KZ
KZ RU
09 тамыз 2024 12:00
1ХВЕТ ЛИГА КУБОГЫ

Акис Вавалис – Біздің жартылай финалға шығуымыз кездейсоқтық емес

09 тамыз 2024 12:00

Астаналық «Жеңіс» клубы сенсациялық түрде 1ХВЕТ QFL Лига кубогының финалына шықты. Бұл команда «Тобыл» (2:0) және «Қайсар» (1:0) ұжымдарын қапы қалдырып, В тобында бірінші орын алды. Ертең елордалықтар алғашқы жартылай кездесуде алматылық «Қайратты» қабылдайды. Осы орайда «Жеңіс» бас бапкері Акис Вавалис алдағы матч алдында QFL.KZ сайтына сұхбат берді.

 

- «Жеңіс» клубы 1ХВЕТ QFL Лига кубогының алғашқы жартылай финалдық матчында «Қайратқа» қарсы ойнайды. OLIMPBET QFL Премьер-лигасының көшбасшысына қарсы дайындық жұмыстары қалай өтуде?

- Біз үшін өте маңызды ойын. 1ХВЕТ QFL Лига кубогының жартылай финалына шығу - клуб үшін мақтаныш. Оның үстіне клуб биыл ғана Жоғарғы дивизионға оралды. Дайындық қарқынды түрде жүруде. Оңай болмайды. Себебі, «Қайрат» - өте мықты ұжым. Алайда жартылай финал екі ойыннан тұратынын да естен шығармауымыз қажет. Біз түрлі тактиканы қолдануға мүмкіндігіміз болады. Жалпы команданың жаттығуына көңілім толады. Ойлаған жоспарымыз жүзеге асады деген сенімдемін.

 

- «Жеңіс» көпшілікті таңғалдырып, турнирдің жартылай финалына шықты. Бұны сенсация деуге келе ме? Әлде «Жеңіс» кубок ойындарында ғана сәтті өнер көрсете ме?

- Біреулерге бұл кездейсоқтық болуы мүмкін. Бірақ біздің кейінгі кездесуімізді бақылап жүрсеңіз, өте жақсы ойын өрнегін көрсетіп жатқанымызды аңғарасыз. Командамыз жаңарды. Ойнау стиліміз де өзгерді. Қиын мачтар да болды. Кей сәттерде сәттілік жетіспей, қалаған нәтижеге қол жеткізе алмадық. Жартылай финалға шығуымыз кездейсоқтық емес. Дәл қазірі «Жеңіс» - өте жақсы және тұрақты клуб. Чемпионатта кімге қарсы ойнасақ та, ұпай алуға қауқары бар. Мен клубымызды тек кубокта ғана жақсы ойнайды деген пікірмен келіспеймін. Бұл қосымша турнир және біз барынша келесі кезеңге өтуге тырысамыз.

 

- Бұған дейін «Жеңіс» клубының бас директоры Айдын Қожахмет команданың мақсаты - 1ХВЕТ QFL Лига кубогында топ жару деп еді. «Қайрат» клубының мерейтойға байланысты мақсаты мен «Елімай», «Астана» ұжымдарының жоспарын есепке алсақ, бұл ойларыңызды шындыққа жанастыру қаншалықты мүмкін болмақ?

- Жартылай финалға шығып тұрып, финалға мақсат қоймау мүмкін емес. «Қайраттың» қаншалықты қауіпті екенін түсінеміз. Бірақ чемпионатта олармен қаншалықты бәсекеге түсе алатынымызды көрсеттік. Келесі айналымға өту деңгейіміз төмен болса да, біз әр мүмкіндігімізді тиімді қолданып, соңына дейін барымызды саламыз. Финалға шығу үшін бірінші кезекте өзімізге дәлелдей білуіміз қажет.

 

- «Ақтөбеге» қарсы кездесуде тағы бір гол жібергенде жолдамадан қағылар едіңіздер. Жартылай финал екі кездесуден тұратындығын ескерсек, қорғанысқа басты мән беретін шығарсыздар?

- Кездесу тағдыры екі матчтың қорытындысы бойынша анықталады. Шабуыл шебі мен қорғаныста барынша мұқият болу керек. «Ақтөбеге» қарсы матч біздің тек қорғаныста ғана жатып алмай, сонымен қатар шабуыл ұйымдастырып, қысым жасай алатынымызды көрсетті. Осыған қарап, команда қорғанысқа ерекше көңіл бөледі деп айта алмаймын. Өз футболымызды ойнап, мүмкіндігімізді қолдануға тырысамыз.

 

- Топтық кезеңде біршама команда құрамасына тәжірибе жасады. 1ХВЕТ QFL Лига кубогы жас футболшылардың да деңгейін тексеруге жақсы мүмкіндік пе?

- Топтық кезеңдегі барлық команда құрамасына тәжірибе жасады деп ойлаймын. Біз де ойыншыларға мүмкіндік беруге тырыстық. 1ХВЕТ QFL Лига кубогында қосалқы құрам мен жаңадан келген футболшылардың өздерін көрсетуге, тәжірибе жинақтауына жақсы мүмкіндік. Бұл өте жақсы турнир. Осының арқасында әр ойыншы өзін көрсете алады.

 

- «Жеңіс» клубына бас бапкер ретінде тағайындалғалы бері тек 1ХВЕТ QFL Лига кубогында ғана жеңіске жеттіңіз. Өзге турнирлерде де оң нәтижеге қол жеткізуге не жетіспейді?

- Командаға келгелі біршама өзгерістер жасадым. Ал жаңа бағдарламаға үйрену үшін футболшыларға уақыт қажет. Оның үстіне өткен айда қонақта өте қиын қарсыластармен кездестік. Клубқа көптеген жаңа футболшылар келді. Олар белгілі бір уақыт аралығында бейімделеді. Команда сапындағы барлық футболшыларға көңілім толады. Өте жақсы ойыншылармен келісім-шарт жасастым деп сенемін. Кейінгі ойындар да біздің дұрыс бағытта кетіп бара жатқанымызды көрсетті. Алдағы уақытта ұпай жинап, командалық мақсатымызды орындайтынымызға сенемін.

 

- Араға 18 жыл салып, «Жеңіс» клубы өз жанкүйерлерін қуантып, 129 миллион теңге шамасында сыйақы алуы мүмкін. Жаңа турнирге қандай баға берер едіңіз?

- Мен турнирдің қаржылық жағына аса мән бермедім. Кімнің қанша қаражат алатынын білмеймін. Бірінші кезекте командаға ойын тәжірибесін беру мүмкіндігін алға қоямын. Ұзақ жылдар бойы жоғарғы дивизионда болмаған клуб үшін жартылай финалға шығу және кубок жеңіп алу мүмкіндігінің болуы мақтаныш. Кез келген команда үшін қосымша табыс табу жақсы. Егер бұл ақша біздің клубтың дамуына құйылса, қуанар едім. Бұл турнир командаларға ақша табуға ғана емес, жаңа футболшыларға доп тебуге, бапкерлерге жаңа тактиканы тексеріп көруге, беделді жоғарлатуға, жанкүйерлерді жаңа жеңістерімен қуантуға мүмкіндік береді.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Лига кубогының алғашқы жартылай финалдық матчында «Жеңіс» пен «Қайрат» кездеседі. Ойын 10 тамыз күні 18:00-де Қарағандыдағы «Шахтер» стадионында өтеді. Тікелей эфирді Q Football телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыз.