KZ
KZ RU
12 қыркүйек 2024 09:00
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

24-ші тур аңдатпасы: «Ұлытау» клубы ұпай жоғалта ма?

12 қыркүйек 2024 09:00

12-13 қыркүйек күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 24-ші турында 6 жеңіс сериясымен келе жатқан «Ұлытау» ұжымы «Жетісайға» қонаққа барады.

 

12 қыркүйек

 

«Түркістан» - «Қайрат-Жастар»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Октябрь Жарылғапов атындағы стадион (Түркістан)

Төрешілер: Жантуғанов Еркен, Жалғас Кенжебек, Тәңірбергенұлы Нұрсат (барлығы Қызылорда)

Қосымша төреші: Мұсалы Сейітмағзұм (Түркістан обл.)

Инспектор: Қызылбаев Бақыт (Ақтөбе)

Өткен турда «Түркістан» белгілі бір себептерге байланысты Екібастұз қаласына бара алмаған еді. Екі апталық үзіліс түркістандықтарға қалай әсер етті екен? Команда ойын ырғағын жоғалтып алмады ма екен? Десе де, бұл кездесу алаң иелеріне ұпай алу оңайға түспейді. «Қайрат-Жастар» командасының көшбасшылары ұлттық құрамаға кеткенімен, жеңіс сериясын одан әрі жалғастырып келеді. Түркістан қаласында да қонақтар 3 ұпаймен кетуге тырысады. Бұл теке-тіресте жазғы трансферлік кезеңде «Қайрат-Жастар» сапынан ауысқан шабуылшы Артем Литоштың ойынын көру көпшілікке қызық болмақ.

 

«Оқжетпес» - «Екібастұз»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Arena телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Оқжетпес» стадионы (Көкшетау)

Төрешілер: Кумашев Тимур, Хамзин Дархан (екеуі де Астана), Вахитов Ернар (Қостанай)

Қосымша төреші: Горда Данил (Көкшетау)

Инспектор: Сереков Асқар (Қызылорда)

Турнир көшбасшысы «Оқжетпес» кезекті ойынын тағы да өз алаңында өткізеді. «Екібастұз» клубы болса, екі апталық үзілістен кейін доп теппек. Қос клубтың арасындағы кейінгі 3 кездесуде де көкшетаулықтар басым түсіп, екібастұздықтар мүлдем гол соқпаған. Қазіргі сәтте «Екібастұз» бұл ойынға 2 жеңіс сериясымен келеді. Команда сапында Темірлан Ағыманов, Диас Орынбасар, Максим Галкин т.б креативті футболшылар жиналған қонақтардың турнирдің басты фаворитіне қарсы қалай ойнайтындығы көпшілікке де қызық. Оның үстіне «Екібастұз» әлі OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығу үмітінен айырылмады.

 

«Тараз» - «Каспий»

Уақыты: 18:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Орталық стадион (Тараз қ.)

Төрешілер: Омаров Рустам, Оразбеков Айдос (екеуі де Алматы), Ташметов Фарходжан (Астана)

Қосымша төреші: Құрбанов Әбдіқадыр (Тараз)

Инспектор: Хуснутдинов Рашит (Орал)

Тур өткен сайын «Каспий» турнир кестесінде ақырындап көтеріліп келеді. Әйтсе де қонақтарға жеңіске жете беруден басқа амал жоқ. Өйткені ТОП-3 «Оқжетпес», «Қайрат-Жастар», «Ұлытау» да жеңіске тұрақты түрде жетуде. Тең түскен ойынның өзі «Каспийге» ұпай жоғалтумен пара-пар. Тараз қаласында өткен кейінгі екі матчта да ақтаулықтар жеңіске жетпеген. Бұл көрсеткіш алдағы матчқа деген қызығушылықты арттырады. Әрине, «Тараз» командасы да әлсіздердің қатарынан емес. Бірақ көптеген соққыларын қисық тебетін тараздықтарға шабуылды түйіндеу әлі де мәселе болып тұр.

 

13 қыркүйек

 

«Қайсар Жас» - «Алтай»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Arena телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Ғани Мұратбаев атындағы стадион (Қызылорда)

Төрешілер: Жарылқасынов Самат (Шымкент), Жанпейіс Ермек (Алматы), Ыдырысова Динара (Шымкент)

Қосымша төреші: Жұмашев Нұржан (Қызылорда)

Инспектор: Шерменов Ахмет (Түркістан обл.)

