Біз тартымды футбол көрсетеміз - «Қайрат-Жастар» командасының аға бапкері Жора Арутюнян
1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының осы маусымында «Қайрат-Жастар» командасы сенімді түрде ойнап жатыр. Қазіргі таңда алматылықтар ең көп голды соғып, турнир кестесінде екінші орында келеді. «Сары-қаралардың» мақсаттары қандай? Жетістіктерінің сыры неде? Осы орайда «Қайрат-Жастар» командасының аға жаттықтырушысы Жора Арутюнян «Таразға» қарсы ойынның алдында QFL.KZ сайтына сұхбат берді.
- Жора Ашотович, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының осы маусымында «Қайрат-Жастар» командасы сенімді түрде өнер көрсетуде. 21 турдың қорытындысы бойынша, алматылықтар «Оқжетпестен» 2 ғана ұпай қалып, турнир кестесінің екінші орынында тұр. Сіздердің тұрақтылықтарыңызға не әсер етеді? Биылғы маусымда «сары-қаралардың» жетістігінің сыры неде?
- Осы жылы бапкерлік штаб пен ойыншылардың ойы бір жерден шығып, соның арқасында сәтті өнер көрсетудеміз. Бапкерлік штабта ешкімді бөліп жармай, жаттықтырушы-көмекші Максим Зуев пен Олег Недашковский, қақпашының бапкері Евгений Овчинников, жалпы дене дайындығы бойынша бапкер Иван Каркачев, сарапшы-жаттықтырушы Алексей Анкудинов, дәрігер Шыңғыс Жақшымбетуулу, массажист Карен Хрипачёв, команданың әкімшісі Аймұхамет Ақбузовты айтқым келеді. Мамандардың үлестері орасан. Жігіттерге тек олардың жақсы қасиеттерін сіңірсе жеткілікті. Бұған футболшылардың ниеттері де керек.
- Өз тарихында «Қайрат-Жастар» ең жоғарғы үшінші орынға 2017 жылы қол жеткізді. Биыл команда осы жетістігін қайталап, тіпті алтын мен күміс жүлде де жеңіп алуға қауқары бар. Сіздердің мақсаттарыңыз қандай? Регламенттің талабына сәйкес OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шыға алмайтындарыңызды ескерсек, футболшыларыңызды қалай жігерлендіресіз? Әлде «Қайраттың» мерейтойына тұспа-тұс келген маусымда барлық кубокты жеңіп алғыларыңыз келе ме?
- Жігіттерді жігерлендірудің еш қажеттілігі жоқ деп ойлаймын. Олар кеудесіндегі таңбасы үшін барын салады. Ойыншыларымыз «Қайрат-Жастар» командасымен ең жоғарғы орынды иеленіп, тарихта қалуға тырысады. Алайда біздің алдымызда матчтар өте көп. Қорытындыны тек турнир соңында ғана жасаймыз. Біз үшін «Қайрат» клубының чемпион болғаны маңызды. Сол кезде ғана барлығымыз қуанамыз.
- Сіздің командаңыз ең көп 54 гол соққанымен, көп гол да (34 гол) жібереді. «Қайрат-Жастардың» ойын стилін қалай бағалар едіңіз?
- Ойын стиліміз қарапайым – тартымды футбол ойнаймыз. Жігіттеріміздің жас екендігін ескерсек, кейде ырғақ жетіспей қалады. Салдарынан гол жібереміз. Біз жас футболшылардың дамуына үлес қосып жатқандықтан, жігіттер бірде өсіп, бірде құлдырайды. Бұл гол соғу мен гол өткізу көрсеткішіне тікелей әсерін тигізеді.
- 22-ші турдың орталық матчында сырт алаңда ТОП-3-ке таласып жатқан «Тараз» клубына қарсы доп тебесіздер. Бірінші айналымда сіздер қарсыластан 0:1 есебімен жол беріп едіңіздер. Бұл кездесуге қалай дайындалып жатырсыздар? Реванш бола ма?
- Дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бірінші айналыммен салыстырғанда, командадан көптеген ересек жігіттеріміз кетіп қалды. Қазір жас әрі «аш» футболшыларға мүмкіндік берудеміз. Егер олар осы қарқында жалғастырса, мүмкіндігіміз болады. Ал былайша, Тараз қаласында ойнау кімге болса да, оңайға соқпайтыны түсінікті.
- 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының осы маусымында алғашқы екі орын үшін талас қызу жүруде. Жоғарғы дивизионға көтерілу үшін «Оқжетпес», «Хан-Тәңірі», «Ұлытау», «Каспий», «Тараз», «Жетісай» клубтары бәсекеге түсіп жатыр. Чемпиондыққа деген тартысты қалай бағалар едіңіз?
- Бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Премьер-лигаға шығуға мақсат қойған көшбасшылардан ұпай алған кездеріміз өте жақсы әсер сыйлайды. Менің ойымша, Премьер-лигаға «Оқжетпес» пен «Ұлытау» клубтары шығады. Командалық ойынымен «Жетісай» да ұнайды. Өзара 2 ойында көрермендер голдар шеруіне куә болды.
- Жастар командасының басты міндеті – негізгі құрамға футболшы дайындау. Қазіргі таңда «Қайрат» және Қазақстан ұлттық құрамасы сапында доп тебе алатын футболшы бар ма? Жастармен жұмыс істегенде не маңызды?
- Біздің ойыншыларымыз Қазақстанның жастар және жасөспірімдер құрамына тұрақты түрде шақырылады. Барлығының мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Тек ол үшін жасыл алаңда өздерін көрсете білуі керек. Ұлттық құраманың жаттығуына да шақырылатын жігіттеріміз бар. Істеріне жауапкершілік алып, алға тырысса, барлығын жарқын болашақ күтіп тұр. Ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді. Себебі, жастарымыз босаңсымауы тиіс. Маусымдағы жетістік – барлық команданың еңбегі. Осы орайда біздің жастарымыздың 90 пайызы қыркүйек айының ортасында басталатын УЕФА Жасөспірімдер лигасына қатысатындығын айта кетейін. Мақсатымыз өте жоғары. Барынша алысқа шапсақ дейміз. Мысалы, өткен турда «Ақжайыққа» қарсы ойнаған 10 футболшы алдағы уақытта Еуропа ареналарында өнер көрсетеді.
Айта кетейік, бүгін 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасы аясында 22-ші турдың орталық матчында «Қайрат-Жастар» сырт алаңда «Таразбен» күш сынасады. Матч кешкі 19:00-де Тараз қаласындағы орталық стадионда өтеді. Тікелей эфирді Q Football телеарнасы, QFootball.kz және QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыз.