Мақсатымыз – футболды жаңа деңгейге шығару – QFL президентінің үлкен сұхбаты
Премьер-лигада клубтардың саны көбейе ме? Төрешілер, матчтардың кейінге шегерілуі, трансляция бойынша мәселелер қалай шешіледі? Осы жыл несімен есте қалды? Алдағы маусымнан не күтеміз? Qazaqstan Football League президенті Ғани Қайназаров ең өзекті 10 сұраққа жауап берді.
- Ғани Әділханұлы, 23 қараша күні тарихымыздағы ең ұзақ әрі қызықты футбол маусымы аяқталды. Сіз өзіңіздің Instagram парақшаңызда биылғы маусымды ең жақсы өткендердің қатарында болғанын жаздыңыз? Шынымен де солай ма?
- Иә, расымен солай. Біріншіден, Лиганың ребрендингі болды. Бұл тек атауы мен дизайнның өзгеруі ғана емес. Сондай-ақ, отандық клубтық футболдағы өзгерістерге маңызды қадам. Біз ресми сайтымызды толықтай жаңартып, ол жерде матчтардың трансляциялары, статистикалық мәліметтер, турдың аңдатпасы мен шолулары, сараптамалық материалдар және т.б енгіздік. Әлеуметтік желідегі парақшамыз да жаңарып, ақпараттың жылдамдығы мен үздіксіз салынуына басымдық бердік. Нәтиже бар. Сайтқа кіретіндердің саны әлдеқайда өскен. Әлеуметтік желімізде де жазылушылардың саны артты. Бұның барлығы футболға деген қызығушылықтың артқанын аңғартады. Екіншіден, серіктестердің саны көбейді. Бізде техникалық және ресми серіктес пайда болды. Лига аясында әр матчты тікелей эфирде көрсетуді қолға алдық. Бұндай көлемдегі телевизиялық трансляция отандық нарықта болмаған. Үшіншіден, жаңа бәсекелерді іске қостық. Соның арқасында турнирдің саны сегізге жетті. Әйелдер лигасы мен Әйелдер кубогы QFL аясында өтіп, 16 клубтың қатысуымен Лига кубогы атты бірінші коммерциялық турнир ұйымдастырылды. Клубтар жаңа кубок пен жақсы сыйақы алу мүмкіндігіне ие болды. Өйткені жаңа кубоктың жалпы жүлде қоры рекордтық 1 миллион долларды құрады. Сонымен қатар маусымның алдында алғаш рет 4 клубтың қатысуымен коммерциялық турнир өтті. Матчтардың саны көбейіп, тіпті әр күн сайын ойындар ұйымдастырылды десек болады. Белгілі бір себептерге байланысты маусым Түркияда басталып, түркі елінің туристік астанасы – Түркістанда маусымымыз өз мәресіне жетті. Клубтарымыз жанкүйерлерін сапалы футболымен қуантып, Премьер-лига мен Бірінші лигадағы чемпиондар тек шешуші турда ғана анықталды. Сондықтан 2024 жылғы маусым отандық футбол тарихына енді. Алда тағы қызықты әрі тартысты маусым күтіп тұр деп сенемін.
- Иә, осы жылы футболымызда көптеген реформалар болды. Алайда біршама өзгерістер сынға ұшырап, әлеуметтік желіде әсері қатты білінді. Сіздің ойыңызша, неге олай болды?
- Бұл қалыпты құбылыс. Жұмыс барысында ондай сәттер кездеседі. Журналист, блогер немесе жанкүйер – барлығы жақсы жаққа түзелгенін қалайды. Бастысы, барлығын футболға деген махаббат біріктіреді. Белгілі бір деңгейде айтылған сын да алға қарай жетелеп, басшылықты іс-әрекетке итермелейді. Біз көптеген жанкүйерлердің футболға деген қызығушылығын бағалап, орынды ұсыныстары мен сыни пікірлерін қабылдаймыз. Қажет болса, жұмыс барысына өзгерістер ензігіп, жақсартуға тырысамыз. Кері байланыстың маңызы өте зор. Себебі, біздің өнімізді тұтынушы – жанкүйерлер. Не жасасақ та, барлығы миллиондаған аудиториясы бар футбол көрермендеріне арналады. Иә, барлығын мінсіз деп айтуға келмейді. Алайда бұған дейінгі дүниелермен салыстырсаңыз, өте маңызды қадамдар жасалды. Бір жылдың ішінде футболды толықтай өзгерте алмайсың. Барлығы жоспарлы түрде жүзеге асады. Осы мақсатта жұмысымызды жалғастырамыз.
