Финалда тек жеңіс үшін шығамыз - Игорь Павлюк, «Астана» ФК спорт директоры
«Астана» рекордтық 17-ші кубогын жеңіп алуға жақын. Сенбі күні 1ХВЕТ QFL Лига кубогының финалында елордалық клуб «Жеңіспен» кездеседі. «Түркістан Арена» стадионындағы ойынның алдында «Астана» клубының спорт директоры Игорь Павлюк QFL.KZ сайтына матчқа дайындық бойынша толығырақ айтып берді.
- «Астана» осы маусымда барлық турнирлерде жақсы қарсылық көрсеткенімен, бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмады. Енді сіздер 1ХВЕТ QFL Лига кубогының алғашқы чемпионы атануға күш саласыздар ма? Әлде маусымдағы жоспарларыңыз орындалып қойды ма?
- «Астана» турнирдің деңгейі, құрамы, түрлі жағдайларға мән бермей, әр матчта тек жеңіске ұмтылатынына жанкүйерлерін үйретіп қойды. Лига кубогының финалын да елесіз қалдырмаймыз. Әрине, белгілі-бір кубокты иелену, жеңіс үшін қосымша мотивация болмақ.
- Халықаралық үзілістен соң, финалға дейін алты күндей дайындала аласыздар. Ал «Жеңіс» сіздерден қарағанда екі есе көп демалады. Бұл қарсыласқа басымдық бере ме? Әлде «Астананы» фаворит ретінде санаймыз ба? Ойынға дайындық қалай жүріп жатыр?
- Дайындық жоспарлы түрде өтуде. Кейінгі үш айда біздің қаншалықты тығыз күнтізбеде доп тепкенімізді барлығы көрді. Бұл – еурокубок, чемпионат, ұшулар. Үзіліс қажет болды. Бұл үзіліс командаға пайдалы болды деп үміттенемін. Фаворитке келетін болсақ, бұл финал. Ұзаққа созылған турнир жолында оза шапқан қос команда шешуші матчқа жолдама алды. Сол себепті, фаворит немесе аутсайдер деп айту дұрыс емес. Бірақ тағы да қайталап айтамын, Түркістанда командамыз жасыл алаңға тек жеңіс үшін шығады.
- 1ХВЕТ QFL Лига кубогында сіз құрамда өзгерістер жасаған командалардың қатарына кіріп, жас ойыншыларға мүмкіндік бердіңіз. Бірқатар сарапшылар турнирдің финалында да «Астана» аралас құрамды шығарады деп еді. Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі маңызды матчтарды ескеретін болсақ, бұл сценарийдің болу мүмкіншілігі қаншалықты?
- Командада тығыз ойын күнтізбесі болды. Оның үстіне клубтағы барлық футболшыларға, жастарға мүмкіндік берілу қажет. Әрине, олар өз ойындарымен финалда доп тебуге лайық. Бірақ нақты бір матчқа қандай құрам шығатынын түрлі факторларды ескере отырып, бапкерлік штаб анықтайды.
- Сөзсіз, елордалық дерби үнемі қызық өтеді. Сіздер осы маусымда «Жеңіске» қарсы үш мәрте ойнап, 2 жеңіс, 1 тең көрсеткіш тіркедіңіздер. Ал тең нәтиже тіпті чемпионаттың турнирлік кестесіне әсерін тигізді десек болады. Жалпы Акис Вавалистің шәкірттері кейінгі 10 кездесудің екеуінде ғана есе жіберіп, фавориттерден ұпай ала алды. Қарсыластың деңгейін қалай бағалайсыз?
- «Жеңіс» финалға лайықты түрде шықты. Осының өзі олардың деңгейін көрсетіп тұр. Акис Вавалистің келуімен команда мазмұнды футбол көрсетіп, алға қойған міндетін орындай алды. Дербидің статусына келсек, өкінішке қарай осы маусымдағы төрт матч та туған қаламыздан жырақта өтті. Келесі жылы «Астана» мен «Жеңістің» елордадағы ойыны чемпионаттың сәнін келтіреді деп ойлаймын.
- 1ХВЕТ QFL Лига кубогының финалы «Түркістан Арена» стадионында өтеді. Егер статистикаға назар аударсақ, сіздер осы жасыл алаңда көбінесе тең тарқасады екенсіздер. Сондай-ақ, 2021 жылы Қазақстан Суперкубогында «Тобылдан» есе жібергендеріңізді де айта кетейік. Осы орайда алаңның сапасы мен шешуші матчта осы жердің таңдалғанына қандай баға бере аласыз?
- Жаттықпай тұрып, алаңның сапасы жайлы бірнәрсе деп айту қиын. Алайда футболшылардың пікірі мен теледидардағы көрініске мән берсек, жақсы әсер қалдырады. Лига шешуші ойынның өтетін жерін өздері таңдағандықтан, біздің келіспеске амалымыз жоқ. Ал сәтсіз статистиканы айтатын болсақ, бұл өткен шақ. Оған қатты назар аударудың қажеті шамалы. Өйткені әр жаңа матч – жаңа тарих.
- «Жеңістен» бөлек, сіздер Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде үш матч өткізесіздер. Плей-оффқа өтеміз деген мақсаттарыңыз бар ма? Бұл қаншалықты мүмкін?
- Бастапқыда команданың мақсаты – Конференциялар лигасының плей-офф кезеңіне шығу еді. Алайда «Астана» бұл мақсаттан асып түсті. Қазір команда әр ойынға Қазақстанды Еуропаға лайықты түрде таныту үшін шығады. Келесі кезеңге өтетініміз туралы желтоқсанда белгілі болады.
- 1ХВЕТ QFL Лига кубогы атты жаңа турнирдің ұйымдастырылу деңгейі жайлы ойыңыз? Отандық футболымыздың осы маусымын жалпы қалай бағалайсыз?
- Қосымша ойын тәжірибесі, кубок жеңіп алу мотивациясы, жүлде қоры сынды бірқатар артықшылықтары бар жақсы турнир. Жалпы осы маусым өте қызықты өтіп, чемпион тек соңғы турда ғана анықталды.
Айта кетейік, Лига кубогының бас серіктесі – 1XBET компаниясы. «Жеңіс» пен «Астана» арасындағы финал 23 қараша күні, сағат 15:00-де Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өтеді. Матчқа кіру тегін, сондай-ақ, турнирдің бас серіктесі атынан стадионда белсенділік аймақтары, танымал жүргізуші Әділет Бисариевтің интерактиві, диджей, хедлайнер HIRO-дың туындылары мен басты сыйлық - Chery Tiggo 4 Pro автокөлігінің ұтысы күтілуде. Ойынды тікелей эфирде Qazsport телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары мен Q Football мобильді қосымшасы арқылы тамашалай аласыздар.