қоймасы анық еді. Себебі, қос ұжым арасындағы матчта үнемі аз гол соғылатын. Осы кездесуде де 1 гол жеңімпазды анықтауға жеткілікті болды. Бұған командалардың 2 ғана дәл соққы жасауы да әсер етті. Бірінші таймда қонақтардың басымдығы байқалғанымен, соңғы минуттарда Айбол Әбікен ыңғайлы позициядан допты қақпаға дұрыс бағыттай алмады. Екінші таймда алаң иелері де аз болса да, қауіпті соққылар жасай алды. Ал 73-ші минутта «Қызылжар» футболшысы Тимур Мульдинов өз мансабында алғаш рет қызыл қағаз алып, алаңнан қуылып кетті. Артынша Асхат Тағыбергеннің алыстан көтерген добына қақпашы дайын болмай, күтпеген жерден гол кіріп кетті. Бірақ «Қызылжар» да бұл голға мойынұсынып қоймай, команда капитаны қақпадан 1 метр жерден допты биік тепті. Есеп: 0:1. «Ордабасы» халықаралық үзіліс алдында турнир кестесінде бірінші орынға шықты.

 

«Жетісу» - «Елімай» - 2:0

Голдар: Серікжан Мужиков, 24 минут (1:0), Темур Чогадзе, 84 минут (2:0)

Талдықорған қаласындағы кездесуде «Елімай» қарсыласын бет қаратпай жеңеді деп күтілген болатын. Өйткені қос команданың дәл қазіргі сәттегі формасы екі түрлі еді. Семейліктер 5 жеңіс сериясының арқасында чемпиондыққа таласса, «Жетісу» кейінгі ойындарда жеңіске жетпек тұрмақ, гол соғудың өзі мұңға айналған. Алайда матч сценарийі басқаша өрбіді. Иә, қонақтар айқын басымдылыққа ие болды. Алаң иелерінен қарағанда 4 есе көп соққы жасады. Алайда бұл гол соғуға жеткіліксіз болды. Бірінші таймның барысында талдықорғандықтардың сирек шабуылының нәтижесінде доп «Елімай» ойыншысына тиіп, пенальти белгіленді. Серікжан Мужиков мүлт кетпеді. Есеп: 1:0. Екінші таймда есепті теңестіруге ұмтылған семейліктер де пенальти тебуге мүмкіндік алды. Алайда Шинаның тепкен добы қақпаның бағанасынан қайтты. Статистика бойынша да, осы маусымда ең көп пенальти «Жетісу» қақпасына белгіленіп, оның көпшілігі кірмегендігін де ескерейік. Қалған уақытта да Андрей Карпович қысымды арттырғанымен қақпашы Арсен Сиукаев белсенділік танытып, соққылардың барлығын қайтарды. Ал соңғы минуттарда Темур Чогадзенің керемет соққысы матч тағдырын шешіп, «Жетісу» сенсациялық жеңіске қол жеткізді. Бұл маңызды 3 ұпай енді семейліктердің жүлдеге таласу барысында үлкен рөл ойнап кетуі әбден мүмкін.

 

«Ақтөбе» - «Қайрат» - 2:1

Голдар: Валерий Громыко, 51 минут (0:1), Фредди Гондола, 82 минут (1:1), Идрис Умаев, 88 минут (2:1)

Өткен аптада ғана Алматы төрінде соңғы минуттарда камбэк жасап, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогын жеңіп алған «Ақтөбе» клубы ел чемпионатында да соңына дейін күресетіндіктерін мәлімдеді. Солай болды да... «Қайрат» командасы алаң иелерінен қарағанда 3 есе көп соққы жасағанымен, бразилиялық сұрмерген Жоао Пауло көп сәттерде мүлт кетті. Алайда есепті бәрібір де қонақтар ашты. Жазғы трансферлік кезеңде алматылықтардың қатарын толықтырған Валерий Громыко баспен гол соқты. Бірақ стадион лық толы жанкүйерлер соңына дейін ақтөбеліктерді алға жетеледі. 82-ші минутта Қазақстан кубогында жеңіс голын соққан Фредди Гондола тағы да көзге түсті. Тең есепке қанағаттанбаған қос тарап та жеңіске ұмтылды. Нәтижесінде қарымта шабуылда Идрис Умаев өз командасына өте маңызды жеңіс әперіп, Турнир кестесінің екінші орынына көтерілді.

 

«Атырау» - «Тұран» - 3:0

Голдар: Әділбек Жұмаханов, 19 минутта пенальти (1:0), Ринат Жұматов, 23 минут (2:0), Николай Сигневич, 82 минутта пенальти (3:0)

Қос команданың турнирлік жағдайы өзгермейтіні әуеліден белгілі еді. Алайда өз алаңында өте сәтті ойнайтын «Атырау» клубы қонақтарға еш мүмкіндік қалдырмады. Футболшылардың сапасы жағынан әлдеқайда жоғары алаң иелері 15 соққы бағыттаса, түркістандықтадың бір ғана соққы жасауға шамасы жетті. Жалпы «Тұран» клубы сырт алаңда өте сәтсіз өнер көрсетіп жүр. Атырау қаласындағы матчты қоса алғанда, олар 4 кездесу қатарына гол соға алмады. Тек өздерінің жалынды жанкүйерлерінің және қақпашының жанкештілігі арқасында ғана турнирде қалды. OLIMPBET QFL Қазақстан кубогындағы жеңілісінен кейін алаңға шыққан атыраулықтар өз стадионындағы жеңіс сериясын үшеуге жеткізді.

 

«Жеңіс» - «Тобыл» - 2:1

Голдар: Бруно Силва, 18 минут (1:0), Гиорги Панцулая, 44 минут (2:0), Руи Кошта, 77 минут (2:1)

Турнир кестесінің 6-шы сатысында тұрса да, қостанайлықтардың теориялық тұрғыдан жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар еді. Алайда олар жан сақтау үшін күрес жүргізіп жатқан «Жеңіске» күтпеген жерден есе жіберіп қойды. Алғашқы айналымда да «Тобыл» дәл осы астаналықтармен тең тарқасқан еді. Осы жолы тіпті бірінші таймның қорытындысы бойынша, «Жеңіс» 2 доп басымдығымен алға кетті. Екінші таймда қонақтар әлдеқайда көп шабуыл жасағанымен, тек Руи Кошта ғана гол санын біреуге қысқартты. Қалған уақытта табло өзгеріссіз қалды. Осылайша, «Жеңіс» пен «Шахтердің» арасы 8 ұпайға алшақтады. Қарағандылықтардың әлі 4 матчы болса да, «Астана», «Ақтөбе», «Қайсар», «Қызылжарға» қарсы кездесулерде кемі 9 ұпай алуы тиіс. Ол мүмкін бе?

 

Айта кетейік, 22-ші тур аясындағы «Астана» - «Шахтер» ойыны елордалық клубтың УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіне қатысуына байланысты 16 қазан күні, сағат 18:00-де өтеді. Ал OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 23-ші тур ойындары 19-20 қазан күндеріне жоспарланған.