Біздің мақсатымыз – отандық футболдың имиджін көтеру – Qsport басшысы 2024 маусымдағы QFL трансляциялары туралы
2024 жылғы маусымда алғаш рет QFL турнирлерінің барлық матчтары тікелей эфирде көрсетілді. Сонымен қатар статистикалық ақпаратты беру көбейіп, тікелей трансляцияның сапасы артты. Бұның барлығы Qsport медиа тобының ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Осы орайда компанияның жетекшісі Әлібек Сәрсембаевпен бірге жылды қорытындыладық.
- Әлібек, осы жылы алғаш рет Qazaqstan Football League турнирлерінің барлық матчтары тікелей эфирде ұсынылды. Аталмыш міндеттің орындалуын қалай бағалайсыз?
⁃ Маусым басталмай тұрып, Qsport компаниялар тобы QFL-мен ынтымақтастық орнатты. Келісім-шарттың маңызды тұсы - отандық клуб футболының матчтарын өндіру мен медиа құқығы болды. Біз 2024 - 2030 жылдар аралығында Лиганың ресми серіктесі атандық. Басты міндетіміз - бейнекамералардың санын арттыру, көрсетілімнің сапасын жақсарту сынды жұмыстағы жаңа техникалық стандарттармен ғана шектелмейді. Отандық футболды ұзақ мерзімде сапалы медиа өнімге айналдырып, жаңа тәжірибе мен сараптама жасауға тиіспіз. Осы бағытта дұрыс бағытты таңдадық деп санаймын. Бірақ бұл бастамасы ғана. Сөзсіз, қиындықтар болды, бола береді. Бірақ біз оптимистік көңіл-күй танытып, тек алға қараймыз.
⁃ Осыған дейін Qazaqstan Football League президенті Ғани Қайназаров өз сұхбатында барлық матчтарды көрсету мақсаты орындалғанын айтқан болатын. Бұл дегеніміз бір маусымда 700-ден астам ойынды құрайды. Алайда көрермендер тарапынан сын да айтылды. Бұл мәселенің басты себебі неде деп ойлайсыз?
- Футбол – үнемі өзгерістерге толы болатын үлкен телевизиялық өнім. Көрермендердің сұранысы артқан сайын, өндірушілер де бейнекамера, статистика, графика, қосымша контенттердің сапасы мен санын арттыруға тырысады. Қазақстандағы футболға қызығушылықтың артқанын ескерсек, біздің жанкүйерлер баяғыдан бері сапалы трансляцияны талап етіп келеді. Біздің миссиямыз - заманауи теле қондырғылармен қамтамасыз ету арқылы спорттық оқиғалардың трансляциясын жаңа деңгейге шығару әрі көрермендерге спортты қолжетімді, жарқын ету. Иә, осындай көлемдегі матчтарды өндіру біз үшін өсімнің жаңа көрсеткіші болды. Біз QFL турнирлерінің толық көрсетілімін алғаш рет ұйымдастырған ұжымбыз. Осы жылы турнирлердің саны тоғызға дейін жетті. Олар: Премьер-лига, Бірінші лига, Екінші лига, Қазақстан кубогы, Лига кубогы, Әйелдер лигасы, Әйелдер кубогы, Суперкубок және маусым алдындағы Winter Cup турнирі. Осындай көлемдегі тікелей эфирді ұйымдастыру - көп қырлы және қиын міндет. Себебі, оған көптеген мамандар жұмылдырылып, қорытынды нәтижеге көптеген факторлар әсер етеді. Тіпті оның кейбіріне әсер ете де алмайсың. Мысалы - инфрақұрылым. Өкінішке қарай, кейбір стадиондар техникалық регламент талаптарына сай келмейді. Интернет желісі нашар немесе мүлдем жоқ. Бейнекамералардың орналасу позициясы қолайсыз, электр жүйесі жиі істен шығады. Кей сәттерде біз техникалық құрылғыларды қауіпті сәтке қоюға тура келді. Алайда кез келген телевизия қызметкері үшін эфир бірінші орында тұрады. Сондықтан біз Лигамен бірлесе жедел шешім қабылдап, матчты көрсету барысындағы мәселелерді дереу арада реттедік. Иә, көрермендер тарапынан сын болды. Бірақ ешнәрсе істемеген адам ғана қателеспейтінін ескерген жөн. Біз үнемі мониторинг жасап, ақылға қонымды ұсыныстарды қабылдадық. Соның арқасында сапаны жақсарттық. Соңғы бағаны көрермендер береді. Өз кезегімізде біз отандық футболдың көрсетілімі қолжетімді, ыңғайлы, сапалы болу үшін барлығын жасаймыз. Менің ойымша, бұл міндетті орындай алдық.
