KZ
KZ RU
08 қазан 2024 12:30
ЕКІНШІ ЛИГА

Бәсекелестік өте жоғары болды - Анатолий Зазуля AKAS-тың алғашқы чемпиондығы туралы

08 қазан 2024 12:30

QFL Екінші лигасының «Оңтүстік-Батыс» конференциясында AKAS клубы алғаш рет чемпион атанды. Алматылықтар турнир қорытындысы бойынша, 55 ұпай жинап, екіші орындағы команданы 10 ұпай артқа қалдырып кетті. Осы орайда клубтың бас бапкері Анатолий Зазуля QFL.KZ сайтына команда үшін маусым қалай өткеніне тоқталды.

 

- Анатолий Николаевич, екінші маусымыңызда-ақ алтын медальді иеленудің сәті түсті. Тіпті чемпиондық атаққа мерзімінен бұрын қол жеткіздіңіз. Бұған дейінгі QFL.KZ сайтына берген сұхбатыңызда әр матчты финал ретінде есептейтіндігіңізді айтып едіңіз. Қай ойын сіздің есіңізде қатты сақталды?

- Ең жарқын ойын ретінде сырт алаңда «Оңтүстікке» қарсы матч сақталыпты. Себебі, сол сәтте қос команда да ұпай жағынан шамалас болып, қай жеңгені чемпиондыққа фаворит саналар еді. Түзде доп тепкен қиын. Әсіресе табиғи жасыл алаң. Біз бір апта бойы табиғи алаңда дайындалып, қарсыласпен өткен алғашқы ойынды сараптадық. Матч күткендегідей тартысты, қиын және қауіпті шабуылдарға толы болды. Кездесудің соңғы бөлігінде футболшыларды сәтті алмастырғанның арқасында ойыншымыз жеке шеберлігімен гол соғып кетті. Бұл осы маусымдағы эмоционалдық тұрғыдан ең есте сақталған ойын болды. Сондықтан қарсыласқа да өз алғысымды білдіремін.

 

- Осы маусымда AKAS 18 рет жеңіске жетіп, қарсылас қақпасына 59 гол соқты. Сондай-ақ команданың көшбасшысы Сергей Гридин турнирдің үздік сұрмергені атағын иеленді. Сіз де маусым барысында бірнеше рет QFL Екінші лигасында айдың үздік бапкері атағын жеңіп алдыңыз. Сіздің ойыңызша, жетістіктің сыры неде? Чемпиондық жолда қандай қиындықтарға бетпе-бет келдіңіз?

- Жетістікке жету жолында клубтағы тынбай еңбек еткен әр адамның үлесі зор. Команданың қожайыны, басшылық, бапкерлік штаб, футболшылар бар шеберлігін салды. Әр жеке жетістік – команданың нәтижеге деген талпынысы. Қиындық әрқашан да болады. Әсіресе оңтүстік өңірде, 40 градустық ыстықта алаңға шығу оңайға түспеді. Жігіттерімізге обал және медицина қызметкерлері ойыншылардың қалыпта болу үшін көмектерін аямады. Өзге қиындықтар шешілмейтін деп айтуға келмейді. Жылдам шешім қабылдауға талап ететін сұрақтарға дереу назарымызды аудардық.

 

- QFL Екінші лигасының «Оңтүстік-Батыс» конференциясында бірнеше команда дебют жасап, 1XBET QFL Бірінші лигасының бір ғана жолдамасы сарапқа салынды. Сонымен қатар алғаш рет матчтар отандық спорт телеарналарында тікелей эфирден ұсынылды. Статистикалық мәліметтердің берілу мүмкіндігі кеңейтілді. Турнирді стадионнан көргісі келетіндердің де қатары артты. Өткен маусымға қандай баға бересіз?

- Өткен маусыммен салыстырар болсақ, турнирдің ұйымдастырылу деңгейі, статистикалық мәліметтер, трансляция жақсы жағынан өзгеріске ұшыраған. Ойындардың жазбасын көру, сараптау қолайлы болды. Футболшыларға бұл өзгеріс ұнады деп сенемін. Алдағы уақытта тағы да жақсы жаққа дами береді деп үміттенемін.

 

- Жүлделі орын үшін талас AKAS, «Оңтүстік», «Жас Қыран», «Мақтаарал» ұжымдарының арасында өрбіді. Осы орайда турнирдегі қатысушылардың деңгейі өсіп, бәсекелестіктің артқаны байқала ма?

- Иә, бәсекелестік өте жоғары болды. Себебі, біздің конференцияда 4 бірдей ұжым алдарына үлкен мақсат қойды. Шайқас қиынға түсті. Өйткені аталған әр командада ойын тағдырын бір мезетте шешіп кететін тәжірибелі футболшылар болды. Қатысушылардың деңгейі сөзсіз өскен. Футбол ырғағы жоғарлап, техникалық шеберліктері артқан. Бірақ біз бұның барлығына алдын ала дайын болдық. Сондықтан өз конференциямызда мерзімінен бұрын топ жардық.

 

- Келесі маусымда 1XBET QFL Бірінші лигасында дебют жасайсыздар. Турнирдегі деңгейді ескерер болсақ, құрамды күшейтесіздер ме? AKAS-тың алдағы жоспары қандай?

- Қазір 2006-2007 жылы дүниеге келген футболшыларды жіті қадағалаудамыз. Өйткені «лимит» деген дүние бар. Жалпы құрамды күшейтеміз. Бірақ қазіргі футболшыларымызды барынша сақтап қалуға тырысамыз. Әрине, өзгерістер болатындығын барлығы түсінеді. Алайда дәл осы жігіттеріміз чемпион атануға көмектесті. Біз де оларға алғысымызды білдіруіміз керек. OLIMPBET QFL Премьер-лига, 1XBET QFL Бірінші лигада доп теуіп жүрген кейбір тәжірибелі футболшылар біздің қатарға қосылғысы келетінін естіп, қатты таңғалдым. Бапкер ретінде бұл мен үшін үлкен қуаныш. Себебі, өз ісінің мамандары менімен жұмыс істегісі келеді.

 

- AKAS санаулы жеке клубтардың қатарына кіреді. Сіздердің мысалдарыңыз өзге де жеке командалардың пайда болуына ықпал ете ме? Футболға мемлекеттік емес ұйымдар тарапынан қолдау қаншалықты маңызды?

- Біздің чемпиондығымыз өзгелерге де әсерін тигізіп, жеке клуб ашылса, әрине қуанамыз. Көптеген футболшылар командасыз қалады. Ал жаңа клубтармен өздерін қайта көрсетуге мүмкіндік алмақ. Қолдау жағынан жеке клубтар маусым барысында тұрақты. Алайда барлығы сауатты менеджментке де тікелей байланысты. Жеке клубтар да федерация, футбол лигасы тарапынан қолдау күтеді. Қос тарап та тиімді қарым-қатынас орната алса, жеке клуб ашқысы келетіндердің қатары қалыңдай түспек.