KZ
KZ RU
06 қараша 2024 23:31
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Ермұхамед Мәулен: «Қайрат» пен «Астана» чемпиондыққа талас жүргізеді деп ойламадым

06 қараша 2024 23:31

Футболдан OLIMPBET QFL Премьер-лигаcы осы аптада мәресіне жететін болса да, әлі чемпион, күміс және қола жүлдегер, еурокубокқа жолдама иегері анықталмады. Осы орайда Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі, отандық танымал комментатор Ермұхамед Мәулен ел чемпионатындағы бәсекелестік, қорытындысына байланысты QFL.KZ сайтына өз ойымен бөлісті.

 

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының мәресіне де жақындап қалдық. Бұған дейінгі спорт сарапшылары «Қайрат» жиі бапкері ауыстырады, ал «Астананың» ойыны тұрақталмай жатыр деп еді. Чемпиондыққа талас дәл осы 2 клубтың арасында өтеді деп болжадыңыз ба?

- «Қайрат» пен «Астана» чемпиондыққа үміткер клубтардың қатарына кіргенімен, дәл осы екі ұжым бірінші орын үшін өзара талас жүргізеді деп ойламадым. Бастапқыда негізгі бәсеке OLIMPBET - Қазақстан Суперкубогын жеңіп, маусымды сәтті бастаған «Тобыл» клубы, «Қайрат», «Астана» командалары арасында өрбитініне сенімді болдым. Ал ел чемпионы «Ордабасы» үшін қайта бірінші орынды қорғау қиынға соғып, ойындары жүрмей қалады деген ой болды.

 

- Соңғы турда көпшіліктің назары «Қайрат» пен «Астананың» ойындарында болатыны анық. Елордалықтардың қарсыласы - «Жетісу» маусым барысында фаворит саналған «Ақтөбе», «Ордабасы», «Қайрат», «Елімайдан» ұпай алды. «Астанамен» өткен екі ойын да Григорий Бабаянның шәкірттеріне оңай соқпады. Бұл матчта сенсация тіркелуі мүмкін бе? 

- «Жетісу» кімге болса да, оңай қарсылас емес. Бірнеше рет фавориттерден ұпай алды. Бірақ қазір жағдай басқаша. Теориялық тұрғыда «Астана» бірінші орын алуы мүмкін. Сондықтан бұл кездесуде сенсация тіркелетініне сеніңкіремеймін. Алаңға барлық легионер, белді футболшылары шықса, онсыз да мотивациясы бар «Астананы» тоқтату қиынға соғады.

 

- «Қайрат» клубы екі жылдық үзілістен кейін еурокубок жолдамасын жеңіп алды. Алматылықтар келесі жылы кәрі құрлықтың додаларында жақсы өнер көрсетуге қауқарлы ма? Соңғы турда өз алаңында ешкімге оңайлықпен есе жібермейтін «Атырауға» қонаққа барады. Бұл ойыннан қандай нәтиже күтесіз? 

- «Атырау» - мықты, тегеурінді қарсылас. Әсіресе өз алаңында мықты ойнайды. Былтыр «Қызылжар» бесінші орын алып, кішігірім сенсация жасаса, биыл өзін көрсете алған ұжым ретінде «Атырауды» айтар едім. Олар OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының финалына дейін жете алды, ішкі біріншілікте де алпауыт командаларды жеңді. «Атырау» - «Қайрат» арасындағы кездесуде тосын сый болуы мүмкін. Алдын ала алматылықтар сенімді түрде жеңеді деп айта алмаймын.

 

- Соңғы турда еурокубоктың жолдамасы үшін «Тобыл» мен «Ордабасы» талас жүргізеді. Ұпайлары бірдей. Доп айырмашылығы бойынша қостанайлықтар 1 ғана доппен ғана алда тұр. Тіпті семейлік «Елімайдың» да теориялық жағынан үмітін жоғалтпады. Кімнің мүмкіндігі жоғары деп ойлайсыз?

- «Ордабасы» мен «Елімай» өзара ойнайтын болғандықтан, «Тобылдың» мүмкіндігі жоғарырақ деп ойлаймын. Оның үстіне қостанайлықтар маусым соңында қарқындарын арттырып, 3 жеңіс сериясымен келе жатыр. Жалпы «Тобыл» онсыз да мықты ғой. Тек маусым ортасында ойындары жүрмей, бас бапкері Милош Чурчичті ауыстырды. Комбинация, голдары, ойын үлгісі жағынан да ерекшеленеді. Давид Энен, Ахмед Эль-Мессауди сынды футболшылары ел чемпионатының деңгейін көтеруге үлес қосты. Нұрбол Жұмасқалиевтің шәкірттері дәл қазір чемпиондыққа үміткер «Қайрат» пен «Астанадан» еш кем түспейді. Тіпті Алматының стадионында соңғы минутқа дейін «Тобыл» алда тұрса, өткен турда өз алаңында «Астанадан» басым түсті. Бірақ ел чемпионаты 8 айға созылатындықтан, тұрақтылық маңызды рөл ойнайды. Стадионы, тәжірибесі жағынан қостанайлықтардың өткенін дұрыс деп санаймын.

 

- Маусымның алғашқы айналымында «Жетісу» клубы көпшілікті таңғалдырып еді. Екінші айналымда қай клуб ерекше көзге түсті? 

- Бірінші айналымда Қайрат Нұрдәулетовтың футболшылары таңғалдырғанымен, күштері жетпей қалды. Ал екінші айналымда «Атырау» қарқынын арттырды. Оны өздеріңіз де көрдіңіздер. Семейдің «Елімай» клубы бес жеңіс сериясының арқасында уақытша болса да, турнир кестесінде көш бастады. Осы екі ұжымды ерекшелеп айтар едім.

 

- Осы жылы қандай отандық футболшылар өздерін жаңа қырынан көрсете алды?

- Биылғы маусымда көзге түскен футболшылар Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алды. Олар: Ұлар Жақсыбаев («Қызылжар»), Асхат Балтабеков («Жетісу»), Жан-Али Пайруз бен Иван Свиридов («Елімай») және маусым соңында екінші тынысы ашылған Айбар Жақсылықов («Қайсар»).

 

- Ішкі турнирлер аяқталса да, «Астана» клубын Конференциялар лигасындағы матчтар күтіп тұр. Елордалықтардың жалпы кезеңіндегі ойындарына қандай баға бересіз?

- «Астана» клубы – Еуропадағы қазақ футболының бет-бейнесі ғой. Жеке өзім үшін елордалықтардың Конференциялар лигасының жалпы кезеңіне шығуын күтпедім. Плей-оффта Норвегияның «Бранн» командасынан аса алмайтын шығар дегенмін. Мен секілді ойлағандардың да қатары көп болды. Бірақ «Астана» қарымта матчта жауапсыз 3 гол соғып, Алматыда сенсация жасап кетті. Бұл үшін өте қуаныштымыз. Трансфер кезеңінде қосылған Джеффри Чинеду, Назми Грипши, Бранимир Калаица, Карло Бартолец сияқты футболшылар команданың деңгейін көтерді. Әрине, Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде өнер көрсету қомақты сыйақы береді. Бірақ үздік 24 клубтың қатарына кіріп, плей-оффқа шықса деген ниетім бар.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының соңғы 26-шы тур ойындары 10 қарашада өтеді. Барлық матчтар сағат 14:00-де басталады.