Тағы бір қызықты матч Қызылордада күтіледі. Себебі, «Қайсар Жастың» өз алаңында соңына дейін оңайшылықпен ұпай бермейтінін барлығы біледі. Екі апта бұрын «Каспийдің» өзі бір сағаттан астам уақыттан кейін ғана қарсылас қақпасына гол соға алған еді. Шабуыл шебі мықты ақтаулықтар осындай мәселеге кездессе, «Алтай» үшін екі есе қиын болмақ. Алайда өскемендіктер сырт алаңда өте жақсы өнер көрсетеді. Тіпті бас бапкер Вахид Масудовтың өзі түзде алаң иелері гол соғуға ұмтылып, бос кеңістік қалдыратындығын айтқан болатын. Алаң иелерінің шабуылдары нәтижесін бере ме? Әлде қонақтардың қарымта шабуылдары шешуші рөл атқара ма? Бірінші айналымда Өскемендегі матч сары қағазға толы болып, соңғы минутқа дейін жеңімпазды анықтай алмап еді. Осы жолы да сол көріністі көреміз деген ойдамыз.

 

«Жетісай» - «Ұлытау»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион (Жетісай қ.)

Төрешілер: Байымбет Сәкен (Тараз), Мыңбаев Әлішер, Нұрлан Әділет (екеуі де Қаратау)

Қосымша төреші: Халилов Муродбек (Шымкент)

Инспектор: Уфимцев Сергей (Алматы)

OLIMPBET QFL Премьер-лиғаға талас жүргізіп жатқан клубтардың саны тур өткен сайын азаюда. Алдағы ойын да «Жетісай» үшін шешуші болмақ. Себебі, өз алаңында жеңілсе, Жоғарғы дивизионға шығу мүмкіндігінен айырылуы әбден мүмкін. Жанкүйерлерінің алдында қарсыласты қанша тықсырғанымен, «Ұлытау» да оңайлықпен берілмесі анық. Неге? Жезқазғандықтар 6 жеңіс сериясымен келе жатыр. Құрамында Жасұлан Молдақараев, Шыңғыс Флюк сынды сұрмергендері бар команда міндетті түрде гол соғуға тиіс. Бірінші айналымда «Жетісай» жеңіске жеткен. Сондықтан қонақтар алдағы кездесуде 3 ұпай алса, реванш жасап, жетісайлықтарды бәсеке жолынан шығаруы әбден мүмкін.

 

«Хан-Тәңірі» – «Ақжайық»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q League телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Хан-Тәңірі» стадионы (Алматы қ.)

Төрешілер: Никлевич Владимир (Петропавл), Қадыров Жалғас (Өскемен), Құсайынов Исламхан (Атырау)

Қосымша төреші: Сержанұлы Біржан (Алматы)

Инспектор: Богданов Олег (Семей)

Қос команда алғашқы айналымда 0:0 есебімен тарқасса да, «Ақжайық» бір футболшыға артық ойнап, алматылықтар қақпасынан саңылау таба алмаған еді. Жалпы оралдық ұжым осы маусымда бірнеше мәрте бір ойыншыға артық ойнағанымен, қарсыластарынан айласын асыра алмай келеді. Сондықтан тең құрам жағдайында «Ақжайық» әрдайым аутсайдер саналады. «Хан-Тәңірі» OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығуға таласты жалғастыруға тырысса, қонақтар QFL Екінші лигаға ұшып кетпеу үшін талас жүргізеді. Қағаз жүзінде алматылықтар ұпай алу жағынан ешқандай қиындыққа тап болмауы тиіс.

 

SD Family - «Ақтөбе Ж»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Sydykbek Arena стадионы (Астана)

Төрешілер: Ахметов Алмаз (Алматы), Искаков Темірбек, Равдель Вячеслав (екеуі де Орал)

Қосымша төреші: Попов Сергей (Астана)

Инспектор: Мельников Максим (Ақтау)

SD Family мен «Ақтөбе» жастары да маусым соңын сәтсіз өткізуде. Астаналықтар 4 матч қатарынан жеңіліске ұшыраса, қонақтар 8 ойын бойы қарсыластарына ұпай үлестіруде. Дегенмен, SD Family командасы OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығу мүмкіндігінен айырылып, мотивациясы жоқ болса, «Ақтөбе» жастары ұшу аймағынан құтылу үшін, жандарын салады. Бірінші айналымда астаналықтар 1:4 есебімен айқын жеңген. Осы матчта да алаң қожайындары фаворит болғанымен, қонақтар тарапынан да жалынды қарсылық күтетін боламыз.