Ерекше сұрмергеніміз жоқ - Андрей Карпович
OLIMPBET QFL Премьер-лигасының дебютанты «Елімай» ФК осы маусымда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. 8 турдан кейін семейлік клуб турнир кестесінің екінші орынында тұр. Ал 29 мамыр күні OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының жартылай финалында сынға түспек. Бұның сыры неде? Команданың алдағы жоспары қандай? Осы сұрақтарға бас бапкер Андрей Карпович QFL.KZ сайтына жауап берді.
- Андрей мырза, өткен маусымда ғана қайта жаңғырған «Елімай» сенімді түрде OLIMPBET QFL Премьер-лигасына шығып, турнир кестесінде доп айырмашылығы бойынша «Ақтөбеден» кейінгі екінші орында тұр. Бұл көрсеткіш шындыққа қаншалықты жанасады? Бұған дейін көптеген сарапшылар «Елімай» клубын осы маусымдағы фавориттердің қатарына қосқан еді. Сіз айтылған ойлармен келісесіз бе?
- Заңдылық немесе заңдылық емес деп айту қиын. Біз дайындалдық, оқу-жаттығу жиынын өткіздік, көптеген шаруа атқардық. Маусым өте қызықты өтетіндігін біліп, алдымызға үлкен міндеттер қойдық. Алдын ала жоспарымызды, стратегиямызды түздік. Біз OLIMPBET QFL Премьер-лигасында сәтті бастау керек екенімізді түсіндік. Алайда біз бастапқыда өз үйіміздегі ойындарды Павлодар қаласында қабылдауға мәжбүр болдық. Дегенмен үй деген аты болса да, бөтен жерде бұдан да көп ұпай жинауға болушы еді. Мен көптеген сарапшылардың пікірін оқыдым. Оларға мән бермеуге тырысамын. Барлығын нәтиже көрсетеді. Мен дәл қазіргі орында тұрғанымызға қуаныштымын. Бізге не керектігін және оған қалай жететінімізді білеміз. Бастысы - өзімізге және жүргізіліп жатқан жұмысымызға сенеміз.
- «Елімай» командасы OLIMPBET QFL Премьер-лигасынан бөлек, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының жартылай финалында және 1XBET QFL Лига кубогының топтық кезеңінде өнер көрсетеді. Сіз бұған дейін әр матчта жеңіске жету керектігін айтқан болатынсыз. Клубтың үш турнирде ойнауға әлеуеті жете ме? Әлде бір жарыста топ жаруды көздейсіздер ме?
- Мақсат – әр ойында жеңіс. Ары қарай Кубок және Премьер-лигадағы нәтижемізді көре жатармыз. Біздің алдымызда нақты мақсат бар және оны орындауға тырысамыз. Дәл қазір алыс болашақ жайлы сөз қозғағым келмейді. Әр ойын маңызды және не болатынын уақыт көрсетеді. Жалпы, әрдайым көп сапалы футболшы болғанын, жақсы ойнағанын қалаймын. Бұл жұмыс процесі. Тағы да айтамын, бізге барлық турнирде өнер көрсеткенімізді қалаймын және әрине жеңуге бар күшімізді саламыз.
- «Елімайға» бұған дейін сіздің қол астыңызда жаттыққан Дмитрий Шомко, Рожерио Алвес Дос Сантос (Шина), Дмитрий Яшин де келді. Осы орайда бапкерге нақты бір футболшылармен жұмыс істеген қаншалықты маңызды? Олар команданы күшейте ала ма?
- Әрине, егер сен футболшылардың қабілетін, мүмкіндігін, адами қасиетін жақсы білсең, олармен жұмыс істеу де оңай болмақ. Сен олардын мүмкіндігін білсең, ал олар сенің талабыңнан хабардар болса, бейімделу де қысқа уақытта өтеді. Ойыншылар да ұжым арасында бапкерлер штабы қалайтын идеяны жеткізуге тырысады. Сондықтан бұның өз артықшылығы бар. Бір бағыттағы адамдардың болғаны қашан да маңызды. Өзара сенім мен түсіністік болады. Матчтан бөлек, тұрмыстық, кәсіби, жаттығу барысында да өз көмегін тигізеді.
