Біз үшін әр матч финал – AKAS ФК бас бапкері Анатолий Зазуля
QFL Екінші лигасында жеңімпаздың бірі – AKAS клубы атануы әбден мүмкін. 13 турдың қорытындысы бойынша, алматылықтар 34 ұпаймен «Оңтүстік-Батыс» конференциясында қарсыластарынан оқ бойы озып тұр. Осы орайда клубтың бас бапкері Анатолий Зазуля «Жас Қыранға» қарсы дербидің алдында QFL.KZ сайтына команданың қазіргі жай-күйіне тоқталды.
- Анатолий Николаевич, QFL Екінші лигасының дебюттік маусымын 6 орынмен аяқтап едіңіздер. Енді осы жылы «Оңтүстік-Батыс» конференциясында сенімді түрде көш бастап тұрсыздар. 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасына бір ғана жолдама берілетінін ескерсек, жоғарыға көтерілу сіздердің басты мақсаттарыңыз шығар? Дәл қазіргі сәтте командаңыз екінші деңгейдегі турнирде күш сынасуға дайын ба?
- Иә, басты мақсатымыз – чемпион атанып, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасына жолдама алу. Былтырғы біз үшін таныстық жылы болды. Өз күшімізді, бапкерлер кеңесін, ойыншыларды тексердік. Осы жылғы мақсатымыз өте жоғары және футболшылардың сапасы да соған лайық болды.
- AKAS осы маусымда «Іле-Алатаудан» ғана жеңіліп, одан кейін 10 матч бойы қарсыластарынан басым түсіп келеді. Сондай-ақ, клуб QFL Екінші лигасында ең көп 42 гол соқты. Сіздерге тұрақтылықты ұстау қаншалықты мүмкін болды? Екінші айналымда да осы қарқындарыңызды ұстай аласыздар ма?
- Қазіргі нәтижелерімізге көптеген факторлар әсер етті. Ең бастысы, біздің құрамада тәжірибелер футболшылар болып, бапкерлік штабта біршама өзгерістер жасалды. Әр ойыншыны мұқият қарап, алдық. Әр шепте Премьер-лига және шетелде доп тепкен тәжірибелі футболшыларға басымдық бердік. Тәжірибелі футболшылардың айналасына өткен маусымнан бергі және біршама жаңа жас ойыншыларды жинақтадық. Жас жігіттерімізге үлкендердің тәжірибесін бойға сіңіргені маңызды. Чемпиондық қарқынды ұстап тұру өте қиын. Сондықтан жаттығуда қалыпқа келу, спорттық тағамдарды қолдануға дейін қатты мән береміз. Бұл жарақат алудан қорғап, футболшылардың шектен тыс жаттықпауына көмектеседі. Бапкерлік штаб пен ойыншылар жаттығу бөлмесінде эмоциялық жай-күйді қалыпта ұстауға тырысады. Жігіттеріміз әр матчтың маңыздылығын сезінеді. Сол себепті күн сайын барлық ерік-жігерін салады. Барлығы өз ісінің шеберлері.
- QFL Екінші лигасының 14-ші турының орталық матчында сіздің клубыңыз «Жас Қыранды» қабылдайды. Бұл матчқа дайындық қалай жүргізілуде? Жеңіліссіз серия жалғаса ма?
- Серияның жалғасатыны немесе жалғаспайтыны тек ысқырықтан кейін белгілі болады. Матчқа күнделікті дайындалудамыз. Қарсыласты зерттеу, тактикалық өзгерістер, құрам және т.б. Бұл дерби. Дербиде мінез көрсеткен команда ғана жеңіске жетеді. Біз кездесуді асыға күтеміз!
- Осы маусымдағы бәсекелестікті қалай бағалайсыз? 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасына шығу үшін басты қарсылас ретінде кімді көресіз?
- Былтырғы маусыммен салыстырғанда қарсыластардың деңгейі өскен. Көптеген жақсы командалар бар. Олардың жігері қуантады. Жас ойыншылар орны толмас тәжірибе жинақтайды. Біз үшін әр матч – финал. Әр қарсылас күтпеген жайтты тіркеуі мүмкін. Турнир кестесінде клубтар қай орында тұрса да, барлығына бірдей дайындаламыз.
- 37 жастағы AKAS-тың шабуылшысы Сергей Гридин 17 голмен үздік сұрмерген атағын иеленіп тұр. Сонымен қатар, ұлттық құраманың экс-футболшысы QFL Екінші лигасының «Оңтүстік-Батыс» конференциясында үш мәрте «айдың үздік ойыншысы» номинациясын жеңіп алды. Осындай тәжірибелі футболшылар командаға қаншалықты пайдасы тиеді? Трансфер кезеңі ашық екендігін ескерсек, клуб бірнеше позицияны белді ойыншылармен күшейтуді қажет ете ме? Әлде болашағы бар жас футболшыларды шақырасыздар ма?
- Бұған дейін мен жас футболшылардың үлкендерден үйрену керек екенін айтқан болатынмын. Сергей Гридин – өз ісінің нағыз маманы. Біздің сапымызда бірнеше осындай футболшылардың болғаны қуантады. Әрқайсысының команда мен жаттығу бөлмесінде өз орны бар. Трансферлік кезеңде бірнеше позиция бойынша жас футболшыларды қатарымызға қостық. Сондай-ақ, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасы мен OLIMPBET QFL Премьер-лигасындағы ойыншыларды шақырдық. Трансфер бойынша жақын арада әлеуметтік желіде жариялайтын боламыз.
- Бір сұхбатыңызда AKAS клубынан белді клубта, ұлттық құрамада ойнай алатын футболшы шықса, қуанамыз деп едіңіздер. Кандидаттар шықты деп айтуға бола ма?
- Иә, бар. Бірнеше жас футболшыларды түртіп алдық. Жақын арада оларды шетелге жіберуді жоспарлаудамыз. Әзірше барлығымыз ішкі чемпионатқа назар аударып жатырмыз. Болашақты талқымай тұра тұрайық.
- QFL Екінші лигасы биылғы маусымнан бастап, толыққанды тікелей эфирден көрсетілуде және мобильді қосымша да іске қосылды. Бұл өзгеріс матчқа деген қызығушылықты арттыра алды ма? QFL Екінші лигасында болашақ отандық футболдың жұлдыздары бар ма?
- Әрине, трансляция сапасы былтырғыдан қарағанда әлдеқайда жақсарды. Комментатормен және жоғары сапада көру өте жағымды. Қызығушылық сөзсіз өсті. Өйткені көруге мүмкіншілік жасалды. Демеушілер өз логотиптерін байқап, футболшылар аттарын естуде. Бұл сөзсіз дамуға бағытталған қадам. QFL Екінші лигасында отандық футболдың болашақ жұлдыздары көп. Олар өз жұмыстарын, біз өз жұмысымызды жасап жатырмыз. Егер сіздердің тараптан қолдау болса, барлығымыз дұрыс бағытқа бет аламыз.
Айта кетейік, бүгін QFL Екінші лигасының «Оңтүстік-Батыс» конференциясының 14-ші турында AKAS өз үйінде «Жас Қыранды» қабылдайды. Ойын кешкі 19:00-де Алматы қаласындағы «Жас Қыран» стадионында өтеді. Матчты тікелей эфирден Q Arena телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасы арқылы көре аласыз.