- Жанкүйерлердің басты сұраныстарының бірі - еуропалық турнирлер секілді трансляция сапасына қол жеткізу. Аталмыш міндетті орындау үшін, не істеу қажет?
- Мүмкін емес дүние жоқ. Осы стандартқа жетуге ұмтылуға тиіспіз. ТОП-5 лиганың стадиондары үнемі лық тола болады. Бұл да көрініске әсер етеді. Осы маусымда трибуна толы көптеген матчтар болды. Бұл трансляциялар жақсы пікір қалдырды. Стадионда ине шаншар орын жоқ болса, арена техникалық талапқа сай болса, жақсы телевизиялық өнім шығады. Бұл жерде техникалық құрылғылар мен жаңашылдықты енгізу де маңызды рөл ойнайды. 2024 жылғы маусымға дейін теледидарда көп жағдайда Премьер-лига, Қазақстан кубогы, Қазақстан Суперкубогының ойындары ғана көрсетілді. Ал Бірінші және Екінші лиганың матчтарын тек интернеттен ғана тамашалай алатынсыз. Оның үстіне кей трансляциялар ғана таңдалып, комментаторсыз өтетін. Сондай-ақ, тікелей эфирде статистика көрсетілмей, кей кездесулердегі көрсетілім таймның ортасында үзіліп, бір ғана робот камерасы орнатылатын. Бұның барлығы көрермендердің қабылдауына кері әсерін тигізіп, сын одан сайын артты.
2024 жылы маңызды қадам жасадық. Бұл әлі басы ғана екеніне сеніңіз. Бейнекамералардың санын арттырып, жаңа стандарт қойдық. Мысалы, Премьер-лига матчтары кем дегенде жеті ракурстан көрсетілді. Қайталау сәтін жақсартып, жанкүйерлердің эмоцияларын дер кезінде ұсындық. Квадрокоптер арқылы көріністі көрсетіп, Лига кубогының финалдық трансляциясында қақпаға қосымша видеокамераларды орнаттық.
Екінші жаңашылдығымыз - статистиканы енгізу. Vsporte компаниясындағы әріптестерімен шынайы уақытта матч бойынша кешенді ақпараттарды эфирде, Лиганың сайтында, командалардың тактикалық схемалары, таймның және жалпы матчтың статистикасы, қосымша көрсеткіштерді бердік. Графикалық пакетті толықтай өңдеп, Лига кубогының финалдық ойынында толықтырылған шынайлықты (AR), футболшылардың трекингі, 3D-графика, терендетілген статистиканы қолдандық.
Үшінші жаңашылдығымыз - әр матчта кәсіби комментаторлар жұмыс істеді. Мемлекеттік тілде жүргізетін мамандарға басымдық бердік. Футбол және жалпы спорт - көңіл-күйді көтеру индустриясының бөлігі, шоу екенін ескеру қажет. Сондықтан көрермендердің назары мен уақытын ақтау үшін барлығын жасауға тиіспіз.
- Өзіңіз айтқан міндеттердің орындалуына біршама қызметкерлердің көмегі қажет. Осы орайда Qsport келесі маусым сапалы әрі көлемді өнім шығару үшін команданы толықтай жасақтай алды ма?
- Медиа тобымыздың құндылығы – адамдар, және үлкен көлемдегі трансляцияны өңдеу үшін, командамыздың көбеюіне тура келді. Біз отандық нарықта мамандардың санын арттыру мақсатында академия аштық. Қысқа ғана мерзімде еліміздің барлық өңірінен 350 адам инженер, оператор, режиссер, продюсер мамандығы бойынша білім алды. Тегін курстардың арқасында олар кепілді түрде жұмысқа тұрды. Осының нәтижесінде екі жүздей адам спорттық телевизиядағы қызметті жаңа мамандық ретінде таңдады. Ал біздің нарық жас әрі білікті мамандармен толықты. Бұдан бөлек, Алматы қаласында қазақ тілді комментаторлар үшін арнайы курсты да іске қосқанымызды айта кеткеніміз жөн. Енді спорт журналистері, әлеуметтік желінің редакторлары, футбол блогерлерінің деңгейін арттыру мақсатында еліміздегі алғашқы онлайн мектепті ашуға дайындалып жатырмыз.
- Көрермен осыған дейін трансляцияны көпшілікке қолжетімді YouTube арқылы көретін еді. Енді контентті дистрибуциялау стратегиясын өзгерту нәтижесін қалай бағалайсыз?
