KZ
KZ RU
23 қыркүйек 2024 16:24
1ХВЕТ ЛИГА КУБОГЫ

Лайықты жауап қайтаруға тырысамыз – «Қайрат» ФК спорт директоры Константин Лежнев жартылай финал туралы

23 қыркүйек 2024 16:24

Осы аптада «Қайрат» клубы 1ХВЕТ QFL Лига кубогының қарымта жартылай финалдық ойынында «Жеңісті» қабылдайды. Айта кетейік, алғашқы кездесуде «сары-қаралар» күтпеген жерден 0:2 есебімен жеңіліп қалған еді. Камбэкке мүмкіндік бар ма? Жауапты матчқа дайындық қалай? Осы және өзге де сұрақтарға клубтың спорт директоры Константин Лежнев QFL.KZ cайтына жауап берді.

 

– Константин Александрович, 25 қыркүйек күні сіздерді 1ХВЕТ QFL Лига кубогының қарымта жартылай финалдық ойынында «Жеңіске» қарсы өте ауыр матч күтіп тұр. Елордалық ұжым жаңа турнирде сенсациялық нәтижелерді тіркеуді жалғастыруда және сіздерді 2:0 есебімен жеңіп кетті. Алматылық клубтың финалға өтуіне мүмкіндік бар ма? Дайындық қалай жүріп жатыр?

– Шынында да қарсыластарымыз жаңа турнирде өздерін жақсы қырынан көрсетуде. Олар өте қиын топтан шығып, жартылай финалдың алғашқы ойынында сенімді түрде басым түсті. Алайда біз де жауапты кездесуге жақсы дайындалып, кеткен есеге лайықты жауап қайтаруға тырысамыз.

 

– «Қайрат» 1ХВЕТ QFL Лига кубогының топтық кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, «Ақжайық» пен «Таразды» ірі есеппен ұтса, сырт алаңда «Қызылжармен» тең тарқасты. Сондай-ақ, Жоао Пауло 4 гол соғып, турнирде ең үздік сұрмерген атағын иеленіп тұр. Осы орайда команданың бірде-бір мақсаты 70 жылдыққа орай жаңа турнирде чемпион атану ма?

– «Қайрат» клубы бұрыннан бері қандай турнирге қатысса да, жеңіске жетуді көздейді. Өкінішке қарай, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогында ұзаққа бармадық. Ал 1ХВЕТ QFL Лига кубогы қосымша кубокты жеңіп алуға мүмкіндік.

 

– 1ХВЕТ QFL Лига кубогының қарымта жартылай финалына команданың жаңа бас бапкері Рафаэль Уразбахтин бастап шығады. Бұл жаттықтырушының 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасында үздіктердің қатарында келе жатқан «Қайрат-Жастар» командасы сапында біршама тәжірибесі бар. Алматылық клуб тарапынан тактикалық, ойын стилі жағынан өзгерісті күтеміз бе? Әлде қысқа ғана уақытта бұл мүмкін емес пе? Жаңа бапкерге қандай міндеттеме қойылды?

– Рафаэль Радикович осы маусымда бас бапкердің міндетін атқарушы қызметінде болып көрді және OLIMPBET QFL Премьер-лигасындағы алғашқы ойынын сәтті өткізді. Бұған дейін айтқанымдай, «Қайрат» клубы қандай турнирге қатысса да, топ жаруды ғана көздейді. Бұл бапкерлік штабқа да тікелей қатысты. «Қайсармен» өткен кездесуден кейін бапкерлік штабта тактика мен ойын стилі жағынан өзгеріс жасауға 3 күн бар. «Жеңісті» барынша зерттеп, қалай ойнайтынымызды шешеміз. Барлығы тосын сый болсын.

 

– Көпшілік 1ХВЕТ QFL Лига кубогының финалында «Қайрат» - «Астана» матчын көргісі келетін шығар. Осы маусымда сіздер елордалық клубпен екі мәрте кездесіп, сырт алаңда жеңіспен алмастыңыздар. Финалға шыққан жағдайда кіммен ойнауды қалар едіңіздер? Жартылай финалдағы қатысушыларды қалай бағалайсыз?

– Әрине, «Қайрат» - «Астана» матчы барлық футбол сүйер жанкүйерлер үшін үлкен мереке. Алайда дәл қазіргі сәтте «Жеңістен» кеткен есемізді қайтару міндеті тұр. 1ХВЕТ QFL Лига кубогының жартылай финалына дейін жеткен барлық командалар өте лайықты. Финалға кім шықса да, өте қызықты болады.

 

– 1ХВЕТ QFL Лига кубогының алғашқы маусымында шамамен 30 млн теңгедей пайда таптыңыздар. Ал егер чемпион атансаңыздар, сыйақының мөлшері 131,5 млн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін. Әрине, жақсы жүлде қорынан бөлек, ойын тәжірибесін арттыру мен жаңа кубок жеңіп алуға мүмкіндік туды. 1ХВЕТ QFL Лига кубогының ұйымдастыру деңгейіне көңіліңіз тола ма?

– Біз жаңа турнирдің пайда болғанына қатты қуандық. Себебі, ел чемпионатындағы матчтардың саны онсыз да көп емес. Жаңа турнир – футболшылардың қосымша ойын тәжірибесін шыңдауға, көрермендерге қосымша тартысты матч сыйлауға, кубок иеленуге мүмкіндік. Жүлде қоры да турнир қатысушыларына қосымша мотивация.

 

– Алматының Орталық стадионы биыл өте көп спорттық шараларды қабылдауда және «Қайрат» клубы өз алаңында жыл соңына дейін 3 матч ғана өткізеді. 1ХВЕТ QFL Лига кубогының жауапты кездесуінде алдымен «Жеңіске» 2 гол соғу маңызды. Осы орайда жанкүйерлердің қолдауы қаншалықты маңызды рөл ойнайды?

- Біздің жанкүйерлер – клубтың ажырамас бөлігі. Әр матч сайын олардың қолдауын сезінеміз. Ол үшін рақметімді айтамын. Бірінші матчтағы есепті ескере отырып, жанкүйерлердің қолдауы да өте керек деп есептеймін. Біз өз кезегімізде барынша қуантуға тырысамыз.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Лига кубогының жартылай финалының жауапты ойынында «Қайрат» өз алаңында «Жеңісті» қабылдайды. Матч 25 қыркүйек күні кешкі 19:00-де Алматының Орталық стадионында өтеді. Тікелей эфирді Q Arena телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыздар.