KZ
KZ RU
01 шілде 2024 22:56
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Бірінші айналым аяқталды: 13-ші тур қалай өтті?

01 шілде 2024 22:56

29 маусым - 1 шілде күндері аралығында OLIMPBET QFL Премьер-лигасының бірінші айналымы мәресіне жетіп, бірқатар қызықты кездесулер өтті.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 6 ойында 21 гол соғылды;

- 35 сары қағаз көрсетілді;

- «Елімай» 5 тур қатарынан қарсыласымен тең тарқасты;

- «Қызылжар» өз алаңында сәуірден кейін енді ғана жеңіске жетті;

- «Тұран» осы маусымда бірінші рет өз алаңында жеңісті тойлады;

- «Ақтөбе» - «Тобыл» ойынында осы маусымдағы ең көп 7 гол соғылды.

 

«Қызылжар» - «Шахтер» - 2:0

Голдар: Олексий Щебетун, 56 минут (1:0), Лука Имнадзе, 90+1 минут (2:0)

«Қызылжар» өз алаңында айқын фаворит болса да, букмекерлер алаң иелерінің жеңісіне қатты сенімді болмады. Оған себеп те бар. Өйткені петропавлдықтар соңғы рет өз алаңында сонау 6 сәуірде «Жеңісті» 4:0 есебімен жеңген еді. Содан бері команданың жағдайы нашарлап, енді «Шахтерға» есе жібергенде ұшу аймағына жақындайтын еді. Бірақ жауапты сәтте Әли Әлиевтің шәкірттері жинақталып, лайықты өнер көрсете білді. «Шахтер» бір тайм бойы қарсыластың екпініне шыдағанымен, екінші таймда қақпашының алға шығып кету салдарынан Олексий Щебетунның гол соғуына мүмкіндік беріп қойды. Бұл гол «Қызылжардың» жеңісі үшін маңызды болып, қосымша минутта қарымта шабуылдың арқасында ойынның нүктесін қойды.

 

«Ордабасы» - «Қайсар» - 2:1

Голдар: Айбар Жақсылықов, 7 минут (0:1), Жасурбек Яхшибоев, 54 минут (1:1), Дембо Дарбо, 84 минут (2:1)

8 матч бойы жеңіліссіз сериямен келген командалар көрермендерге өте қызықты матч сыйлай білді. Алаң иелері өз күштеріне сеніп, бірінші минуттан шабуылға шыққанымен, қонақтар жылдам есеп ашты. «Ордабасы» көп шабуыл ұйымдастырғанымен, дәлдік жағы жетіспеді. Олар 90 минутта қарсылас қақпасына 19 рет соққы жасаса да, оның төртеуі ғана дәл бағытталды. Алайда екінші таймда Жасурбек Яхшибоевтың керемет айып соққысы тараз басын теңестірді. «Қайсар» сырт алаңда ел чемпиондарына қарсы доп тепсе де, еш сескенбей, жеңіске жетудің де амалдарын жасады. Ал 75-ші минутта қосалқы құрамнан шыққан Дембо Дарбо кездесуге өзгеріс енгізіп, командасына жеңіс сыйлады. Қалған уақытта бұл футболшы керемет пасымен үшінші голды да соғуға мүмкіндік жасағанымен, командаластары пайдалана алмады. Осылайша, шымкенттіктер 2 тур қатарынан камбэк жасап, көшбасшылық орынын сақтап қалды.

 

«Астана» - «Қайрат» - 1:3

Голдар: Кипрас Казуколовас, 28 минут (1:0), Жоао Пауло, 29 минут (1:1), Әділет Садыбеков, 67 минут (1:2), Дмитрий Сергеев, 90+5 минут (1:3)

Соғылмаған пенальти: Эльхан Астанов («Астана»), 51 минут

«Астана» өз алаңында ойнағанымен, «Қайраттың» жанкүйерлері басым болды. Себебі, кездесу Алматы қаласында өткен болатын. Бірақ бірінші тайм «Астана» командасының сәл басымдығымен өтіп, 28-ші минутта Кипрас Казуловкас есеп ашты. Бұл басымдық ұзақ сақталмады. «Қайрат» араға 1 минут салып, Жоао Паулоның соққысымен есепті теңестірді. Екінші таймның басында «Қайрат» қақпашысы Вадим Ульянов айып соққысы кезінде орынсыз секіріп, Марат Быстровтың үстіне құлады. Алайда осы маусымда пенальтиді сәтті орындап жүрген Эльхан Астановтың соққысын қонақтардың қақпашысы дәл тауып, қателігін дер кезінде жөндеді. Кейін биылғы маусымда өте жақсы өнер көрсетіп жүрген Әділет Садыбеков стандартты жағдайдан «Қайратты» алға шығарды. Астаналықтар қанша шабуылдағанымен, Вадим Ульянов соққыларды шебер қайтара білді. Ал қосымша минутта алаңға шыққан Дмитрий Сергеев 1 минуттың ішінде көзге түсіп, жеңімпаз мәселесіне нүкте қойды.