- YouTube арқылы матчтардың көрсетілімінің тоқтағанын футбол сүйер қауым оңайлықпен қабылдай алмағанын білемін. Иә, платформа ыңғайлы, қолайлы. Алайда біздің турнир де дамуын естен шығармау керек. Ол коммерциялық өнім болуы тиіс. Осы орайда трансляция стратегиясы мен жанкүйерлермен жұмыс басты рөл ойнайды. Барлық көшбасшы лигалардың ақылы платформаға көшіп, табыс табатынына мән беріңіз. Біз велосипед ойлап тауып жатқан жоқпыз. Бұл табиғи даму.
Көпшілігі отандық футболдың жеке платформаға көшуін жанкүйерлер үшін қолжетімсіз және ақылы болады деп түсінді. Бірақ олай емес. Тек қана отандық футболды көрсету мақсатына арналған QFootball телеарнасы іске қосылды. Сондай-ақ, матчтар QArena мен QLeague телеарналарында көрсетіліп, QFL ресми сайтында да трансляция қосымша берілді. Трансляцияның қолжетімділігі мақсатында бірқатар матчтар серіктестеріміздің эфирінде ұсынылды. Көрермендер шешуші ойындарды Республикамыздың барлық өңірінде хабар тарату мүмкіндігі бар алғашқы ұлттық спорттық телеарнамыз Qazsport арқылы тамашалауға мүмкіндік алды. Премьер-лиганың бірқатар кездесулерін Sport+ Qazaqstan телеарнасы да көрсетті.
Осы бағытта маңызды қадамымыз – өзіндік, тегін ОТТ-платформасын (Qfootball мобильді қосымшасы мен Qfootball.kz сайты) қосу болды. Ол жерде көрермендерге трансляциядан бөлек, матчтардың шолуы, хайлайт, ойындардың толық жазбасы, Qsport телеарналарының көрсетілімдері қолжетімді. Маусымның соңында платформа қолданушыларының саны жарты миллионға жеткенін айта кетейік. Жалпы ойындар 15 платформада (ID TV, TV+, Alma TV, Bee TV, Tele2 TV, Altel TV, Кинопоиск, OTAU TV, TVCom, Транстелеком, QFilm, QFootball, Elitecom, Galam TV, Megogo) ұсынылды.
- Qsport-тың алдағы жоспары қандай?
- Келесі жылы бес жылдығымызды атап өтеміз. QFL матчтарынан бөлек, Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы, Конференция лигасы, футзалдан Қазақстан чемпионаты, футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі және Әлем чемпионатының финалдық кезеңін көрсетуге құқығымыз бар. Ресей Премьер-лигасы, MotoGP, FIBA Basketball турнирлерін де ұсына аламыз. Сондықтан, көрермендеріміз 2025 жылғы маусымда отандық футболдан тыс, телевизиялық және digital-өнімдердің кең желісін көреді.
Осы маусымда біз тікелей эфирде QFL турнирлерінің орталық матчтарын талқылауға арналған студиялық бағдарламаны іске қостық. Ойынға дейін және кездесуден соң, көрермендер сараптамалық материалдарды көріп, білікті футбол сарапшыларының пікірін естіді. Премьер-лиганың шешуші турында Симулкасттың да үлкен рөл ойнағанын айта кетейік. Үш сағат бойы бір телеарнада барлық алты матч бір мезетте көрсетіліп, графикалық материалдармен қамтылып, жанкүйерлер ұлттық құрамамыздың бұрынғы бас бапкері Магомед Адиевтің пікіріне қанық болды. Бұл отандық футбол трансляцияларының тарихында алғаш рет ұйымдастырылды.
Бізге алдыңғы қатарлы контент пен сапалы өнімді ұсыну маңызды. Осы кезге дейін отандық футболдың дамуы мен медиа өнімнің өндірісіне жеке қаражатымыздан 500 миллион теңгеден астам инвестиция жасадық. Келесі жылы да осы бағытты жалғастырамыз. Өйткені, біздің басты мақсатымыз – демеуші мен жанкүйерлердің алдында отандық футболдың имиджін жоғарлатып, сапалы өнім жасау. Осы сәтті пайдалана отырып, сенім білдірген, тиімді ынтымақтастық жасаған Qazaqstan Football League басшылығына алғысымды білдіріп, барша отандық жанкүйерлерді келе жатқан 2025 жаңа жылымен құттықтаймын!
- Сұхбатыңыз үшін рақмет! Сізді де жаңа жылыңызбен құттықтаймын!