KZ
KZ RU
04 қараша 2024 14:00
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

25-ші тур қорытындысы: чемпиондық таласты «Қайрат» пен «Астана» жалғастырады

04 қараша 2024 14:00

2-3 қараша күндері аралығында өткен OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 25-ші туры шиеленіске толы болып, «Қайрат» көш бастаса, «Тобыл» клубы еурокубок жолдамасын иеленуге жақын тұр.

 

Қандай жайттар тіркелді?

⁃ 6 матчта 20 гол соғылды.

⁃ 26 сары қағаз көрсетіліп, 1 ойыншы алаңнан қуылды.

⁃ «Қайрат» клубының 19 жастағы футболшысы Олжас Байбек турнирдегі алғашқы голын соқты.

⁃ Сұрмергендер тізімінде Ислам Чесноков («Тобыл»), Жоао Пауло («Ордабасы»), Николай Сигневич («Атырау») 10 голмен қатар тұр.

⁃ «Тобыл» өз алаңында өткізген кейінгі 4 матчта да гол жібермей, «Ақтөбе», «Ордабасы», «Шахтер», «Астананы» жеңді.

⁃ «Шахтер» OLIMPBET QFL Премьер-лигасының биылғы маусымын аяқтады.

⁃ «Жетісу» өз алаңында 2018 жылдан бері «Атырауды» жеңе алмай келе жатыр.

⁃ «Тұран» мен «Жеңіс» өз тарихында алғаш рет тең тарқасты.

 

«Қызылжар» - «Қайсар» - 6:2

Голдар: Василий Совпель, 13 минут (0:1), Евгений Березкин, 19 минут (1:1), Сенин Себаи, 41 минут (2:1), Сенин Себаи, 52 минут (3:1), Евгений Березкин, 64 минут (4:1), Сенин Себаи, 68 минут (5:1), Лука Имнадзе, 76 минут (6:1), Василий Совпель, 90 минут (6:2)

Петропавл қаласында басталған 29-шы турдың ойыны жанкүйерлерге керемет қойылым сыйлады. Өз алаңында осы маусымның соңғы ойынын өткізген «Қызылжар» 90 минутта қызылордалықтарды талқандап тастады. Есепті қонақтар ашқанымен, бұл гол алаң иелерінің жігерін одан әр күшейтіп, бірінші таймның өзінде 2:1 есебімен алға шықты. Екінші таймда «Қайсар» командасын мүлдем танымай қалдық. Әр ұйымдастырылған шабуыл голға айналып жатты. Егер қақпашы Степан Сикач тағы бірнеше соққыны қайтармағанда, одан да ірі есеп тіркелетін еді. Ал жазғы трансферлік ауысымда клубты толықтырған Сенан Себаи тіпті хет-трик авторы атанып үлгерді. Алайда Әли Әлиевтің шәкірттері кейінгі 3 турда 10 гол соққанымен, турнир кестесіндегі жағдайы еш өзгермеді.

 

«Қайрат» - «Ордабасы» - 2:1

Голдар: Элдер Сантана, 42 минут (1:0), Еркебұлан Тұңғышбаев, 75 минут (1:1), Олжас Байбек, 84 минут (2:1)

Осы турдың орталық ойыны қос клубқа да өте маңызды саналды. «Ордабасы» ел чемпионы атағын қорғап қалу үшін, міндетті түрде жеңіске жету керек болса, «Қайрат» та   бірінші орынға таласты жалғастыру мақсатында 3 ұпай алу қажеттілігі туындады. Бірінші тайм толықтай алаң иелерінің басымдығымен өтіп, шымкенттіктер алғашқы 45 минутта қақпаға бірде-бір дәл соққы бағыттай алмады. Әсіресе алматылықтар сапынан Жоао Паулоның соққылары айтарлықтай қауіп төндірді. Бірақ оңтайлы мүмкіндіктерді голға айналдыра алмады. Ал бірінші таймның соңында Айбол Әбікеннің артқа берген қате пасын Гиорги Зариа жылдам шабуылға ұластырып, нәтижесінде Элдер Сантана «Қайратты» алға шығарды. Екінші таймда шымкенттіктер белсенділік танытып, таразы басын теңестіруге барын салды. Нәтижесінде қосалқы құрамнан шыққан Еркебұлан Тұңғышбаев сол қапталдан асырылған допты баспен түйіндей білді. Бірақ алматылықтар сапынан да жеңісті жұлып алатын футболшы табылды. «Қайрат» академиясының тәрбиеленушісі Олжас Байбектің алыстан бағыттаған соққысына қақпашы дайын болмай шықты. Есеп: 2:1. Алматылықтар екі жылдық үзілістен кейін қайта еурокубок бәсекесіне қатысуға жолдама алды.

