23-ші тур қорытындысы: ТОП-3 клуб қарсыластарынан ұзап барады
5-6 қыркүйек күндері өткен 1XBET QFL Бірінші лигасының 23-ші турында «Оқжетпес», «Қайрат-Жастар», «Ұлытау» клубтары тұрақтылықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қандай жайттар тіркелді?
- 6 матчта 27 гол соғылды.
- 20 сары қағаз көрсетіліп, 1 ойыншы алаңнан қуылды.
- Өз алаңында ойнаған барлық клуб жеңісті тойлады.
- «Каспий» клубы осы маусымдағы ең ірі жеңісін тіркеді.
- Осы маусымда «Алтай» мен «Ақжайық» клубтары 3 мәрте кездесіп, барлығында өскемендіктер басым түсті.
- «Қайрат-Жастар» командасының жеңіс сериясы 7 матчқа жалғасып келе жатыр.
- Жасұлан Молдақараев осы маусымда 4 мәрте дубль авторы атанып, төртеуін де Жезқазғандағы стадионда соқты
«Алтай» - «Ақжайық» - 2:1
Голдар: Роман Чирков, 17 минут (0:1), Айдын Металлов, 24 минут (1:1), Бақытжан Мәліков, 46 минут (2:1)
Алаңнан қуылған: Максим Гладченко, 72 минут («Ақжайық»)
«Алтай» клубы осы маусымда «Ақжайықпен» өткізген барлық матчта жеңіске жеткенімен, өз алаңында 3 ұпай алу қиынға соғуда. Бұл кездесу де қонақтардың есепте алға шығуымен басталды. «Ақжайық» командасының үздік шабуылшысы Роман Чирков допқа соңына дейін таласуының арқасында көзге түсе білді. Өскемендіктер дер кезінде жауап қатып, 24-ші минутта Айдын Металлов қарымта жауап қайтарды. Дәл осы футболшы қалған уақытта да ерекше белсенділік танытып, қонақтардың құтын қашырумен болды. Тіпті екінші тайм барысында Айдын Металловты шалып жыққаны үшін, Максим Гладченко алаңннан қуылып кетті. Ал «Алтай» ұжымы қалған уақытта қонақтарға мүмкіндік бермей, өз жерінде екінші мәрте камбэк жасап кетті.
«Каспий» - «Ақтөбе Ж» - 6:1
Голдар: Қасымжан Таипов, 11 минут (1:0), Самат Шәмші, 19 минут (2:0), Бақдәулет Көңлімқос, 39 минут (3:0), Дамир Марат, 43 минутта пенальти (4:0), Дамир Марат, 47 минут (5:0), Мадияр Бекешов, 79 минут (6:0), Ислам Әбілқасов, 90+1 минут (6:1)
Бұған дейін өткен 21 турдың 17 матчында «Ақтөбе» жастары бірінші таймда ұдайы гол жіберген. Бұл көрініс Жаңаөзен қаласындағы стадионда да жалғасты. Ондай болатыны түсінікті еді де... Біріншіден, «Каспий» алғашқы айналымда сенсациялық жеңіліске ұшыраса, екіншіден, OLIMPBET QFL Премьер-лигаға ұмтылып жатқан ұжымға ешқандай менсібеушілік деген болмауы керек. Сондықтан алаң иелері ысқырық шалынған сәттен, алға ұмтылды. Қонақтардың да қорғанысы ұзаққа бармай, 11-ші минутта есеп ашылды. Бұл гол ақтаулықтар одан әрі нәтижелі шабуылдауына ұластырды. Нәтижесінде алғашқы таймда-ақ таблода 3:0 есебі тіркелді. Әрине, «Ақтөбе» жастарын толық 90 минут бойы қорғаныста жатып алды деп айта алмаймыз. Оған 9 соққы жасағаны дәлел бола алады. Осы шабуылдардың арқасында ақыры дегенде қонақтар 1 голмен жауап қатты. Алайда бұл гол ірі жеңілістен құтқара алмады.
«Ұлытау» - «Тараз» - 4:1
Голдар: Абзал Таубай, 19 минут (1:0), Еркебұлан Тойбеков, 38 минутта пенальти (1:1), Нұрбол Әнуарбеков, 55 минут (2:1), Жасұлан Молдақараев, 57 минут (3:1), Жасұлан Молдақараев, 75 минут (4:1)
Алаңнан қуылған: Бекжан Рзатаев, 36 минут («Ұлытау»)
«Ұлытау» клубы бұл матчқа 5 жеңіс сериясымен келсе де, букмекерлер кездесуде нақты фаворитті айта алмады. Оған себеп те бар еді. Жезқазғандықтар турнир кестесінде ТОП-3-те болғанымен, «Тараз» да әлі үмітін үзе қоймаған. Сондықтан қонақтардың да бір мүмкіндігі болуға тиісті еді. Ойындағы есепті «Ұлытау» ашты. «Тараз» мектебінің түлегі – Абзал Таубай гол соғып, тойлаудан бас тартты. Артынша 35-ші минутта жамбылдықтар есепті теңестіруге жақын болғанымен, Бекжан Рзатаев допты қолмен қайтарды. Салдарынан алаң иелері 1 футболшыға кем доп тебуге мәжбүр болды. Ал қонақтар пенальтимен тараз басын теңестірді. Осыдан кейін «Тараз» жеңіске жететіндей-ақ көрінген. Бірақ «Ұлытау» командасы жедел арада футболшыларын ауыстырып үлгерді. Нәтиже ұзақ күттірмеді. Екінші таймдағы шабуылдар өз жемісін беріп, жезқазғандықтар жауапсыз 3 гол соқты. Есеп: 4:1.
