KZ
KZ RU
27 ақпан 2025 12:58

Ерлан Джамантаев: Футбол федерациясының президенті өз есімін қадірлейтінін айтқан еді, алайда оның сөзі түкке тұрмайды!

27 ақпан 2025 12:58
Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының (ҚКФЛ) президенті Ерлан Джамантаев Лиганың қазіргі жағдайы туралы Лиганың баспасөз қызметіне берген сұхбатында пікір білдірді. Соңғы 10 жыл бойы Қазақстан чемпионатын ұйымдастырып келген Лига 2025 жылғы маусым қарсаңында Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) тарапынан бұл құқығынан айырылды.

– Қазіргі уақытта Лига өз қызметін жалғастыруда, өйткені ҚКФЛ-дің халықаралық компаниялар алдында келісімшарттық міндеттемелері бар. Мысалы, клубтарға статистикалық мәліметтерді ұсынатын HUDL, скауттық агенттіктер және басқа да серіктестер. Сонымен қатар, біз Еуропалық футбол лигасымен тұрақты байланыстамыз, оның мүшесі болып табыламыз. Олар бұл жағдайға қатты алаңдаушылық білдіруде және осындай шешімнің қабылданғанына таңданыс танытуда. Лиганы жабу және келісімшарттық міндеттемелерді орындамау – бұл тек Лиганың ғана емес, жалпы қазақстандық футболдың беделіне нұқсан келтіру.

– ҚФФ-ның чемпионат өткізу құқығын қайтарып алу шешіміне сіздің реакцияңыз қандай болды?

– Шынымды айтсам, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Өйткені Федерация президенті маған мүлде басқа нәрсе айтқан еді. Егер хронологияны сақтасақ, мен өзім де Федерация президенті қызметіне үміткер болдым және аймақтық федерациялардың басым бөлігі маған дауыс беретінін білдім. Мен Ербол Қайыров пен Алтай Даумовтың да бұл сайлауға қатысқанын құрметтеймін, алайда менің футболдағы басқарушылық тәжірибем әлдеқайда мол екенін түсіндім. Сондықтан мен басты үміткерлердің бірі болғанымды білдім. Ал Марат Омаровты Қазақстан футболында ешкім танымайтын.

Сайлауға бірнеше күн қалғанда мен Спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен кездестім. Ол қазір елдегі спорттық жүйені жоғарыдан төмен қарай жүйелеп, ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Біз өте мазмұнды әңгіме өрбіттік, онда менің және Марат Омаровтың кандидатурасы талқыланды. Министр ешкімге қысым жасаған жоқ, бірақ сол кезде футболды дамытуға тың көзқарасы бар және қаржы ағынын реттеуге ниетті Марат Талғатұлын қолдауға шақырды. Сонымен қатар, Ербол Қуантәліұлы менің кәсіби футболдағы басқарушылық тәжірибем Федерация мен жалпы спорт саласына пайдалы болатынын нақты жеткізді.

Мен мұның бәрін ой елегінен өткізіп, Омаровтың идеяларына сеніп, өз кандидатурамды Федерация президенттігінен алып тастауға шешім қабылдадым. Алайда клубтардың маған қолдау білдіретінін түсініп, ҚКФЛ президенттігіне өз кандидатурамды ұсындым. Кейін белгілі болғандай, ҚФФ президентінің бұл орынға өз жоспары болған екен. Сөйтіп, Омаров сайлауға Айдын Қожахметтің кандидатурасын ұсынды. Бірақ ол небәрі 3 дауыс жинады, ал мен 31 дауыс алдым. Осыдан кейін Федерация Лиганы жабу және оның барлық құқықтарын қайтарып алу туралы ресми хабарлама жіберді.

Мен Спорт министріне жүгініп, бұл шешімнің мәнін түсіндіруін сұрадым. Кейіннен біз Ербол Мырзабосынов пен ҚФФ президентінің қатысуымен кездестік. Министрдің көзінше Федерация басшысы маған қолдау көрсетілетініне уәде берді, тіпті ҚФФ-тың вице-президенті қызметін ұсынды. Бірақ ертесіне Лигаға құқықтарды кері қайтарып алу туралы ресми растау келіп түсті. Сонымен қатар, ҚФФ Лигаға өткен маусымда сатқан құқықтардың 50%-ын қайтаруды талап етті, бұл 500 миллион теңгеден астам қаражатты құрайды. Бұл әрекет мені ғана емес, Спорт министрін де құрметтемеу деп бағаланды.

– Осыдан кейін ҚФФ тарапынан қандай да бір түсініктеме алдыңыз ба?

– Мен футболдың бірінші басшысымен тағы бір кездесу өткіздім. Ол өз жоспарларын өзгертіп, маған Вице-президенттің орнына Чемпионатты өткізу дирекциясын басқаруды ұсынды. Бірақ бір аптадан кейін Омаров өз шешімін тағы да өзгертіп, клубтармен жиналыста чемпионатқа жауапты адамды өзі тағайындайтынын мәлімдеді. Ол қызметке футбол саласында мүлде тәжірибесі жоқ, бұрын мұнай-газ саласында жұмыс істеген адам – экс-Алматы әкімі Бауыржан Байбектің көмекшісін қойды. Ал маған Техникалық орталықтың директоры қызметін ұсынды. Мен бұл ұсынысты қорлау деп санадым. Өйткені менің 9 әріптесім жұмысынан айырылып, табыссыз қалды.

– Сонда сізге сенім несиесі берілгендей көрініп, бірақ ақыр соңында сіз өз құқығынан айырылған Лиганы басқаруға қалдыңыз ба?

– Дәл солай. Омаров сайлауалды сөзінде өз есімі мен беделін қадірлейтінін айтқан еді. Алайда оның әрекеттері мен сөздері сәйкес келмейді. Ол Монополияға қарсы агенттікті басқара отырып, футболда өзіне тиімді монополия орнатуда.

– Лиганың болашағы қандай?

- Қазіргі жағдай кәсіби футбол үшін өте өкінішті. Лига өзінің тәуелсіздігін қалыптастыру жолында көп жұмыс атқарды. Еуропалық кәсіпқой лигалардың толыққанды мүшесі болуға жақын қалған едік. Алайда бір қате шешімнің кесірінен 10 жыл артқа кетуіміз мүмкін.

– ҚФФ тарапынан трансляция мен төрешілік мәселесіне қатысты айтылған сын орынды ма?

– Төрешілікке қатысты айтылған сын маған өте таңқаларлық көрінді, өйткені төрешілерді дайындау, тағайындау және басқару әрдайым ҚФФ-ның құзыретінде болды. Лига бұл процеске ешқашан араласқан емес. Ал трансляция мәселесіне келсек, маған Лиганы жетілдіруге мүмкіндік те берілген жоқ, өйткені мен тағайындалғаннан кейін бір апта өтпей жатып, құқықтарымыз тартып алынды.

– Бұл жағдайдан шығудың қандай да бір ымыралы жолы бар ма?

– Омаров өз уәделерін орындамау арқылы футбол қауымдастығының алдында беделін түсірді. Егер ол өз қателігін мойындап, Лиганың заңды құқықтарын қалпына келтірсе ғана, қандай да бір келісім туралы айтуға болады. Әйтпесе, бір айтқанын істемей, мүлде басқа әрекетке баратын адаммен келіссөз жүргізу – бос әурешілік.