Алмас Құлшынбаев: «Хан-Тәңірі», «Ұлытау» және «Екібастұз» чемпиондыққа басты үміткерлер
1ХВЕТ QFL Бірінші лигасында кімнің мүмкіндігі жоғары және 1ХВЕТ QFL Лига кубогы отандық футболдың дамуына қаншалықты әсерін тигізді? OLIMPBET QFL Премьер-лигасында кім чемпион атануы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарға арнайы QFL.KZ сайтына атақты футболшы және бапкер Алмас Құлшынбаев жауап берді.
- Алмас Жақанұлы, осы маусымда 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасындағы тартыс қызықты өтуде. Ешкім үміт күтпеген «Жетісай» ФК сенімді түрде көш бастап келеді. Бұл команданың турнирдің соңына дейін күштері жете ме? Қандай клубтардың Премьер-лигаға шығуға қауқары бар?
- Түркістан облысының көптеген командалары Бірінші және Екінші лигада өнер көрсетіп жатқаны құпия емес. Премьер-лигада 2 клуб бар және қаржылық жағынан қиындықтар да бар. Сондықтан «Жетісайдың» күші емес, ресурсы жетпеуі мүмкін. Мен олардың қаржылық жағын білмеймін. Бірақ Шымкентте бұл мәселе үнемі өзекті. Егер тұрақты қаржы көзі болса, онда шығуын да жоққа шығара алмаймын. Олардың алдында бұл мақсат тұр ма? Тіпті жеңген күннің өзінде Премьер-лигада доп тебе ме? Бұл сұраққа әзірше жауап жоқ. «Мақтаралды» да мысалға келтіруге болады. Жалпы кімдер үміткер? Жеңіске ұмтылатындар көп. Оған «Хан-Тәңірі», «Ұлытау», «Екібастұзды» жатқызамын. Басты үміткерлер осылар. «Оқжетпес» те қайтып келгісі келетін шығар. Сондықтан бәсекелестік жоғары және кімнің мерейі үстем болатындығын айту қиын. Барлығы бірдей келе жатыр. Күтпеген нәтижелер де тіркеледі. Жас футболшылардан құралған «Тараз» мінез көрсетіп, ұпайды жырып алуда. Көптеген ұжымдар ұпай жоғалтуда. Бірақ негізгі фавориттерді жоғарыда айтып өттім.
- Сіз бұған дейін бірде-бір легионері жоқ «Намыс» клубында ойнап, Қазақстанның жастар құрамасын баптадыңыз. Дәл қазіргі сәтте 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасынан ұлттық құрамада жоғары деңгейде өнер көрсетеді деген үміткерлерді байқай алдыңыз ба?
- Жауап беруге қиналамын. Бірінші лига мен «Хан-Тәңірінің» матчтарын тамашаладым. Алайда көзге ерекше түсіп, ұлттық құрамаға шақырту алатындай футболшыны әзірше байқамадым.
- Отандық футболдың жанкүйерлері үшін осы маусымда қосымша 29 матч қосылып, 1ХВЕТ QFL Лига кубогы бастауын алды. Сізге жаңа турнирдің идеясы ұнады ма? 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының клубтары үшін топтық кезеңнен шығуға мүмкіндіктері бар ма?
- Бұл жақсы болды. Біз бұған дейін ойындар аз деп айтып келдік. Үзілістер көп. Футболшы ретінде айтатын болсам, жаттыққаннан қарағанда доп тепкен тиімдірек. Сондықтан матчтардың артуы – қуанышты жайт. Оның үстіне қосалқы құрамдағыларды тексеруге жақсы мүмкіндік. Көзге түспей жүрген жігіттер өз мүмкіндіктерін тиімді қолдануларына болады. Өте жақсы идея. Мен қолдаймын. Бірінші лиганың командаларынан үміт бар ма? «Каспий» Премьер-лиганың клубы «Шахтердан» басым түсті. Бұндай турнирде барлығында үміт бар. Тағы да айтамын. Командалар қосалқы құрамын немесе аз уақыт ойнаған футболшыларды шығаруы мүмкін. Сол себепті барлық жайтты ескеру керек.
- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының осы маусымында кімдерді чемпиондыққа үміткер ретінде айтар едіңіз? Турнир кестесіндегі бәсекелестік чемпионаттың соңына дейін жалғаса ма?
- Кейінгі жылдары үміткерлер сол баяғыдан келе жатқан клубтар. Тек «Астана» тізімнен қысқарды. Бірақ «Астана» көшбасшылардан 6-7 ұпай ғана қалып келеді. Олар қуып жете ме әлде жетпей ме ол жағын білмедім. Жалпы, «Ақтөбе» мен «Ордабасы» өз қарқындарын күшейтіп келеді. Мен шымкенттіктердің соңғы «Астананы» жеңген матчына бардым. Негізінен қазір «Тобыл» бірінші орында келе жатуы тиіс еді. Алайда команданың жолы болмай қалды. Енді «Тобылды» Нұрбол Жұмасқалиев өз қолына алды. Бәлкім, футбол тілімен айтқанда, бақтары жанып қалар. «Қайрат» та тұрақты емес. Александр Кержаковтың қандай ойын үлгісін қоятыны белгісіз. Бұл командалар жайлы әлі анық емес. Осы жылы «Ақтөбе» мен «Ордабасы» чемпиондыққа басты үміткер деп ойлаймын.
- Осы маусымда OLIMPBET QFL Премьер-лигасының қатысушыларының күштері теңесті ме? Сенсациялық нәтижелер, аутсайдердің фавориттен айласын асырған сәттерін қалай түсіндіруге болады? Турнирдің сапасы өсті ме?
- Нәтижелер өзі-ақ айтып тұр. Көптеген аутсайдерлер көшбасшыларды жеңуде. «Шахтер» өз алаңында «Астана» мен «Тобылды» қапы қалдырды. Бұл клубтардың күштері теңесті деген сөз. Көшбасшылар өспеді, турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі командалардың деңгей жоғарлады. Бұған легионерлердің көмегі мен көп ұжымдардың отандық футболшыларға қатты сенім артпауы да әсерін тигізді. Сенсациялық нәтижелерді осылай түсіндіруге болады. Командалар дайын футболшыларды шақырып, күштерін ұлғайтты. Соңы осындай көрсеткішке әкелді.
- Жақын арада «Ордабасы», «Астана», «Ақтөбе», «Тобыл» еурокубоктың іріктеу кезеңдерінде өнер көрсетеді. Біздің клубтардың мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз? Күзде еурокубокты Қазақстанда күтуге бола ма?
- Еурокубок арқылы клубтарымыз тәжірибе жинайды. Барлығы мүмкін. Қарсыласқа да байланысты. Былтыр «Тобыл» әлдеқайда мықты «Базельден» басым түсті. Біздің клубтар да мықты командаларды жеңе алады. Жақсы нәтижелерді күтуге болады. Барлық отандық клубтарға барынша топтық кезеңге өтуге сәттілік тілеймін.