- «Елімай» сіздің бапкерлік мансабыңыздағы бесінші клуб. Бірақ сіз айтарлықтай жетістікке «Ақтөбе» сапында жеттіңіз. 2022 жылы чемпиондыққа таласып, сәл ғана жетпей қалды. Өткен жылы қола жүлдегер атандыңыз. Сіздерге ақтөбеліктермен жыл соңына дейін кемінде 4 мәрте (OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының жартылай финалы мен OLIMPBET QFL Премьер-лигасы) жасыл алаңда кездесесіздер. Сіз үшін бұл матчтар ерекше бола ма?
- Мен кез-келген клубқа деген ерекше көңіл бөлгенді дұрыс деп санамаймын. Мен «Ақтөбе» секілді керемет клубта, жақсы қалада, үлкен мақсаттарды ғана қоятын ұжымда істегенімді мақтан тұтамын. Барлық міндеттерді 100 пайыз орындадым десем де, әрқашан бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізгім келеді. «Ақтөбеге» деген ешқандай өшпенділігім жоқ. Керісінше, «Ақтөбемен» екі рет түзде, екі рет өз алаңымызда жолығатынымызға разымын. Олар өте керемет команда, жанкүйерлердің де орны бөлек. Бұл ойындарды тек чемпионаттағы кезекті кездесу әрі жоғары мақсатты көздейтін команда деп қана санаймын. Бапкер ретінде «Ақтөбемен» кездесу мен үшін де қызық. Екі мәрте Қобыланды батыр атындағы стадионның атмосферасын сезіну бақыт деп санаймын.
- Сіздің бапкерлік әдісіңізді көбінесе қорғанысқа мән береді және «автобус» қолданады деп айыптап жатады. Десе де, «Шахтерға» қарсы соңғы матчта команда мінез көрсетіп, соңғы минутта жеңісті жұлып алды. «Елімай» үшін не маңызды? OLIMPBET QFL Премьер-лигасындағы ТОП-3 клубтың қатарына кіруге бәсекелестіктің жоғары болатындығын ескеріп, қорғаныста сауатты ойнауға мән бересіздер ме? Әлде мүмкіндіктерді тиімді қолдануға назар аударасыздар ма?
- Қорғаныс стилі. Бұған не дерімді білмеймін. Шындығын айтқанда маған қатты маңызды емес. Менің философиям – әр ойында жеңіске жету. Ал оны қалай жүзеге асыруға болады? Бұл жерде команданың мүмкіндігіне, қарсыластың ерекшелігіне мән бересің. Сондықтан менің командам бұдан да жақсы қорғаныста болса деймін. Ал егер біреу қорғаныс стилі десе, оны өзі біледі. Қай жерде жұмыс істегенін және қол астында қандай футболшылардың болатындығы да үлкен рөл ойнайды. Осыларға қарап, ортақ ой қалыптасады. Әйткенмен, мен қорғаныс немесе шабуылдың біріне қатты мән беремін деп айта алмаймын. Жалпы, командаға шабуылдағаннан қарағанда қорғанысқа жатып алған тиімді ғой. Ал шабуылдау үшін өте көп факторлар әсер етеді: алаң сапасы, ойыншылар мен бапкерлер штабындағы өзара түсіністік, тығыз байланыс, сәттілік, идея, драйв, азарт және т.б. Әрине, команда матчтың соңында қарсыласты қыспаққа алып, жеңісті жұлып алуда. Бұл мінездің бар екендігін көрсетеді. Мен бұл мінездің клубымда болғанын мақтан тұтамын. Барлығы да өз командасының тыңғылықты, түсіністікте ойнағанын қалайды. Бірақ барлық жерде уақыт қажет. Мен алдағы уақытта барлық ойын тұрғысынан әлі де қосатынымызға сенімдімін. Себебі, бізде мінез бар. Бұл өте маңызды және үлкен мақсаттарға қол жеткізуге көмектеседі. Тағы да ескере кететінім, менің талабым және түсінігім бойынша қорғаныста барлық команда болып сауатты ойнау білуі тиіс. Қорғаныс шабуылшымен басталып, қақпашымен аяқталады. Шабуыл да солай. Біз шабуылды қақпашы арқылы бастап, қорғаныстан жартылай қорғанысқа өрбітеміз. Ал шабуыл шебінде нәтижелі аяқтауға тырысамыз. Баланс болуы керек. Біз ойынды қорғаныста көп уақыт болуға немесе жүйесіз шабуылдауға жоспарламаймыз. Барлығын алаңның жағдайы, белгілі бір жайт, ойыншылардың жарақаты, стиль, қарсыластың моделі және т.б шешеді. Бұл жерде нақты жауап жоқ.
