Кирилл Кекер: Чемпиондықтың тағдыры келесі ойындарда шешіледі
«Ордабасы» клубы Қазақстан чемпионы атағын қорғауға ниетті. Егер олар OLIMPBET QFL Премьер-лигасының қалған бес турында жеңіске жетсе, кезекті алтын медальді иеленеді. Осы маңызды матчтардың алдында команданың бас бапкері Кирилл Кекер QFL.KZ сайтына клубтың қазіргі жағдайын айтып берді.
- Кирилл Сергеевич, «Ордабасы» клубы енді OLIMPBET QFL Премьер-лигасында 5 қана ойын өткізеді. Қазіргі сәтте команда турнир кестесінде екінші орында тұрса да, екінші рет чемпиондық атаққа қол жеткізуі әбден мүмкін. Чемпиондық атақты қорғау сіздер үшін басты мақсат па?
- Турнирдегі жағдайымызға қарап, әрине қазіргі сәтте OLIMPBET QFL Премьер-лигасында топ жару басты мақсатымыз екені анық. Чемпиондық атақты қорғау – өте қиын міндет. Бұл жерде қарсыластардың чемпионға қарсы соңына дейін беріспеуі, жанкүйерлердің, қоғамның үміті ерекше әсер етеді. Біз өз күшімізге сенімдіміз және турнир кестесіндегі жағдайымызға қарамай, алға сенімді түрде жылжимыз.
- Шымкенттік ұжым алдағы уақытта Петропавл мен Қостанайға барып, турнирде қалу үшін соңына дейін күресіп жатқан «Жеңіс», чемпиондыққа үмітті «Қайрат» пен «Елімаймен» жолығады. Күнтізбеге қарап, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының жеңімпазы 10 қараша күні Шымкентте анықталады деуге бола ма?
- Болжам жасаумен айналысқым келмейді. Нұсқалар өте көп. Алайда чемпиондықтың тағдыры өз жанкүйерлеріміздің алдында шешілсе, кезекті мерекені сыйлауға үлкен мүмкіндік болмақ.
- 25-ші турда «Қайратқа» қарсы матч қаншалық маңызға ие? Себебі, сіз маусымның басын алматылықтардың бас бапкері ретінде бастап едіңіз.
- Маусымның қорытынды сәті жақындап келе жатыр. Әр кездесу өте маңызды. Өйткені барлығы чемпиондық пен еурокубок жолдамасын иеленгісі келеді. «Қайрат» мен үшін бөтен емес. Алайда дәл қазір «Ордабасы» клубының тағдыры алаңдатады. «Қызылжар» немесе «Қайратқа» қарсы ойнаудың ешқандай айырмашылығы жоқ. Қандай матч болмасын, басты міндет – команданың жақсы дайындап, оң нәтижеге қол жеткізу.
- Көптеген сарапшылар «Ордабасы» - «Астана» теке-тіресінде чемпиондықтың тағдыры шешілді деп еді. Алайда осы маусымда сенсациялық нәтижелер жиі тіркеліп, турнир кестесі шиелініске толы. Сіздің ойыңызша, OLIMPBET QFL Премьер-лигасында бәсекелестік қаншалықты өсті?
- Мен сарапшылардың бұл бағасымен келіспеймін. Иә, матч өте маңызды болды. Бірақ чемпиондықтың тағдыры алдағы ойындарда шешіледі. Алтын жүлде үшін талас осы жылы шынымен де қарбаласқа толы. Барлығы соңғы матчта, тіпті соңғы секундтарда шешіліп кетуі мүмкін. Бұл әрине, жанкүйерлер, футбол сүйер қауым, мамандар үшін жақсы. Бір жағынан осы маусымда ұпайдан шашау шығармай, қарсыласын жапырып келген бірде-бір клубты байқамадық. Бұған әрине, бәсекелестіктің өскені тікелей әсерін тигізді. Қазір шамамен OLIMPBET QFL Премьер-лигасындағы 6 клубта сапалы футболшылар жинақталып, өте жоғарғы орынға таласа алады.
- Сіздің жас футболшылармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибеңіз бар. Осы орайда құрамды жасартып, өзіндік футболшыларды шығару міндеті тұр ма? Ол үшін не істеу керек?
- Иә, негізгі құрамға футболшылар дайындау – клубтың басты міндеті. Қазірдің өзінде қосалқы құраммен, өзге лигаларда доп тебетін футболшылармен танысып үлгердім. Оның кейбірі негізгі құраммен бірге жаттығып, жолдастық матчтарға қатысады. Бұл тәжірибе алдағы уақытта жалғасын тауып, мүмкіндіктерін бағалап, өсуі үшін бағыт-бағдар береміз. Осы сәтте негізгі құрамда «Ордабасы» академиясының 6-7 футболшысы доп тебуде. OLIMPBET QFL Премьер-лигасында тағы қандай клуб осындай жетістігімен мақтана алады? Шымкент өзіндік түлектеріне үнемі ерекше көзқараспен қарайды. Қала мен команданың арасындағы байланыс өте мықты! Сондықан барлығымыздың мақсатымыз – осы дәстүрді жалғастыру.
Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 22-ші турында «Ордабасы» сырт алаңда «Қызылжармен» кездеседі. Матч бүгін түскі 14:00-де Петропавл қаласындағы «Жастар» стадионында өтеді. Тікелей эфирді Q League телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыздар.