KZ
KZ RU
18 мамыр 2024 13:00
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

7-ші тур қорытындысы: «Қайрат-Жастар» және «Хан-Тәңірі» командалары ең ірі жеңісіне жетті

18 мамыр 2024 13:00

16-17 мамыр күндері 1XBET Бірінші лигасы аясындағы 7-ші турында «Қайрат-Жастар» мен «Хан-Тәңірі» клубы турнирдегі ең ірі жеңісіне қол жеткізді.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 8 ойында 31 гол соғылды;

- 37 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды;

- Ең көп 8 сары қағаз «Ақжайық» - «Жетісай» матчында тіркелді;

- «Алтай» клубы осы маусымдағы бірінші ұпайын алды;

- 42 жастағы қақпашы Александр Мокин осы маусымдағы бірінші матчын өткізді;

- «Хан-Тәңірі» 6 кездесуде гол жібермеді;

- Бұған дейін ең ірі 10:2 есебі 2023 жылы 4 мамыр күні «Ақжайық» — «Қыран» арасында тіркелген еді. Міне 1 жылдан кейін шымкенттіктер антирекордтарын жаңартты;

- 18 жастағы Глеб Валгушев мансабында бірінші рет покер авторы атанды.

 

«Ақжайық» - «Жетісай» - 1:2

Голдар: Чингиз Кубашев, 22 минут (1:0), Ернар Қоспаев, 29 минут (1:1), Рамазан Абылайхан, 58 минут (1:2)

Осы турдағы ең тартысты ойын Орал қаласында өтті. Бір айдан астам уақыттан кейін ғана өз алаңында матчтарды қабылдауға мүмкіндік алған «Ақжайық» клубы ысқырық шалынған сәттен бастап, басты сенсациялардың бірі саналатын «Жетісайға» лап қойды. Тіпті 22-ші минутта Чингиз Кубашев есеп те ашқан. Алайда осы маусымда ең көп жасыл алаңда уақыт өткізген 17 жастағы Ернар Қоспаев жылдам есепті теңестіріп кетті. Екінші таймда алма-кезек шабуылдардың бірінде қонақтардың бағы жанып, Рамазан Абылайхан стандарттық жағдайды голға айналдыра білді. Шынын айту керек, бұл матчта «Жетісайдың» жолы болды. «Ақжайық» 27 соққы жасап, кездесуде өзінің басымдығын танытқан еді. Дегенмен, көптеген сәттерді өздері мүлт жіберді. Бірге-бір де шықты, қақпа маңдайшасына тиді, қисық та тепті. Салдарынан, оралдықтар 2 ойын қатарынан есеп ашып, жеңіске жақын болса да, мүлдем ұпай алмады.

 

«Ақтөбе Ж» - SD Family - 1:4

Голдар: Құдайберді Нарқұлов, 10 минут (0:1), Автогол, 31 минут (0:2), Илья Демин, 34 минут (0:3), Ибрагим Дадаев, 90 минут (0:4), Әлішер Кенжеғұлов, 90+3 минут (1:4)

1XBET QFL Бірінші лигада ең көп гол соғып келе жатқан астаналықтар бұл ойында айтарлықтай қиыншылыққа тап болмады. Олар үшін бастысы, білгендерінен жаңылмай, тек қана гол соғу маңызды еді. Солай істеді де 45 минуттың ішінде қонақтар жауапсыз 3 гол соғып, жеңімпазды анықтап тастады. Осы ойыннан кейін «Ақтөбе Ж» ұжымы қақпаларына ең көп 18 гол жіберді.

 

«Екібастұз» - «Алтай» - 0:0

Айқын фаворит болғанымен, «Екібастұз» клубы қонақтар қақпасынан саңылау таба алмады. Бұл жерде алаң иелерінің дәл соққы жасау барысында мәселе туындағанын да айта кету керек. Ал бапкерлерін ауыстырған өскемендіктер осы турда бірінші мәрте ұпай алды.

 

«Тараз» - «Ұлытау» - 1:2

Голдар: Бауыржан Тұрысбек, 22 минут (0:1), Әділет Омарбек, 87 минут (0:2), Ұлықбек Хайтмуратов, 90+1 минут (1:2)

«Тараздан» Мирас Жақсымбетов, Димаш Серікұлы бірінші таймда қонақтар қақпасына қауіп төндіргенімен, есепті «Ұлытау» ашып кетті. Алаң иелерінде де тараз басын теңестіруге керемет мүмкіндік болды. Әсіресе, бірінші таймның соңында Нұрдәулет Байбосынов қақпашымен бірге-бір шыққан болатын. Екінші таймның соңында «Тараз» қақпашысының өрескел қателігі кездесудің тағдырын шешті. Тіпті Ұлықбек Хайтмуратовтың керемет орындалған айып соққысы да «Таразды» жеңілістен құтқара алмады. Осылайша кейінгі 3 кездесуде 9 ұпай алған «Ұлытау» турнир кестесінің 6-шы орнына көтерілді.