- Клубтың шабуыл шебінде нәтижелілікті жоғары деңгейде деп айта алмаймыз. Бұған не себеп? Жалпы сіз өз ойыншыларыңызға қаншалықты көңіліңіз толады?
- Иә, ерекше сұрмергеніміз жоқ. Бұны мойындаймын. Шабуыл шебіндегі ойыншылардың барлығы шамамен бірдей гол соқты. Бұл біздің белгілі бір футболшыға басымдық бермейтінімізді көрсетеді. Бастысы командалық ойын. Әр футболшыда кездесу барысында өз мүмкіндіктері туындайды. Нәтиже бірде болады, бірде болмайды. Сондықтан көңілім толмайды деп айтпаймын. Не маңызды? Клубтың жеңісі. Егер клуб жеңсе, біз дұрыс істеп жатырмыз деп ойлаймын. Кімнің соққаны маңызды емес. Тіпті қорғаушылар да соға берсін. Бұл да бір стратегия, қабілет және т.б. Шабуыл шебіндегі ойыншылардың статистикасы қатты алаңдатпайды. Бастысы команданың жеңгені керек. Әр ойыншы көмектесіп, командаға жұмыс істеуі керек.
- «Елімай» алдағы трансферлік ауысымда жаңа футболшылармен толығуы мүмкін бе?
- Әрине, жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз күшеюді қалаймыз және сол бағытта әрекеттенудеміз. Біз кей дүниелерді жақсартқымыз келеді. Бұл ойын немесе шабуылға ғана қатысты емес. Ойын сапасын белгілі бір дүниемен арттырсақ дейміз. Бұл жайлы ақпарат тарағанын қаламаймын. Трансферлік ауысым кезінде жұмыс істейміз. Бізді күшейтетін футболшыларды іздейтін боламыз.
- Семейдегі стадион әр матч сайын толық болатынын көріп жатырмыз. «Елімайдың» және жалпы отандық футболға деген қызығушылық артып жатыр. Осы орайда сіз клуб басшылығы тарапынан және жанкүйерлердің қысымын сезесіз бе?
- Толық стадион – бұл керемет дүние. Шынымды айтсам, бірінші ойында-ақ бұлай болады деп ойламадым. Бірақ жанкүйерлер Семейді, үлкен тарихы, дәстүрі бар, футбол қаласы екендігін дәлелдеді. Бұндай сәтті тіпті бала кездегі стадионға барған кезде де көрмеппін. Сондықтан бұл үлкен жетістік. Біз бұны бағалаймыз, сақтағамыз және арттырғымыз келеді. Біз әр жеңіс, тиімді нәтиже арқылы командаға деген қызығушылықтың артатынын түсінеміз. Бұны адамдармен қарым-қатынас жасағанда да сезіледі. Көбісі бізді қолдайды, сенеді. Бұл өте маңызды және қысым сезіледі. Қандай да бір мақсат болғанда, қысым болады және бұл қалыпты нәрсе. Қысымсыз алға жылжу мүмкін емес. Айтылған сөздерім «Ақтөбеге» де қатысты. «Ақтөбедегі» кезімде өте үлкен тәжірибе жинақтадым. Осындай эмоция, тәжірибе алғаным үшін, клубқа, жанкүйерлерге үлкен алғысымды білдіремін. Себебі, жанкүйерлер тек қана жеңісті талап етеді. Семейде де солай. Тәжірибе бар. Қысыммен әзірше күресудеміз. Бұл біздің мамандығымыз, жұмысымыз. Ешқандай жаман дүние көріп тұрғаным жоқ. Керісінше шабыттандырады. Эмоциялық тұрғыдан да әсер етеді. Бұл жұмыс процесі. Ешкімнен тығылудың, қорқудың қажеті жоқ. Жұмыс істеу керек. Жетістікке жетудің қағидасы қарапайым. Еңбек, еңбек және еңбек. Толық беріліп, осымен өмір сүру қажет. Нәтиже әрқашан әртүрлі болуы мүмкін. Егер сен дұрыс жұмыс істесең, қолдаса, онда міндетті түрде нәтиже болады. Көп жағдайда. Сондықтан біздің де қолымыздан келетініне сенемін.
Айта кетейік, «Елімай» OLIMPBET QFL Премьер-лигасының кезекті ойынын 19 мамыр күні кешкі 21:00-де өз алаңында «Қайратқа» қарсы өткізеді. Матчты QFL.KZ сайты және Q Football, Q Arena телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай аласыз.