KZ
KZ RU
22 қазан 2024 12:10
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

Чемпиондық атаққа 5 команда таласқаны қатты қызықтырды – Әлімжан Асқар

22 қазан 2024 12:10

Футболдан 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасы өз мәресіне жетуге жақындады. Республика күніне тұспа-тұс келген 25 қазан күні шешуші 30 тур ойындары өтеді. Алайда әлі чемпиондық атақтың кімге бұйырып, QFL Екінші лигасына кімнің төмендейтіні белгісіз. Осы орайда белгілі спорт комментаторы Әлімжан Асқар QFL.KZ сайтына өз ойымен бөлісті.

 

- 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасы осы аптада аяқталады. Чемпиондық пен OLIMPBET QFL Премьер-лигаға жолдама иегерлері белгілі болды деп айта беруге бола ма? Бұл командалар келесі жылы Жоғары дивизионда ойнауға дайын ба?

- 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 30-шы турында көш басындағы «Оқжетпес» клубы «Қайсар» жастарын қабылдаса, екінші орындағы «Ұлытау» астаналық SD Family-мен кездеседі. Екі фаворит те жеңіске жетіп, турнир кестесінде өзгеріс болмайды деп ойлаймын. Сондықтан «Оқжетпесті» чемпиондықпен құттықтай беруге асықпын. Көкшетаулықтар маусым бойы тұрақты ойынымен қуантты. «Ұлытау» болса, турнирді сәтсіз бастағанымен, алға қойған мақсатына жетуі үшін қарқын қосты. Екеуі де келер жылы OLIMPBET QFL Премьер-лигада лайықты ойын көрсете алады деп сенемін.


- Чемпиондық атақ үшін командалар соңына дейін таласуда. Жалпы сіз осындай болады деп күттіңіз бе? Қай клубтың ойыны сізді сүйсіндірді? Көзге түскен ерекше футболшылар болды ма?

- Чемпиондық атаққа 5 команда таласқаны қатты қызықтырды. Маусым алдында «Оқжетпес», «Ұлытау», «Каспий» және жеке меншік «Хан-Тәңірі» мен SD Family клубтары OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығуымыз керек деп мақсат қойған. Аламанға әртүрлі кезеңде «Жетісай», «Қайрат-Жастар» сынды мықтылар да қосылды. «Қайрат» жастарының ойыны қатты ұнады. Өзінің түлектеріне сенген алматылықтар чемпиондық мінез танытты. Жас талант Олжас Байбек 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасында жасындай жарқылдап, «Қайраттың» негізгі командасында алаңға шығуға мүмкіндік алды. Дастан Сәтбаевтың да болашағы зор екеніне кәміл сенемін. Маусымда тәжірибелі футболшылардың да ойынына сүйсіндік. «Ұлытаудағы» Жасұлан Молдақараев жиырма шақты гол соғып, әлі де бізді қуантудан жалығар емес. «Оқжетпестегі» Дәурен Жұматтың да шапшаңдығына таңғала бердік.


- «Ұлытау» клубы маусымның басын өте сәтсіз бастағанымен, сол сәтте-ақ көптеген спорт мамандары басты фавориттің қатарына қосып еді. Жезқазғандықтардың өзгелерден қандай ерекшелігі болды деп ойлайсыз?

- «Ұлытау» алғашқы төрт турда үш рет жеңілгенімен, жағдайды реттейтініне сенім болғаны рас. Былтыр Екінші лигада жеңіліссіз өткен жезқазғандықтардың алдында айқын мақсат тұрды. Бірдей бір облыстың намысын қорғауға мүмкіндік алған футболшылар OLIMPBET QFL Премьер-лигаға промоушн иеленуі үшін аянбай еңбек етті. Мұнда бапкер Иван Азовскийдің тәжірибесі мол болғаны көмектесті. Трансфер кезінде «Ұлытау» Абзал Таубай мен Шыңғыс Флюкті қатарға қосқаны сүбелі үлесін тигізді. Команда капитаны Демият Сламбеков ұжымды біріктіре алды. Тәжірибелі Жасұлан Молдақараевтың да шабуылдағы озық ойыны командаға сенім ұялатты.


- Көпшілік жүлдеге таласатын клубтарға назарын аударуда. Бірақ QFL Екінші лигасына төмендейтін ұжымдар да әлі анықталмады. Сіздің ойыңызша, «Ақтөбе Ж» мен «Арыс» командаларының қайсысы ұшады деп ойлайсыз?

- «Арыстың» құрамы әлсіз болды деп айта алмаймыз. Алайда ҚФФ шешімі бойынша, Түркістан облысының клубынан 9 ұпай шегерілгені ауыр соққы болып тиді. Әйтпесе ойын жағынан «Арыс» турнирдің көрігін қыздырғандардың қатарынан табылды. Мардан Төлебектің ұжымдағы сөзі ұтымды екен. Бірақ ереже талаптарын қатаң ұстана алмаған клубтың QFL Екінші лигаға ұшуға мәжбүр екенін айтуымыз керек. Соңғы турда «Арыс» клубы «Ақтөбе» жастарын басып озады дегенге сене алмаймыз. «Ақтөбе-Ж» үйдегі матчтарда жанкүйерлердің қолдауын керемет сезінеді. 30-шы турда батыстың жігіттері жеңіске жетіп кетуі де бек мүмкін.


- Биылғы маусымнан бастап, 1XBET QFL Бірінші лигасының барлық матчтары тікелей эфирде ұсынылды. Бұндай жаңашылдық отандық футболдың, комментаторлардың дамуына әсер ете ме?

- Барлық ойынның трансляциясы қазақ футболының жанкүйерлеріне ерекше сый болды. Біз де – комментаторлар ойындарды құштарлықпен жүргізіп, матч соңында өзара қызу пікірталас жасап, жүргізгенімізді талдауды әдетке айналдырдық. Әр команданы жақынырақ танып, футболшылардың өмірін зерттей келе, өзіміздің де, жанкүйерлердің де спортқа махаббаты арта түскенін байқауға болады. Футболшылармен қатар комментаторлардың да деңгейі өскені даусыз.


- Отандық чемпионаттың одан әрі дамуы үшін тағы қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?

- Отандық футболдың дамуы жайлы талай әңгіме айтылды. Бұл мәселеде бұрын қозғалмаған жаңа сөз қоса алмаймыз. Еске салатынымыз – клубтар инфрақұрылымға жіті назар аударуы керек. Онсыз басқа бағытты ойлаудың өзі қате. Сондықтан клубтардың басшылығы стадиондарды ретке келтіруді үздіксіз ойланса екен. Тағы бір мәселе – балалар футболы. Биыл 1XBET QFL Бірінші лига командалары легионерлерге сенім арта алмады. Бұл жағдай өз ойыншыларымыздың өсуіне сеп болды. Алайда елімізде футболшылар аз екенін де айқындап берді. Сол себепті балалар футболын дамытуды кейінге қалдыруға болмайды. Осыны да көп ойласақ екен.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 30-шы тур ойындары 25 қазан күні сағат 14:00-де өтеді.