 

«Шахтер» - «Ақтөбе» - 1:3

Голдар: Амаду Думбия, 22 минут (0:1), Имеда Ашортия, 52 минут (1:1), Арман Кеңесов, 55 минут (1:2), Арман Кеңесов, 60 минут (1:3)

«Ордабасы» клубының жеңілісінен кейін, «Ақтөбе» ұжымының қола жүлде жеңіп алуға мүмкіндігі туындады. Оның үстіне ақтөбеліктердің өзгелерге қарағанда күнтізбесі де оңайлау еді. Қарағанды қаласына барған олар жоғарғы лигадан ендігісі ұшып кеткен «Шахтермен» күш сынасты. Алғашқы минуттан-ақ қонақтар үстемдік танытып, бірінші таймда бір гол басымдықпен үзіліске кетті. Екінші таймда Имеда Ашортияның алыстан тепкен соққысын Игорь Шацкий қайтаруға дәрменсіз болды. Бірақ тең есеп ұзақ сақталмады. 55 және 60 минутта Арман Кеңесов жылдам дубль авторы атанып, ақтөбеліктерге үш ұпай сыйлады. Қарағандылықтар да есепті қысқарту мүмкіндіктеріне ие болғанымен, қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Осылайша, «Шахтер» ресми түрде OLIMPBET QFL Премьер-лигасының биылғы маусымын аяқтады.

 

«Жетісу» - «Атырау» - 0:2

Голдар: Николай Сигневич, 23 минут (0:1), Николай Сигневич, 45+1 минут (пенальти, 0:2)

Сегіз күн ішінде 3 кездесу өткізген «Атырау» бастапқыда фаворит саналмаған еді. Бірақ қонақтар алғашқы таймда-ақ кездесудің тағдырын шешіп тастады. Бойы сұңғақ Николай Сигневич әуелі айып соққысын сәтті түйіндесе, артынша пенальтиді голға айналдырды. Талдықорғандықтар да қарап қалмағанымен, таза гол соғатындай мүмкіндікке ие болмады. Есеп: 0:2.

 

«Тұран» - «Жеңіс» - 1:1

Голдар: Павел Киреенко, 1 минут (1:0), Ян Труфанов, 75 минут (1:1)

Алаңнан қуылған: Павел Киреенко, 45+1 минут («Тұран»)

«Тұран» командасы алғашқы минутта-ақ жылдам алға шықты. Бұл түркістандықтардың 90 минутта жасаған бір ғана дәл соққысы. Уақыт өте келе, елордалықтар есін жинап, алаң иелерінің қақпасын нысанаға алумен болды. Бірінші таймда қонақтар қарымта қайтара алмағанымен, кездесудің қаһарманы дөрекілік танытқаны үшін, алаңнан қуылып кетті. Екінші таймда «Жеңіс» бірнеше рет гол соғуға жақын болғанымен, тек қосалқы құрамнан шыққан Ян Труфанов көзге түсе алды. «Жеңіс» сапында алғашқы голын соққан бұл футболшы соңғы ысқырық шалынғанша белсенділік танытты. Алайда бірде ойыннан тыс қалса, бірде дәлдік жетіспеді. Есеп: 1:1.

 

«Тобыл» - «Астана» - 1:0

Гол: Игорь Иванович, 50 минут (1:0)

Қостанайдағы матчта командаларды тек 3 ұпай ғана қанағаттандыратын еді. «Астана» соңғы сәтке дейін «Қайратпен» чемпиондық үшін иық тірессе, «Тобыл» шымкенттіктердің 3 мәрте жеңілісінен кейін еурокубокқа деген үміті оянды. Бірінші таймда негізгі құрамнан орын алған Рамазан Кәрімов баспен қауіпті соққы жасағанымен, қақпашы қайтара білді. Артынша айып соққысынан кейін қорғаушы Бранимир Калаица допты голға айналдырып еді. Алайда төреші ол эпизодқа дейін ойын тәртібі бұзылғанын анықтап, голды есепке алмады. «Тобыл» сапынан да Еркін Тапалов, Давид Энен соққылар жасап көргенімен, дәлдік жетіспеді. Екінші таймның басында Игор Иванович бірнеше қорғаушыны қапы қалдырып, «Тобылды» алға шығарды. Елордалықтар шабуыл ұйымдастыруға тырысқанымен, ештеңе өнбеді. Әсіресе сұрмерген Джеффри Чинедуның жоқтығы көзге көрініп тұрды. Ал қостанайлықтар тарапынан Еркін Тапалов екі мәрте гол соғатын мүмкіндікке ие болғанымен, оңтайлы тұстан допты қисық тепті. Бірақ 1 гол «Тобыл» үшін жеткілікті болып, күтпеген жерден еурокубок жолдамасына ие болуға жақын қалды.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының соңғы 26-шы тур ойындары 10 қарашада, сағат 14:00-де басталады.