KZ
KZ RU
15 қыркүйек 2024 11:07
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

24-ші тур қорытындысы: «Жетісай» мен «Тараз» клубтарының жағдайы қиындады

15 қыркүйек 2024 11:07

12-13 қыркүйек күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 24-ші турында жоғарғы орындарға таласып жатқан «Жетісай» мен «Тараз» клубтарының мүмкіндіктері төмендеп кетті.


Қандай жайттар тіркелді? 

- 7 матчта 20 гол соғылды.

- 22 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.

- «Жетісай» өз үйінде алғаш рет 2 ойын қатарынан гол соға алмай, екінші мәрте есе жіберді.

- «Хан-Тәңірі» өз тарихында алғаш рет «Ақжайықтан» басым түсті.

- SD Family 2,5 айдан кейін ғана өз қақпасына гол жібермеді.

- «Қайрат-Жастар» командасының жеңіс сериясы 8 матчқа жетті.

- «Түркістан» клубына жалға барған Артем Литош өз командасына гол соқты.

- «Каспий» клубы Тараз қаласында 2020 жылдан кейін ғана жеңіске жетті.

 

«Түркістан» - «Қайрат-Жастар» - 1:4

Голдар: Мирас Оматай, 3 минут (0:1), Артем Литош, 6 минут (1:1), Сағди Смайылбек, 9 минут (1:2), Аслан Ахмедов, 38 минут (1:3), Нұркен Тұрдыбаев, 79 минут (1:4)

Соғылмаған пенальти: Еділ Әуелбай, 77 минут («Түркістан»)

Түркістанда өткен матчта алаң иелерінің қақпашысы сенімсіз өнер көрсетіп, біршама қателіктерге жол берді. Шабуыл шебінде мықты «Қайрат-Жастар» бұл мүмкіндіктерді мүлт жібермеді. Небәрі 9 минуттың ішінде 3 голға куә болдық. Ал «Түркістан» сапында жалда жүрген Артем Литош өзінің негізгі командасына қарсы ойнаса да, аянып қалмады. Бастапқыда есепті теңестірсе, артынша бірнеше қауіпті шабуылдарға араласты. Өкініштісі, алаң иелеріне дәлдік жетіспеді. Әйтпесе, алматылықтар «Түркістан» клубына қақпашымен бірге-бір шығуға, пенальти тебуге мүмкіндік беріп қойды. Бірақ қолдана алмады. Осылайша, «Қайрат-Жастар» чемпиондыққа бәсекені одан әрі жалғастыра береді.


«Оқжетпес» - «Екібастұз» - 2:1

Голдар: Диас Орынбасар, 29 минут (0:1), Рауль Аллахвердиев, 64 минут (1:1), Әлихан Серікбай, 69 минут (2:1) 

Өткен турды өткізген «Екібастұз» Көкшетауға жоғары дайындықпен келді. Бірінші таймда алаң қожайындары айтарлықтай қауіп төндіре алмады. Оның үстіне қақпашы Михаил Голубничий де барлық жағдайды өз бақылауында ұстады. Ал «Оқжетпестің» пас алмасудағы қателігін Диас Орынбасар дер кезінде өз еншісіне пайдаланып, қонақтарды алға шығарды. Екінші таймда көкшетаулықтар ойыншысын алмастырып, өзгеріс жасады. Нәтижесінде «Оқжетпес» матчты толықтай бақылауына алды. Дамылсыз шабуылдар өз нәтижесін беріп, 5 минуттың ішінде алаң иелері алға шығып үлгерді. Одан кейін де көкшетаулықтар шабуылды тоқтатпаса да, «Екібастұз» ірі жеңіліске ұшырамады. Қорытынды есеп: 2:1.


«Тараз» - «Каспий» - 1:2

Голдар: Қасымжан Таипов, 6 минут (0:1), Никита Стрижков, 62 минут (0:2), Асылбек Асан, 86 минут (1:2)

Осы турдағы орталық матчта «Тараз» клубы ысқырық шалынған сәттен жылдам гол соғуға тырысып, қарсылас қақпасына қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ дәлдік жетіспеді. Сен соқпасаң, саған соғады дегендей, «Каспий» қарсы шабуыл барысында есеп ашты. Қасымжан Таиповтың бұрыштамадан тепкен добы тура қақпашыға барып, дұрыс қайтара алмады. Есеп 0:1. Артынша «Каспий» есепті еселеуге ұмтылғанымен, бірінші таймда табло өзгермеді. Екінші таймда қорғаушы Асылбек Асан шабуылға тосқауыл боламын деген екінші әрекеті керісінше Никита Стрижковқа еш қиындықсыз доп тебуге сәт туындатып берді. Ойыншы мүлт кетпеді. Екінші голдан кейін ақтаулықтардың шабуыддары бәсеңдеп, жамбылдықтар тараз басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде Асылбек Асан есепті қысқартты. Бірақ алаң иелері қанша жанталасса да, тең есепке қол жеткізе алмады.


