Нұрсұлтан Құрман: «Жеңістің» чемпион болғанын қалаймын
Осы сенбіде Түркістанда 1XBET QFL Лига кубогының финалы өтеді. «Түркістан Аренада» «Жеңіс» пен «Астана» клубтары өзара елордалық дербиде жеңімпазды анықтайды. Осы орайда танымал отандық журналист Нұрсұлтан Құрман шешуші ойынға байланысты QFL.KZ сайтына өз ойымен бөлісті.
- 23 қараша күні маусымның соңғы ресми ойыны - 1XBET QFL Лига кубогының финалы өтеді. «Жеңіс» пен «Астана» арасындағы елордалық дербиден не күтесіз?
- 2024 жылғы футбол маусымында «Астана» ғана еурокубоктың топтық кезеңіне шығып, отандық жанкүйерлерді қуанта алды. Алайда елордалық ұжымның ішкі турнирде бірде-бір кубокты алмағанын ескеруіміз керек. Сондықтан Григорий Бабаянның шәкірттері маусымның әдемі нүктесін қоюға тырысатындары анық. Бірақ биыл ғана жоғары дивизионға шыққан «Жеңіс» клубы да аш. Оған маусымның соңында фавориттерден ұпай алғаны дәлел. Олар өз орындарын сақтап қалды және жаңа турнирдің финалына шыға алды. Осының өзі «Жеңіс» ұжымына қосымша мотивация беруі керек. Жеке басым, «Жеңістің» чемпион болғанын қалаймын.
- 1XBET QFL Лига кубогының финалына дәл осы екі команданың шығатынын күттіңіз бе?
- Финалға «Жеңіс» пен «Елімай» шығады деп күткенмін. Акис Вавалистің футболшылары пенальти сериясы арқылы финалға өтсе, «Елімай» бұл міндетті орындай алмады. Шыны керек, күнтізбесі қиын «Астана» шешуші ойынға шығады деп күтпедім. Себебі, чемпиондыққа талас және Конференциялар лигасының жалпы кезеңі күштің орынды жұмсауына итермеледі. Бірақ бәрібір де олар финалда доп тебеді.
- «Түркістан Аренадағы» жөндеу жұмыстары аяқталғанына 2 айдан астам уақыт болды. Жасыл алаңның финалдық ойынды қабылдауына қатысты ойыңыз?
- «Түркістан Арена» стадионында жөндеу жұмыстарының аяқталғаны бірнеше басымдық береді. Біріншіден, табиғи төсеніш. Екіншіден, жылыту жүйесі бар. Үшіншіден, Алматыдан қарағанда, Түркістанның ауа-райы дәл қазіргі сәтте қолайлы болып тұр. Маусымның соңғы шешуші ойыны Түркістан қаласының тұрғындары үшін үлкен сый деп есептеймін.
- Финалға шыққан қос ұжым өзге клубтардан қарағанда, маусымды кемі екі аптаға кеш аяқтайды. Бұл клубтардың физикалық дайындығына кері әсерін тигізбей ме екен?
- Ел чемпионаты 10 қарашада аяқталды. Енді қалған екі аптада физикалық дайындығы жағынан бірдей деңгейде барады. Бірақ психологиялық жағынан «Астананың» кішігірім басымдығы бар. Өйткені олар Конференциялар лигасында тағы 3 кездесу өткізеді. Футболшылары әлі маусымды аяқтадық дегендей сезімге бой алдырмады. «Жеңіс» үшін бұл осы маусымдағы соңғы ойын. Бірақ финал екендігін естен шығармайық. Акис Вавалистің шәкірттері де барын салатындары түсінікті.
- Биыл елімізде жаңадан құрылған 1XBET QFL Лига кубогы турнирі отандық футболды дамытуда рөлі қаншалықты деп ойлайсыз?
- 1XBET QFL Лига кубогы бірінші кезекте клубтардың қосалқы футболшыларына ойын уақытын сыйлады. Бұның барлығы топтық кезеңде-ақ айқын көрінді. Екінші кезекте ел чемпионатында жүлдеден үмітін үзген клубтарға қосымша жақсы мүмкіндік болды. Финалға «Жеңістің» шығуы соның дәлелі. Турнирдің форматы әдемі ойластырылды деп ойлаймын.
Айта кетейік, Лига кубогының бас серіктесі – 1XBET компаниясы. «Жеңіс» пен «Астана» арасындағы финал 23 қараша күні, сағат 15:00-де Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өтеді. Матчқа кіру тегін, сондай-ақ, турнирдің бас серіктесі атынан стадионда белсенділік аймақтары, танымал жүргізуші Әділет Бисариевтің интерактиві, диджей, хедлайнер HIRO-дың туындылары мен басты сыйлық - Chery Tiggo 4 Pro автокөлігінің ұтысы күтілуде. Ойынды тікелей эфирде Qazsport телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары мен Q Football мобильді қосымшасы арқылы тамашалай аласыздар.