KZ
KZ RU
29 тамыз 2024 21:29

«Астана» Конференциялар лигасының жалпы кезеңіне шықты

29 тамыз 2024 21:29

Конференциялар лигасының плей-офф кезеңінде «Астана» клубы Норвегияның «Бранн» клубын 3:0 есебімен ірі жеңіске жетіп, турнирдің жалпы кезеңіне жолдама алды. 60 және 81-ші минутта Чинеду Джеффри дубль авторы атанса, матч соңында қосалқы құрамнан шыққан Рамазан Кәрімов 90+1 минутта ойын нүктесін қойды. Осылайша, қос матчтың қорытындысы бойынша, 3:2 есебімен елордалықтар басым түсті. Нәтижесінде астаналықтар жетінші мәрте еурокубокта доп тебеді.

Бұған дейін «Астана» ұжымы екінші раундта Молдова өкілі  «Милсамиді» (қос ойында 2:1) өтсе, үшінші раундта Румынияның командасы «Корвинулды» (қос ойында 8:2) талқандады. Енді жігіттеріміздің жалпы кезеңдегі қарсыластары 30 тамыз күні Монакода өтетін жеребе тарту рәсімінде анықталады. Одан бөлек, «Астана» клубы осы маусымда еурокубок бәсекесін жалғастыратын жалғыз өкіліміз екенін айта кетейік.

Осы маусымда еуропалық басты додалардың іріктеу кезеңіне «Ордабасы», «Ақтөбе» және «Тобыл» ұжымдары да қатысқан болатын. Шымкенттік клуб Чемпиондар лигасының алғашқы раунды мен Конференциялар лигасының екінші, үшінші раундында өнер көрсетсе, «Ақтөбе» Конференциялар лигасының бірінші раундында-ақ жарыспен қоштасуға мәжбүр болды. Қостанайлық «Тобыл» Еуропа лигасының бірінші раунды мен Конференциялар лигасының екінші раундында бақ сынады.

Qazaqstan Football League «Астана» клубын жеңісімен құттықтап, Конференциялар лигасында табыс тілейді!