«Қайрат-Жастар» - «Хан-Тәңірі» - 2:0
Голдар: Сағди Смайылбек, 5 минут (1:0), Мансур Биркурманов, 90 минут (2:0)
Алматылық дербиде «Қайрат-Жастар» өз алаңында доп теуіп, бірінші айналымда қонақта «Хан-Тәңірін» 0:3 есебімен басым түссе де, бұл кездесуде фаворит саналмады. Неге? Өйткені, ұлттық құрамаға «Қайрат-Жастар» командасынан бірнеше мықты футболшылар шақырылған болатын. Ал «Хан-Тәңірі» клубында тәжірибелі ойыншылар жеткілікті әрі OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығуға ұмтылып жатыр еді. Алайда алаң иелері сапынан мүмкіндіктерін алған жас ойыншылар Рамазан Бағдат сынды сұрмергендердің орнын жоқтатпай, 3 ұпайға иелік етті. «Қайрат-Жастар» 5-ші минутта-ақ жылдам есеп ашып, алға шықты. Қонақтар басымдыққа ие бола ма деп едік. Бірақ «Хан-Тәңірі» 90 минутта небәрі 2 ғана тура соққы жасай алды. Әсіресе екінші таймның соңғы минуттарында қақпашымен бірге-бір шығып, мүмкіндіктерін қолдана алмады. Ал алаң қожайындары жауап ретінде 90-шы минутта екінші голын соғып, ойын нүктесін қойды.
«Арыс» - SD Family - 3:2
Голдар: Мирас Амантаев, 2 минут (1:0), Бауыржан Ахаев, 20 минутта пенальти (1:1), Байжан Мәделхан, 31 минут (1:2), Нұрбақыт Досанов, 78 минут (2:2), Еркебұлан Амангелді, 82 минут (3:2)
Арыс қаласында өткен матч өте шиеленісті болды. Осы аптада ғана регламент ережелерін бұзғанына байланысты 3 ұпайынан айырылған «Арыс» клубы бірден басты аутсайдерге айналып шыға келіп еді. Алайда осы кездесуде алаң иелері соңына дейін күресетіндігін тағы бір мәрте дәлелдей алды. Алғашқы минутта-ақ жергілікті футболшылар бұрыштаманы голға айналдыра білді. Қонақтар сапынан Шадман Бакиров шабуыл шебінде белсенділік танытып, бірінші таймның өзінде командасын есепте алға шығаруына үлес қосты. Екінші таймда да қонақтар ұзақ уақыт бойы басымдықты ұстағанымен, қосалқы құрамнан шыққан Нұрбақыт Досанов пен Еркебұлан Амангелді алаң иелеріне өте маңызды 3 ұпайды сыйлады.
«Оқжетпес» – «Жетісай» - 4:1
Голдар: Виктор Зябко, 21 минут (1:0), Тимур Зуфтаров, 45 минут (1:1), Батырхан Тәжібай, 52 минут (2:1), Алияр Мұхамед, 62 минут (3:1), Рауль Аллахвердиев, 69 минут (4:1)
Көкшетау қаласындағы турдың орталықтың матчында букмекерлер «Оқжетпесті» айқын фаворит ретінде санамады. Бұған не себеп әсер етті екен? Себебі, алаң иелері өте жоғарғы қарқынды ұстап, турнир кестесінде көш бастап тұрса, екіншіден, өз жерінде оңайлықпен жеңіле бермейтін ұжым еді. Сонымен қатар, «Жетісай» да сырт алаңда өте сәтсіз доп тебетіндігін ескерейік. Бірінші тайм қауіпті шабуылдарға толы болмаса да, көрермендер 2 бірдей голға куә болды. Алдымен Виктор Зябко жойқын соққысымен, есеп ашса, үзіліске кетер алдында Тимур Зуфтаров тараз басын теңестірді. Ал екінші тайм толыққанды «Оқжетпестің» басымдылығымен өтіп, «Жетісайдың» қорғанысында қателіктерді оңтайлы пайдаланып кетті. Есеп: 4:1. «Жетісай» тағы бір саты төмендеп, турнир кестесінде 6-орынға жайғасты.
Айта кетейік, «Екібастұз» - «Түркістан» матчы түркістандық команданың ойынға келе алмауына байланысты өтпеді. 1ХBET QFL Бірінші лигасының 24-ші тур ойындары 12-13 қыркүйек күндеріне жоспарланған.