 

«Елімай» - «Жетісу» - 1:1

Голдар: Асхат Балтабеков, 54 минут (0:1), Иван Свиридов, 62 минут (1:1)

«Елімай» клубы бұл матчқа көшбасшы Шина, Корнет сынды футболшыларын қатарға қоса алмаса да, фаворит саналды. Себебі, онсыз да құрамы жағынан семейліктер мықты еді. Алаң иелері бірінші таймнан-ақ жылдам гол соғуға ұмтылды. Бірақ осы маусымда бірнеше ойынның үздік ойыншысы атанған қақпашы Арсен Сиукаев қателікке жол бермеді. Екінші таймда ауа-райы күрт бұзылып, жаңбырмен қоса қатты жел де тұрды. Бұл «Жетісуге» өз пайдасын тигізді. Кезекті бұрыштама сәтінде Асхат Балтабековтың көтерген добы желдің күшімен бағытын өзгертіп, қонақтарды алға шығарды. Алаң қожайындары жедел арада өзгерістер жасап, Жан Али Пайруз, Никита Корзун сынды қосалқы футболшыларды шығарды. Арада 4 минут өткенде Жан Али Пайруз бірнеше қорғаушының арасынан Иван Свиридовқа керемет нәтижелі пас шығарды. Қалған уақытта да Никита Корзун белсенген еді. Алайда төреші голды санамады. Осылайша, «Елімай» 5 тур қатарынан қарсыласымен тең тарқасты.

 

«Ақтөбе» - «Тобыл» - 3:4

Голдар: Ислам Чесноков, 16 минут (0:1), Ахмед Эль Мессауди, 27 минут (0:2), Игор Иванович, 45 минут (0:3), Әлібек Қасым, 52 минут (1:3), Дорни Ромеро, 58 минут (2:3), Ислам Чесноков, 73 минут (2:4), Дорни Ромеро, 90+1 минут (3:4)

Жанкүйерлерге лық толы Қобыланды батыр атындағы орталық стадионның алғашқы таймы тып-тыныш өтті. Себебі, алаң иелері футболшыларының түсініспеушілігінен «Тобыл» 3 бірдей гол соғып кетті. Екінші таймда жергілікті көрермендердің қолдауымен «Ақтөбе» алға ұмтылып, 2 пенальтимен есепті қысқартты. Артынша тағы да қонақтар қақпасына 3-ші пенальти болатындай көрінген. Бірақ бас төреші VAR жүйесінен кейін пенальтиді белгілеуден бас тартты. Осы матчтың үздік ойыншысы болған Ислам Чесноков қостанайлықтардың 4-ші голын соққаннан кейін жеңімпаз анықталғандай көрінген. Бірақ қосымша минутта Дорни Ромеро тағы да есепті қысқартты. Нәтижесінде қос клуб та төрешінің соңғы ысқырығына дейін жан алысып, жан берісіп, «Ақтөбе» командасының 6 серияға жалғасқан жеңіліссіз сериясы тоқтады.

 

«Тұран» - «Атырау» - 2:1

Голдар: Никола Цуцкич, 14 минут (1:0), Леонардо Вака, 90+5 минут (2:0), Александр Нойок, 101+1 минутта пенальти (2:1)

Соғылмаған пенальти: Феди Бен Чуг («Тұран»), 45+1 минут

«Тұран» осы кездесуге дейін өз алаңында 4 рет қатарынан қарсыласына есе жіберген еді. Алайда барлық ойында соңына дейін күресті. Сондықтан букмекерлер «Атыраудың» жеңісіне толық сенімді болмады. Шынында да «Тұран» бірінші таймда бір дәл соққысымен есеп ашты. Артынша пенальтиден есепті еселейтін мүмкіндігі болды. Бірақ нүктеге келген Феди Бен Чуг допты биік тепті. Ал қонақтар соққы жағынан басым болса да, 1 ғана дәл соққы жасай алды. Екінші тайм толыққанды «Атыраудың» басымдығымен өтті. 4 матч бойы жеңілмей келген қонақтар «Тұранның» қақпасын тоқтаусыз нысанаға алды. Бірақ алаң иелері қарымта шабуылға иек артып, қосымша минутта иығын ауыртып алған Леонардо Вака бос қақпаға екінші голды соқты. Соңғы секундтарда кездесуді мінсіз өткізген Тимурбек Закиров жоқ жерден пенальти әкелді. Салдарынан Александр Нойок жұбаныш голын соқты. Бірақ барлығы кеш еді. Нәтижесінде «Тұран» осы маусымда бірінші рет өз алаңында жеңісті тойлады.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 14-ші тур ойындары 13-14 шілде күндері өтеді.