KZ
KZ RU
28 қыркүйек 2024 22:00

«ALAÑ» жобасы: Ақсудағы 200 жас футболшы ҚФФ салған жаңа алаңда жаттығады

28 қыркүйек 2024 22:00

Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» жобасы аясында тағы бір алаңды қолданысқа берді. Ауқымды модернизация жұмыстары Ақсу қаласындағы 3 мың жанкүйер сыятын «Достық» стадионында жүргізілді. Бүгін спорт нысанында италиялық сападағы халықаралық талаптарға сай жаңа футбол алаңының тұсауы кесілді.

Ашылу салтанатына Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов және жобаның серіктестері қатысты. Ал жобаның амбассадоры, ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов балаларға ашық жаттығу өткізіп, қолтаңбалар мен сыйлықтар берді. Қазіргі сәтте бұл жерде «Ақсу» футбол орталығының 200-дей тәрбиеленушілері жаттығады. Ал болашақта «Ақсу» футбол клубы отандық турнирлердің аясында матч өткізуі мүмкін.

«Бүгін біздің қаламызда спорт мерекесі. ҚФФ көмегінің арқасында «Достық» стадионы қайта жөндеуден өтті. Енді бізде италиялық сападағы керемет алаңымыз бар. Осындай алаңда «Интер» және т.б Италияның клубтары матчтарын өткізген. Біздің балаларымызда футболмен айналысуға жақсы мүмкіндігі бар. Аталмыш футбол алаңында ұлттық құраманың намысын қорғайтын бірнеше буын өкілі өсіп шығады деген үміттеміз», - деді Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов.

Айта кетейік, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылы Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын «ALAÑ» бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты серіктесі - 1XBET букмекерлік компаниясы. Негізгі мақсат - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.

«Ақсудағы барлық тұрғындар футболды жанымен жақсы көреді. Футболға деген ерекше көзқарас танытқан жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар мен қала тұрғындарын ерекше атағым келеді. Біз үшін бұл алаңда доп теуіп, футбол шараларының өткізілуі өте маңызды. Сондай-ақ жоба аясындағы жаңа алаңдар еліміздің басқа өңірлерінде де пайда болады», - деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.

Жалпы «ALAÑ» жобасы бойынша 2023-2025 жылдары республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар. Бұған дейін елімізде Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Петропавл, Өскемен, Аягөз қалалалары мен Жетісу облысындағы алаңдар қолданысқа берілген болатын. Кезекті алаңдардың ашылуы қазан айының екінші бөлігінде жоспарланған.