KZ
KZ RU
10 ақпан 2024 14:01
OLIMPBET СУПЕРКУБОК

Қазақстан Суперкубогы халықаралық сипатқа ие болады

10 ақпан 2024 14:01

OLIMPBET – Қазақстан Суперкубогы-2024 алғаш рет республикадан тыс жерде өтеді. 17-ші мәрте ұйымдастырғалы жатқан айтулы бәсекенің басты кубогын 25 ақпан күні Анталияда (Түркия) ел чемпионы «Ордабасы» ФК және Қазақстан кубогының иегері «Тобыл» ФК өзара сарапқа салады.

 
Айта кетейік, Еуропаның үздік футбол лигаларында Суперкубокты шет елде өткізу бұрыннан бері тәжірибе жүзінде іске асып келеді. Мысалы, Франция Суперкубогының чемпионы 2009-2022 жылдар аралығында 8 мемлекетте анықталды. Ал Италия Суперкубогының жеңімпазы 6 елде белгілі болды. Сонымен қатар Испания Суперкубогының ойындары кейінгі 3 жылда Сауд Арабиясында өтті.
 
«Біздің идеямыз - Суперкубокты алғаш рет шетелге шығару және оған халықаралық сипат беру. Біз қазақстандық футболдың өрлеуіне куә болып отырмыз және біздің жетістіктерімізді әлемде ерекше қызығушылықпен бақылайды. Бұның бәрі ұлттық құраманың нәтижелерімен тығыз байланысты. Футболшыларымыз наурыз айында ЕУРО-2024 турнирінің плей-офф кезеңі аясында Грекиямен маңызды ойынын өткізеді. Біз футболшыларымыздың осы ойынға жақсы күйде болғанын қалаймыз. Сондықтан Анталиядағы Суперкубок ойыны маңызды аспектілердің бірі ретінде саналмақ. Бұл қаланы таңдаудағы себебіміз, қаңтар айынан бастап, көптеген отандық клубтардың оқу-жаттығу жиындарының өтуіне байланысты», - деді Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян.
 
Ойын «Титаник Мардан» стадионында өтеді. Бұған дейін аталмыш алаңда Қазақстан ұлттық құрамасы мен өзге елдер бірнеше мәрте жолдастық кездесулерін ұйымдастырған. «Антальяспор» клубының жаттығу базасы саналатын стадион кезінде футболдан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатын қабылдаған. Ойын  жергілікті уақыт бойынша сағат 15:00-де (Астана уақыты бойынша сағат 18:00-де) басталып, отандық «Qazsport» республикалық телеарнасы тікелей эфирде көрсететін болады.