- Осы жылы Лига қандай мәселелерге тап келді? Оны қалай шештіңіздер?
- Барлығыңыз білетіндей, осы маусымда инфрақұрылым жағынан мәселе туындады. Астана қаласындағы стадионның жөндеу жұмысына байланысты жабылуы елордалық клубтардың өзге жаққа ауысуы мен шешуші матчтардың қайда өтетіндігі бойынша сұрақтарды туындатты. Клубтармен келісімнің нәтижесі мен ұлттық құраманың маңызды ойындарға тиімді түрде жаттығуы үшін, Қазақстан Суперкубогын Түркияда ұйымдастырдық. Қазақстан кубогының финалын да ұзақ жылдардан кейін, маусымның соңына тіреп қоймай, Алматы қаласында өткізуге шешім қабылдадық. Батыс дербиін тамашалаушылардың көрсеткіші бойынша, Орталық стадион тарихты жаңартты. «Түркістан Арена» стадионының қайта есігін ашқаны қуантты. Қараша айының ортасындағы ауа-райын мен стадионның мүмкіндігін ескере отырып, осы стадионда Лига кубогының шешуші ойынын өткіздік. Турнирді ұйымдастыру кезінде мәселелер де болды. Премьер-лиганың кезекті маусымы басталар сәтте, қаржылық қиындыққа байланысты «Ақсу» клубы қатысудан бас тартты. Павлодарлық ұжымнан бөлек, «Қыран» мен «Іле-Алатау» да өз міндеттерін толыққанды атқара алмады. Осыған орай, Қазақстан футбол федерациясының футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі комиссиясы командаларды Бірінші лига мен Екінші лигаға қатысу құқығынан айырды. Лига тарапынан аталған клубтармен келісcөз жүргізіліп, олардың турнирде өз орындарын сақтап қалу үшін, соңғы сәтке дейін тырысқандығын ескерген жөн. Алайда регламент пен тәртіпті барлығы сақтауы тиіс. Клубтарды турнирден алып тастағанымен, жарыс күнтізбесін өзгеріссіз қалдырдық.
- Бұқаралық ақпарат құралдары Премьер-лиганың қатысушылары 14-тен 16-ға дейін көбейеді деген ақпаратты жиі жазады. Бұл рас па?
- Жоқ, шындыққа жанаспайды. Маусымның басына дейін турнирдің қатысушылары бойынша регламентті бекіттік. Сәйкесінше, әр клуб маусым бойынша өз мақсатын құрды. Премьер-лигада 14 клуб бақ сынап, 2 команда ұшады. Бірінші лигада 16 клуб өнер көрсетіп, 2 үздігі Премьер-лигаға көтерілсе, 15-16 орынға тұрақтаған ұжымдар төмендейді. Екінші лигадағы конференцияның жеңімпаздары да Бірінші лиганың жолдамасын иеленеді. Кез келген өзгеріс Лига кеңесімен жүзеге асырылады. Жақында өткен отырыста да қатысушылар санын өзгеріссіз қалдыруға шешім қабылдадық. Екінші лигада клубтардың жастары мен жаңадан құрылған командалар өнер көрсететіндіктен, қатысушылардың санын ашық қалдырдық. Біз елімізде футбол клубтарының көп болғанын қалаймыз. Мысалы, осы жылы «Талас», KazAST, қайта жаңғырған «Ертіс» дебютті маусымын өткізді. Сондықтан Екінші лиганың толық құрамы кейін белгілі болады. Премьер-лигада белгілі бір клуб өз орнын сақтап, кейбірі жоғарғы дивизионға көтерілмейді дегендей түрлі қауесеттерді оқимын. Бұндай көрініс тек лицензиялау бойынша ҚФФ талаптарына сай болмаған сәтте ғана болуы мүмкін. Тіпті осындай жағдай болғанның өзінде қатысушылардың саны спорттық принциптерге байланысты өзгеріссіз қалады.
- Төрешілердің қателігі мен матчтардың уақыты жиі ауыса беретіндігі бойынша не айтасыз? Неге кей ойындар күндізгі уақытта өтеді?
