KZ
KZ RU
18 шілде 2024 11:26
1ХВЕТ ЛИГА КУБОГЫ

Әли Әлиев: Жартылай финалға шығу үшін қолдан келгеннің барлығын істейміз

18 шілде 2024 11:26

19-21 шілде күндері 1ХВЕТ QFL Лига кубогының үшінші тур ойындары өтеді. Жаңа кубок үшін еліміздің 16 клубы сынға түсіп жатыр. Олардың арасында жартылай финалға шығуға үмітті «Қызылжар» да бар. Осы орайда Әли Әлиев сырт алаңдағы «Ақжайыққа» қарсы маңызды ойынның алдында команданың қазіргі жағдайы мен дайындығы жайлы тілге тиек етті.

 

- Али Ханалиұлы, осы жексенбіде «Қызылжар» Орал қаласына қонаққа барып, жергілікті «Ақжайыққа» қарсы доп тебеді. Сіздің клубыңыз әлі де 1ХВЕТ QFL Лига кубогының жартылай финалына шығуы мүмкін. Алайда ол үшін сіздерге тек қана жеңіс және «Қайраттың» ұпай жоғалтқаны керек. Бұл матчқа дайындық қалай өтуде?

- Дайындық әдеттегідей жоспарлы түрде өтуде. Біз қарсыластың ойындарын сараптап, оларға барынша мәселе туындатып, өзімізге лайық тактиканы таңдауға тырысамыз. Команда жеңістен үмітті. Жартылай финалға шығу үшін қолдан келгеннің барлығын істейміз. Біз барлығы тек өзімізге ғана байланысты екенін түсінеміз. Бірақ басты міндетіміз — сапалы ойын өрнегін көрсетіп, тиімді нәтижеге қол жеткізу.

 

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасындағы қиын жағдайларыңызды ескерсек, 1ХВЕТ QFL Лига кубогы сіздер үшін басты мақсаттың бірі болатын шығар?

- Кез келген турнирдегі жеңіс клуб үшін маңызды. Бұл тек мақтаныш ғана емес. Сондай-ақ, футболшыларға қосымша мотивация. Ал жанкүйерлерге қуаныш. 1XBET QFL Лига кубогы біз үшін маңызды турнир және жеңіске жетуге тырысамыз. Бізге маңыздысы - әр турнирде тұрақты және сапалы ойын көрсету. OLIMPBET QFL Премьер-лигасындағы қиын жағдайымызды түсініеміз. Бірақ бұл уақытша ғана құбылыс. Күзде барлығы өз орынына келетініне сенімдімін.

 

- 1ХВЕТ QFL Лига кубогының арқасында клубтарға қосымша матчтарда ойнаумен қатар, қаржылық жағдайын дұрыстап алуға мүмкіндік пайда болды. Жаңа турнирді одан әрі таныту үшін тағы не істеу қажет?

- Турнирге деген қызығушылықты арттыру үшін бірнеше бағытта жұмыс істеу керек. Біріншіден, инфрақұрылымды жақсарту. Екіншіден, Match day-ды ұйымдастыру деңгейін жоғарлатып, көрермендерге қызықты бағдарлама ұсыну. Сонымен қатар медиамен байланысты арттырып, түрлі платформаларда турнирді насихаттаған жөн. Жүлде қорын ұлғайту мен турнирге жаңа формат енгізу де қызығушылықтың өсуіне әсер етеді.

 

- Бұған дейін «Қызылжар» клубының директоры Николай Панинның QFL-ге берген сұхбатында еурокубокқа шығуға ұмтыламыз деп еді. Бұл мақсатты OLIMPBET QFL Премьер-лигасының екінші айналымында іске асыру қаншалықты мүмкін?

- Біз әрқашан жоғары мақсаттарға ұмтыламыз. Еурокубокқа жолдама алу - соның бірі. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Бірақ мен команда ішіндегі дұрыс қарым-қатынас және аймақтағы басшыларымыздың қолдауы болса, мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын. Команда күресуге және әр матчта бәсекелестікке түсуге дайын.

 

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасында чемпиондыққа кімдерді фаворит ретінде санайсыз? Бұл турнирдегі бәсекелестік деңгейіне тоқталсаңыз?

- Осы маусымда бірнеше мықты клуб жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жатыр. Құрамы мен шеберлік жағынан «Ақтөбе» мен «Ордабасыны» айтуға болады. Бірақ оларға тұрақтылық жетіспейді. Бәсекелестік деңгейі жоғары және бұл турнирде қатысушылар мен көрермендер арасында қызығушылықты одан әрі арттырады. Турнир кестесіндегі шиелініс жоғары деңгейде және әр команда таңғалдыруы мүмкін.

 

- Сіз бұған дейін қақпашыларға көңіліңіздің толмайтындығын айтып едіңіз. Қазір трансферлік кезеңнің ашылғанын ескерсек, қақпашы позициясы бойынша шешім шығарасыз ба? Клуб құрамын күшейтуді жоспарлай ма?

- Біздің мақсатымыз команданы күшейту. Сондықтан трансферлік кезеңде барынша мұқияттылық танытып, нақты ойыншыны таңдауға ұмтыламыз. Ешқандай қобалжу жоқ. Қазіргі сәтте клубымыздағы қақпашыларымыз толық талабымызға сай келеді. Егер құраманы күшейтетін сәт туындаса, бірден қолдануға тырысамыз. Бұл барлық позицияларға қатысты.

 

- «Қарасай» стадионындағы жөндеу жұмыстарына байланысты командаңыз енді «Жастар» стадионына ауысады. Жаңа жасыл алаң клубтың нәтижесіне әсер ете ме?

- Өзге жерге көшу үнемі қолайсыздық тудырады. Бірақ біз жаңа жағдайға бейімделеміз деген ойдамын. «Жастар» стадионы біздің көп ойыншыларымызға таныс және бұл бізге артықшылык береді. Клуб басшылығымен бірге біз жаттығуға және матч өткізуге барлық жағдайды жасауға тырыстық. Бұл қолайсыздықты азайтуға және қандай жасыл алаң болмасын, жақсы ойын көрсетуге әсерін тигізеді.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Лига кубогының 3-ші турында «Қызылжар» сырт алаңда «Ақжайықпен» күш сынасады. Ойын 21 шілде күні кешкі 17:00-де Орал қаласындағы «Ақжайық» стадионында өтеді.