KZ
KZ RU
06 мамыр 2024 12:46
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

Фавориттерді айту әлі ерте – «Жетісай» ФК бас бапкері Ерлан Шойтымов

06 мамыр 2024 12:46

1XBET QFL Бірінші лигасының биылғы маусымында 2023 жылы ғана құрылған «Жетісай» клубы 5 турдың қорытындысы бойынша, «Каспиймен» бірге 12 ұпаймен топ басында тұр. Осы орайда Екінші лигадан шыққан «Жетісайдың» бас бапкері Ерлан Шойтымов QFL.KZ сайтына өз пікірімен бөлісті.

 

- 2023 жылы ғана құрылған клуб бір маусымнан кейін 1XBET QFL Бірінші лигада топ бастап келе жатыр. Бұл кездейсоқтық па? Өзіңіз осындай көрсеткіш болады деп күттіңіз бе?

- Ешқандай да кездейсоқ емес. Маусым басталмас бұрын оқу-жаттығу жиынын өткізіп, әр позиция бойынша бірнеше футболшыны қатарға қостық. Шабуылдарды нәтижелі аяқтауға көп сәттерде сәттілік те көмектесті.


- Екінші лигадан көтерілген командалардың арасынан құрамы, бапкері жағынан «Ұлытаудан» көп үміт күтіліп еді. Ал сіздер қаншалықты маусым алдында күшейдіңіздер?

- Маусым алдында мәселе бар бірқатар позицияда ойыншылар алдық. Бізден бөлек, Екінші лигадан көтерілген «Ұлытаудың» басты мақсаты – OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығу. Өзіндік ойын стильдері бар. SD Family де OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығуды көздейтінін айтқан еді. Ал 18 жылдан кейін 1XBET QFL Бірінші лигаға шыққан «Қайсар Жас» командасы да маған бөтен емес. Көптеген ойыншыларын танимын, бірге жұмыс істегем. Олар осы маусымда тәп-тәуір өнер көрсетіп жатыр.


- Екінші және Бірінші лига. Қаншалықты айырмашылықты сезініп жатырсыздар?

- 1XBET QFL Бірінші лигада күшке мән беріп, допқа талас көп жүреді. Футболшылардың ойнау стильдері де әртүрлі. Көптеген футболшылар OLIMPBET QFL Премьер-лигада доп тепкен тәжірибелері бар. Екінші лигадан қарағанда ойын қарқыны тез әрі жылдам түрде дұрыс шешім қабылдау керек.


- Бірнеше тур өтті. Фавориттердің қатары байқала бастағандай. Тұрақты түрде нәтижеге жету үшін не маңызды деп санайсыз?

- Небары 5 тур ғана артта қалды. Фавориттерді айту әлі ерте. Жоғары мақсатты көздеген командалар үшін әлі уақыт бар. Себебі, алда тағы 25 тур күтіп тұр. Оған дейін әлі турнир кестесінде көптеген өзгерістер болады. Бізге келетін болсақ, жетістікке жету үшін  футболшылар, басшылық, қызметкерлердің барлығы бірге жұдырықтай жұмылудамыз. Бұл өз нәтижесін беріп жатыр деп ойлаймын.


- Бір жыл ішінде Жетісай қаласында футболға деген қызығушылық қаншалықты артты? Тұрақты жанкүйерлердің саны өсіп жатыр ма?

- Екінші лигада ойнаған сәтімізде жанкүйерлердің қарасы аз еді. Міне, биыл 1XBET QFL Бірінші лигаға шыққалы әр матч сайын көбейіп жатыр. «Жетісайдың» танымалдылығы артып жатыр. «Оқжетпеске» қарсы кездесуде 1 000 адам жиналса, «Түркістанға» қарсы матчты стадионнан 1 200 көрермен тамашалады. Жасыл алаңнан бөлек, қалада жүргенде де кездейсоқ тұрғын команданың жағдайын сұрап, сәттілік тілеп жатады. Бізде жанкүйерлердің сенімін ақтау үшін, қолдан келгенімізше үмітттерін ақтауға тырысып жатырмыз.


- Осы маусымға жоспарыңыз? Кімдерді фаворит ретінде санайсыз?

- Қандай да бір ұжымды ерекшелегім келмейді. Көп команда OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығуды көздейтіні анық. Барлығы маусым соңында анықталады.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының келесі турында «Жетісай» өз алаңында «Каспийді» қабылдайды. Ойын 10 мамыр күні сағат 16:00-де басталады.