- Осы сәтті падалана отырып, QFL матчтарға төрешілерді тағайындауға жауап бермейтіндігін және қазыларға қатысты санкция қабылдауға құқығы жоқ екендігін айтқым келеді. Бұл сұраққа ҚФФ Төрешілік ету және инспекциялау департаменті жауап береді. Бірақ бұл бізді тыс қалады дегенді білдірмейді. Иә, төрешінің жұмысы, қателігі ойынға тікелей кесірін тигізіп, қазының тағайындалуы кәсібилігіне байланысты белгілі бір дәрежеде сұрақты туындатады. Әр матчты көреміз, сараптаймыз. Келіспеген тұсымыз болса, Федерацияға хабарласып, түрлі ракурстан түсірілген бейнежазбаны береміз, өз ұсынысымызды айтамыз. Спорттық этика әділ ойынның негізінде құрылады. Сондықтан ҚФФ қателіктерді азайту бойынша жұмыстарды атқаруда. Төрешілердің сапасы жоғарлап, келесі маусымда келіспейтіндей тұстар барынша аз болады деп сенемін. Матчтардың ауысуына келетін болсақ, бұндай жағдай регламентте қарастырылған. Әсіресе шегерілімдер клубтардың еурокубоктың іріктеу кезеңіне қатысуына байланысты болады. Ойындарды кейінге қалдыруды көптеген жағдайда футбол клубтары қабылдап, Лига мен қарсыласқа ұсыныс жібереді. Тек қос тараптың келісімі бойынша ғана кездесуді кейінге шегереміз. Әрине, жиі шегерілімдер жақсы емес. Қазіргі сәтте клубтардың бір маусымда матчты кейінге қалдыруы бойынша лимит енгізу нұсқасын қарастырып жатырмыз. Ал матчтың уақытына көптеген факторлар әсер етеді. Біріншіден, ойындар күнтізбесі. Ішкі турнир, ұлттық құраманың ойындары, матчтар арасындағы үзілістер талапқа сай ескеріледі. Екіншіден, инфрақұрылым мәселесі мен ауа-райы. Өкінішке қарай, көптеген стадиондар кешкі уақытта матчтарды толыққанды жарықтандыра алмайды. Оның үстіне біршама өңірлер ауа-райына тікелей тәуелді. Үшіншіден, қосымша талаптарды қадағалау. Футбол – бұқаралық шара. Бірінші кезекте қауіпсіздік талаптары ескерілуі қажет. Біз құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста болып, матчтардағы жұмысы үшін алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ, біз футбол матчын ұйымдастыру мақсатында рұқсат берілген уақытты ұстану талабын орындауға мәжбүрміз. Ресми демеушінің талаптары да бар. Олардың трансляцияларды арнайы уақытқа қойып, көрермендер санын көбейтуге, эфирде жарнамалармен байланыс және т.б міндеттері бар.
- Матчтардың трансляция сапасын жақсарту бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?
- Ойындарды теледидар мен түрлі құрылғыдан көретін футбол көрермендерінің аудиториясы біз үшін өте маңызды. Осы жылы әр матчты тікелей эфирде ұсыну бойынша маңызды қадамды жасадық. Жоғарыда айтқанымдай, біз 8 турнир өткіздік. Бұл 9 айда шамамен 700-ден астам ойынды құрайды. Сейсенбі және сәрсенбі күні - Екінші лига, бейсенбі – жұма күндері - Бірінші лига, демалыс күндері Премьер-лиганың ойындары өтеді. Бұған қосымша 5 турнирді қосыңыз. Осы жерде ресми серіктесіміз – Qsport компаниялар тобына алғысымызды білдіреміз. Олар барлық көлемді өздеріне жүктеп, көрсетілімнің толық циклың қамтамасыз етті. Матчтар бес телеарна, 15 платформа, тегін мобильді қосымшада тікелей эфирде ұсынылды. Басты талап – сигналды тек дер