«Қайсар Жас» - «Алтай» - 2:0

 Голдар: Мағжан Бауыржан, 32 минут (1:0), Таир Нұрсейітов, 57 минут (2:0)

5 жеңіліс сериясымен келген «Қайсар Жас» командасы бұл кездесуде мүлдем фаворит емес еді. Тек бір сенім артары - өз алаңы. Жанкүйерлерінің алдында соңына дейін ойнаған қызылордалықтардың бар үміті ақталды. Алғашқы голдың сәтінде алаң иелері сыртқа кетіп бара жатқан допқа ұмтылып, голға айналдырды. Екінші таймда да қақпашының допты ұстай алмауы екінші голдың кіруіне әсер етті. Қарымта шабуылда жақсы ойнайтын «Алтай» қалған уақытта өз мүмкіндіктерін голға айналдыра алмай, ұпайсыз қайтты.

 

«Жетісай» - «Ұлытау» - 0:2

Голдар: Рафкат Аслан, 34 минут (1:0), Жасұлан Молдақараев, 86 минут (2:0)

Алаңнан қуылған: Рафкат Аслан, 90+3 минут («Ұлытау»)

Бұл матчтың құны қос клубқа да өте маңызды еді. «Ұлытау» тұрақсыздық танытса, артынан өкшелеп қуып келе жатқан «Каспийді» жақындатуға мүмкіндік беріп қойса, «Жетісай» жеңілсе, OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығу мүмкіндігін азайтар еді. Кездесу алғашқы таймда-ақ аңдысып жатпай, қауіпті соққылармен басталды. Бастапқыда клубтардың қақпашысы белсенділік танытқанымен, ақыры дегенде қонақтардың жолы болды. Бұған дейін өз алаңында дес бермейтін «Жетісай» жиі ойыннан тыс қалып, айтарлықтай қауіп төндіре алмай-ақ қойды. Оған алаң иелерінің 90 минут бойы 1 ғана тура соққы жасауы дәлел. Ал екінші таймда жезқазғандықтар сапынан 37 жастағы сұрмерген Жасұлан Молдақараев 4-ші матч қатарынан белсеніп, өз командасының жеңіс сериясын 7-ге жеткізуге үлес қосты.

 

«Хан-Тәңірі» – «Ақжайық» - 1:0

Гол: Павел Кривенцев, 73 минут (1:0)

OLIMPBET QFL Премьер-лигаға ұмтылып жатқан «Хан-Тәңірі» айқын фаворит болғанымен, жеңіс оңайшылықпен келмеді. Алғашқы минуттарда-ақ алматылықтардың шабуылшысы Диас Қалыбаев есеп ашуға жақын болғанымен, қақпашыдан айласын асыра алмады. Жалпы қонақтардың 20 жастағы қақпашысы Мақсот Арыстанов өз клубын барынша қорғап, қауіпті соққыларды қайтарумен болды. Оралдықтар тек тең есепке ғана емес, арасында алыстан соққы жасап, гол соғуға ұмтылды. Екінші таймның 70-минутында қосалқы құрамнан шыққан Павел Кривенцев ақыры дегенде шабуылды сәтті түйіндеп, «Хан-Тәңіріне» жеңіс сыйлады. Бұл жеңіс таласты жалғастыруға мүмкіндік береді.


SD Family - «Ақтөбе Ж» - 4:0

Голдар: Бағдат Данияров, 9 минут (1:0), Бағдат Данияров, 11 минут (2:0), Диас Аңдырмаш, 16 минутта пенальти (3:0), Бауыржан Ахаев, 56 минут (4:0)

Бірінші айналымда астаналықтар жылдам голдар соғып, алғашқы таймда кездесу тағдырын шешіп еді. Осы жолғы жеңіс одан да тез тіркелді. Алаң иелерінің жауапсыз 3 гол соғуына 16 минут жеткілікті болды. Ал екінші таймда Бауыржан Ахаев тіпті өзі ойлап жүргендей ерекше допты теуіп, есепті ұлғайтты. SD Family ең көп гол жіберетін ТОП-3 команданың қатарына кіргенімен, осы жолы қақпасын аман сақтап қалды. Оған «Ақтөбе» жастарының 90 минут бойы 1 ғана дәл соққы жасауы да әсерін тигізді.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 25-ші тур ойындары 19-20 қыркүйек күндері өтеді.