 

«Каспий» – «Қайсар Жас» - 3:1

Голдар: Самат Сәрсенов, 20 минут (1:0), Бақдәулет Көңлімқос, 32 минут (2:0), Нұрдәулет Әмірбек, 60 минут (2:1), Қасымжан Таипов, 76 минутта пенальти (3:1),

Алаңнан қуылғандар: Руслан Дүйсенбаев, 77 минут («Қайсар Жас»), Виктор Дмитренко, 89 минут («Каспий»)

Өткен турда жеңіске жете алмаған «Каспий» бірінші таймда-ақ қонақтарды тықсырды. Нәтижесінде бірінші таймда 2:0 есебі тіркелді. Бұл ойында ұлттық құрамасының экс-қақпашысы Александр Мокин бірінші ойынын өткізіп, 60-шы минутта қызылордалықтардың керемет соққысына тосқауыл болмады. Бұл «Қайсар Жастың» осы кездесудегі бір ғана дәл соққысы. Жеңістің арқасында «Каспий» мен «Жетісай» қайта көшбасына шықты.

 

«Хан-Тәңірі» - «Түркістан» - 4:0

Голдар: Марат Шахметов, 21 минут (1:0), Диас Төлеу, 47 минут (2:0), Павел Кривенцев, 59 минут (3:0), Хамза Мұхаметәлі, 84 минут (4:0)

Жаңбырда өткен матчта «Хан-Тәңірі» қарсыласын талқандады. Бұған дейінгі бірнеше кездесуде мүмкіндіктерін пайдаланбаған алматылықтардың осы жолы бағы жанды. Өйткені 6 тур бойы олар 2 рет қана гол соқса, осы кездесуде қарсыластар қақпасынан 4 мәрте саңылау тапты. Сонымен қатар 18 жастағы Диас Төлеу мен Хамза Мұхаметәлі бірінші рет мергендік танытты. Бұл «Хан-Тәңірінің» 1XBET QFL Бірінші лигадағы ең ірі жеңісі.

 

«Қайрат-Жастар» - «Қыран» - 10:1

Голдар: Глеб Валгушев, 31 минут (1:0), Саиф Попов, 33 минутта пенальти (2:0), Глеб Валгушев, 40 минут (3:0), Глеб Валгушев, 47 минут (4:0), Саиф Попов, 55 минут (5:0), Глеб Валгушев, 63 минут (6:0), Рамазан Бағдат, 70 минут (7:0), Сұлтан Асқаров, 78 минут (8:0), Сағди Смайылбек, 81 минут (9:0), Сұлтан Асқаров, 87 минут (10:0), Әлібек Өксікбаев, 90 минут (10:1)

Әр кездесуге футболшыларды әрең жинап жүрген «Қыран» клубы осы маусымда бірінші рет сырт алаңға барды. Барды деген аты ғана. Жасыл алаңдағы 11 футболшыдан басқа қосалқы құрамда ешкім болмады. Жойқын шабуыл шебі бар «Қайрат-Жастар» қарсыластардың шаршағанын күтпей-ақ, бірінші таймда 3 голмен матч жеңімпазын анықтады.

 

«Арыс» - «Оқжетпес» - 2:0

Голдар: Ерік Жарылқасын, 32 минут (1:0), Асылжан Аббас, 64 минут (2:0)

Көкшетаулықтардың сырт алаңдағы кезекті сәтсіздігі жалғасты.«Оқжетпес» матчтың басында бір мәрте ғана қақпасына дәл соққы жасай алды. Ал алаң иелері сапынан Ерік Жарылқасын керемет ойын өткізді. 32-ші минутта айып алаңы ішінен шиыра тепкен добы голға айналды. Екінші таймда да Ерік Жарылқасын біршама шабуылдарды ұйымдастырып, нәтижесінде Асылжан Аббас есепті арттырды. Осылайша Арыс жанкүйерлері осы маусымда бірінші рет өз стадионында командасының жеңісіне куә болды.

 

1XBET Бірінші лигасының 8-ші тур ойындары 22-24 мамыр күндері өтеді.