кезінде ғана ұсынып қана қоймай, статистикалық мәліметтерді шынайы уақытта көрсету, бейнекамералардың санын арттырып, матчтарды мемлекеттік тілде жүргізу керек. Иә, тікелей эфирде біршама мәселелер мен сындар болды. Бірақ стадиондардың инфрақұрылымын да ескеру қажет. Өкінішке қарай, көптеген стадиондар сапалы трансляциямен қамтамасыз ету талаптарына сай келмейді. Оның ішіне интернеттің сапасы мен түсірілім топтары үшін құрылғыларын қоятын орындардың тапшылығы кіреді. Осы жылғы трансляциялардың арқасында мәселелі тұстарды байқап, жақын уақытта шешуге тырысамыз. QFL трансляцияларын өзге ресурстардың трансляцияларымен салыстырған жайттарды да байқадым. Алайда осы маусымға дейінгі көріністі айтқандардың қарасы өте аз болды. Егер байқасаңыз, ілгерушілік бар. Мысалы, комментаторсыз таңдаулы трансляция мен стадионда бір ғана камерамен қамтамасыз етілген жайттар ендігісі келмеске кетті. Бірақ әлі де күшейтетін тұстар бар. Бастысы – барлық матчтарды көрсету сынды мақсатымыз орындалды. Иә, Екінші лига мен Әйелдер лигасының трансляцияларын көп жанкүйерлер көрмейтін шығар. Бірақ клубтардың бапкерлік штабы тарапынан бірнеше рет жақсы пікір естідік. Олар ойындардың көрсетілімі арқылы матчтарға сараптама жасауға мүмкіндік алды. Көпшілігі Қазақстан кубогының финалы немесе «Ақтөбенің» кей матчтарындағы жақсы көріністерді тамашалады деп ойлаймын. Стадион толы болғанда, әрине көрсетілімнің әсері де бөлек болады. «Түркістан Аренадағы» маусымның соңғы ойынында серіктестеріміз алғаш рет қосымша шынайы графикаларды қолданды.
- «Ақтөбе» ең көп жанкүйер жинаған клуб атанды. Ал «Қайрат» - «Ақтөбе» кездесуінде көрермендердің саны бойынша тарихи рекорд тіркелді. Бұған не себеп?
- Бұл тұрғындардың футболға деген қызығушылығының артқанын білдіреді. Әрине, ұлттық құраманың былтырғы табысы, клубтарымыздың Еуропа ареналарында жетістігі, клубтар тарапынан жанкүйерлермен жақсы жұмыстың жүргізілгені әсерін тигізді. QFL турнирінің барлық матчын стадионда 1 094 316 жанкүйер тамашалады. Екінші лигадағы көрермендердің саны екі есеге дейін артты. Ол жақта да Бірінші лигасының жолдамасына талас соңғы турда шешілді. Жаңа Лига кубогы турниріне Қазақстан кубогынан қарағанда көп жанкүйер барды. Бірінші лига өте қызықты өтіп, Премьер-лигадағыдай соңғы турда ғана чемпион белгілі болды. Ал 20 сәуір күні Алматының Орталық стадионында «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы тарихи ойынға 22 804 адам келді. Бұл матч 2025 жылдың маусымын бастап, командалар Суперкубокта жолығады. Аймақтарда жаңа стадиондардың құрылысы жүріп, жақын арада 30 мыңдық «Астана Арена» қайтадан есігін ашады. Сондықтан жанкүйерлердің саны бойынша рекорд тағы да жаңаруы мүмкін. Футбол – стадионда түрлі эмоцияларды бастан кешіретін керемет спорттың түрі. Осы ретте өз командаларын қолдаған жанкүйерлерге тағы да алғысымды айтқым келеді.
- Мамырдың ортасында Qazaqstan Football Leaguе президенті қызметіне кірістіңіз. Кейбір парақшаларға мән берсек, сізді жабық адам деп айыптап жатады. Расымен солай ма? Осы аралықта қандай жұмыстар атқардыңыз?
