Лига кубогы біз үшін өте маңызды турнир – «Каспий» бас бапкері Владимир Никитенкомен сұхбат
Футбол сарапшылары 1XBET QFL Бірінші лигасының басты фавориттерінің қатарына «Каспий» клубын жатқызады. Маңғыстаулық ұжым әзірше жеңіліске ұшырамай, турнир кестесінің көш басында нық тұр. Команданың жетістігінің сыры неде? Маусымға мақсаты қандай? Клубтың бас бапкері осы сұрақтарға QFL.KZ сайтында жауап берді.
- Владимир Андреевич, «Каспий» клубы маусымды өте сәтті бастап, 1XBET QFL Бірінші лигасының алғашқы 8 турында ешкімге есе жібермеді. Бұған дейін футбол сарапшылары ақтаулық команданы осы турнирдің фавориттерінің қатарына қосып еді. Сіз осымен келісесіз бе? Команданың осы маусымдағы мақсаты қандай?
- Әзірше фаворитттерді айту ерте. Барлық матчтар шиеленісті өтіп, клубтардың арасын бірнеше ғана ұпай бөліп тұр. Барлығы алда. 1XBET QFL Лига Кубогына байланысты біздегі күнтізбе өте тығыз. Басты мақсатымыз – OLIMPBET QFL Премьер-лигаға жолдама алу.
- Осы маусымда OLIMPBET QFL Премьер-лигасы тартысты өтіп жатыр. Әр тур сайын көшбасшы ауысып жатыр десе де болады. 1XBET QFL Бірінші лигасында да көптеген командалар көшбасшылар қатарына кіргісі келеді. Маусым қорытындысы бойынша екі ғана клубтың жоғарлайтындығын ескерсек, «Каспийдің» басты қарсыласы ретінде кімді айтар едіңіз?
- Чемпионат енді ғана қызып жатыр. «Хан-Тәңірі» мен SD Family жақсы ойын өрнегін көрсетіп жатыр. Бұл қатарға «Оқжетпес» пен «Екібастұз» клубтарын қосуға болады. «Жетісай», «Ұлытауды» есептен шығаруға болмайды. «Қайрат-Жастар» да қауқарлы ұжым. Әр команданың өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар. Бірінші айналымнан кейін бәсекелестік жайлы сөз қозғауға болады.
- «Каспий» OLIMPBET QFL Қазақстан кубогында алысқа ұзай алмады. Бірақ 1XBET QFL Лига кубогына қатысатын мүмкіндігі бар. Ол жерде сіздер «Астана», «Жетісу» және «Шахтер» командаларымен күш сынасасыздар. Сіздер жаңа турнирге қаншалықты басымдық бересіздер? Әлде OLIMPBET QFL Премьер-лигасына шығуға мән бересіздер ме?
- 1XBET QFL Лига кубогы өте маңызды турнир. Премьер-лиганың ұжымдарымен бірге бәсекеге түсу үлкен құрмет. Отандық футболдың жоғарғы деңгейінде сайысқа түсе алатындығымызды көрсеткіміз келеді. Бірақ біз 2-3 күнде бір матч өткіземіз. Сондықтан жастарға да мүмкіндік береміз. Бізге әркімнің деңгейі әртүрлі екендігін де ескеру қажет. Егер Премьер-лигада 11 легионер доп тепсе, бізде 10-11 сыныптағы оқушылар өнер көрсетеді. Сол себепті жоғары дәрежедегі деңгейде қаншалықты қауқарлы екендігімізді көреміз.
- «Каспий» 1XBET QFL Бірінші лигасында тек сырт алаңда «Жетісаймен» тең түсті. Дегенмен команда жақсы ойнады. Сіздің ойыңызша сол матчта жеңіс үшін не жетіспеді?
- «Жетісайға» қарсы одан да жақсы ойнауға болушы еді. Көптеген гол соғатын мүмкіндіктерді мүлт жібердік. Алаңда көптеген қателіктер болды. Кеш ояндық. Бірден ойынға кіріп кете алмадық. Артынша жинақталып, басымдыққа ие болдық. Бірақ гол соға алмадық.
- Сіздің командаңызды шабуылға бейім десе бола ма?
- Тек шабуыл ғана емес, барлық шеп маңызды. Әр шептен допты алмастыру, допты тартып алу, стандарттық жағдайларға да мән береміз. Шабуылдаушы деп айтпас едім. Бірақ ойынды толық бақылауда ұстауға тырысамыз.
- Осы маусымда «Каспий» клубы өз матчтарын 32 жыл бойы үлкен футбол болмаған Жаңаөзенде өткізіп жатыр. Әмин Тұяқов атындағы стадионы үнемі жанкүйерге толып, тұрғындар тарапынан қызығушылық бар. Мұнайшылардың қаласындағы ойындар Маңғыстау облысында жаңа футбол секциялары немесе жаңа футбол клубының пайда болуына әсер ете ме? Бәлкім, болашақта «Каспийдің» жастар командасы болып қалар?
- 150 мың тұрғыны бар заманауи Жаңаөзен қаласында кем дегенде Бірінші лигада ойнайтын клубы, футбол инфрақұрылымы, балалар футбол мектебі болуы керек деп санаймын. Футболды жақсы көретіні сезіледі. Көптеген жанкүйерлер тіпті бала-шағасымен де қолдауға келіп жатады.
- Владимир Андреевич, отандық клубтарды 35 жылдан бері жаттықтырып келесіз және 8 кубокты жеңіп алдыңыз. Оң нәтижеге жету үшін не маңызды? Сіздің табысқа жетудегі сырыңыз неде?
- Бірінші кезекте командадағы адамдардың мақсатқа ұмтылуы маңызды. Бұл серіктестер, қала, спорт басшылары, жанкүйерлер және бастысы, ойыншылар. Футбол процесін ұйымдастыруда кішігірім олқылықтар болмауы керек. Себебі, нәтижеге жету үшін ұсақ-түйектер де өте үлкен рөл ойнайды.
Айта кетейік, 1XBET QFL Лига кубогының бірінші турында «Каспий» өз алаңында «Шахтерді» қабылдайды. Матч 26 мамыр күні кешкі 18:00-де Жаңаөзен қаласындағы Әмин Тұяқов атындағы стадионда өтеді.