- Футбол – менің өмірім деп, айтып едім. Бұған дейін кәсіби футболшы ретінде «Қайрат» сапында доп теуіп, «Таразбен» өз тарихында алғашқы ел чемпионы атандым. «Тараз», «Астана» клубтарының басшылық қызметін атқардым. QFL-ге дейін өздеріңіз білетіндей ҚФФ құрама командалар департаментін басқарып, ұлттық құрамамыз Ұлттар лигасының В дивизионына тарихи жолдама алды. Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында рекордтық ұпай жинадық. Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Магомед Адиевпен тығыз байланыста болып, бірге ұйымдастырушылық үрдісті қалыптастырдық. Отандық футболдың мәселесімен таныспын және жан-тәніммен дамығанын қалаймын. Футболымыз жаңа деңгейге шығады дегенге сенемін. Сәуірде мені Лиганың вице-президенті лауазымына шақырып, лига турнирлерінің ұйымдастыруына байланысты сұрақтармен айналыстым. Ал мамырдың ортасында клубтар маған үлкен сенім артып, дауыс берді. Нәтижесінде QFL президенті ретінде сайландым. Кейін мені ҚФФ Атқарушы комитетінің мүшелігіне енгізді. Жабық жағына келетін болсақ, мен көп сөзге жоқпын. Алдымен қойылған міндетті атқарып, артынша сол жайлы айта аламын. Жұмыс барысы жүріп жатыр. Мысалы, қазір 2025 жылғы маусымға дайындық үшін кей сұрақтарды шешудеміз. Иә, президенттің лауазымы белгілі бір деңгейде ашық болуы керек. Осы орайда әлеуметтік желіде парақшамды ашып, кейінгі ақпараттарды, Лиганың қызметі, футболдың дамуы бойынша ойларыммен бөлісіп, аудиторияға жақын болуды қалаймын. Лигадағы басшылықтың ауысуы, жалпы кез келген компаниядағы ауысым оңайға соқпайды. Сондықтан, барлық жобаларды жалғастыру міндеті тұрды. Лиганың басты активі – футбол клутары. Олармен байланыс орнатуда мәселе болды. Мен клубтармен тығыз қарым-қатынаста болып, олар кездесетін мәселелерді біліп, шешуге тырыстым. Клубсыз Лига да болмайды. Сол себепті, турнирге қатысу үшін жағдай жасау, өзара сенім қалыптастыру мен еліміздегі футболды дамытуға ортақ күш-жігер жұмсау маңызды. Біз үздік болуға тырысып, ең озық халықаралық тәжірибені қолдануға тиіспіз. Жақын күндері Швейцарияда Еуропалық кәсіби футбол лига ассоциациясының (EPFL) конференциясына қатысып, ой алмастық. Шетелдік әріптестеріміз де отандық футболымызды белсенді бақылап, QFL қызметінің алға жылжығанын атап өтті.
- 20 желтоқсан күні ҚФФ президентінің сайлауы өтеді. Үміткерлер бойынша ойыңыз қалай? Басшылықтың өзгеруіне байланысты QFL-дің де қызметі өзгеріске ұшырай ма?
- Бізді қызықты сайлау күтіп тұр және жақын арада кандидаттардың жоспарын білетін боламыз. Көптеген үміткерлермен жақын таныспын. Сондықтан олардың отандық футболға қатысты көзқарасын білу қызықтырады. Сайлаудың әр қатысушысы еліміздегі футболды жақсартуға мүдделі. Қандай жағдай болмасын, ҚФФ-тың жаңа басшылығымен тығыз байланыс ұстаймыз. Өйткені футболымызды дамыту үшін, алда көптеген міндеттер тұр. ҚФФ, Лига, серіктестер, жанкүйерлердің өзара тығыз байланысының арқасында ойлаған дүниемізді іске асырамыз деп сенемін.
- Футбол қысқы демалысқа кетті. 2025 жылы жанкүйерлерді не күтіп тұр?
- Біз жаңа маусымға дайындықты белсенді түрде бастап кеттік. Мәселелі сұрақтарды шешіп, жарыстардың регламентін жақсартуды ойластырудамыз. Жақын арада клубтар лицензия алу процесінен өтеді. Біз өз кезегімізде бұл мәселеде барлығын жасауға тырысамыз. Алдағы жылға жоспар түзіп, отандық футболға қатысты жобаларды әзірлеудеміз. Мысалы, келесі жылы Әйелдер лигасында командалардың саны артып, әйелдер клубтары арасында Қазақстан Суперкубогын ұйымдастыруды жоспарлаймыз. Серіктестеріміздің де сұраныстарын ескеріп, өз ұсыныстарымызды жібереміз. Мақсат айқын – футболды жаңа деңгейге шығару. Ұйымдастыру, матчтардың трансляциясы, медиа бойынша сапаны артттыруға тырысамыз. Сондықтан жаңа футбол маусымының басталғанын асыға күтеміз. Осы сәтті пайдалана отырып, барлығын маусымның аяқталуымен құттықтап, табыс тілеймін. Келе жатқан Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл құтты болсын. Барлығымыз футболды жақсартуға күш салайық. Себебі, QFL-дің ұраны «Футболмен бірге» деп аталады.
- Сұхбатыңыз үшін рақмет! Сізге табыс тілейміз!