KZ
KZ RU
02 шілде 2024 16:55
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

OLIMPBET QFL Премьер-лигасы: Бірінші айналымда қандай жайттар тіркелді?

02 шілде 2024 16:55

Кеше футболдан OLIMPBET QFL Премьер-лигасының алғашқы айналымы мәресіне жетті. Енді клубтар бәсекені 13 шілдеде жалғастыратын болады. Осы орайда назарларыңызға бірінші айналымдағы жайттармен бөлісеміз.

 

- Былтырғы ел чемпионы «Ордабасы» клубы биылғы маусымның алғашқы айналымын 25 ұпаймен бірінші орынмен аяқтады. Команда 9 матчтық жеңіліссіз сериясын жалғастырып келеді. Былтыр шымкенттіктер алғашқы айналымды екінші орынмен бітірсе де, турнир қорытындысы бойынша топ жарған болатын. Осы турға дейін үзеңгі қағыстырып келген «Ақтөбе» өз алаңында «Тобылға» жеңілгендіктен, 22 ұпаймен екінші орында қалды.

 

- 13 турдың қорытындысы бойынша, қарсылас қақпасына ең көп 21 гол соққан клуб - «Ақтөбе». Екінші орында 20 голмен «Ордабасы» тұр. Қос клуб тек өзара кездесуде ғана 0:0 есебімен тең тарқасқан. «Қайрат», «Тобыл», «Елімай» ұжымдары 16 мәрте қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Ең аз 5 гол соққан «Шахтер» турнир кестесінің ең төменгі сатысында келеді.

 

- Ең көп гол соғатын мүмкіндікті туындатқан команда - «Астана» (XG-18,28). Бірақ елордалықтар 12 рет қана гол соқты. «Ақтөбе» (XG-16,67) екінші орында тұрғанымен, 21 рет белсенді.

 

- Ең аз 7 гол өткізген «Атырау» командасы небары турнир кестесінің 6-шы орынында тұр. Атыраулықтар биылғы маусымда 6 ойында қақпаларын аман сақтаған. Екінші орында 8 голмен топ басындағы «Ордабасы» тұр. Ал 21 мәрте допты өз қақпасынан алып шығуға мәжбүр болған «Жеңіс» пен «Шахтер» соңғы орындарды бөлісуде.

 

- Қақпашылардың арасынан ең көп 41 соққыны «Шахтер» қақпашысы Егор Цуприков қайтарған. Бірақ қарағандылықтар 4 матч бойы қарсыласына ұпай беріп келеді.

 

- Өз алаңында жеңілмеген бір ғана клуб бар. «Елімай» клубы өз алаңында 2 рет жеңіске жетіп, 5 мәрте тең түсті. Өз стадиондарында ең көп 13 ұпай жинаған «Ордабасы» мен «Тобыл» 1 мәрте қарсыласқа есе жіберді.

 

- Сырт алаңда ең сәтті 13 ұпай жинаған ұжым – «Ақтөбе». Өкінішке қарай, қарағандылық «Шахтер» түзде әлі бірде-бір ұпай ала алмады.

 

- 156 матчта 22 мәрте пенальти белгіленіп, оның тек 11-і ғана сәтті орындалды. Ең көп 4 пенальтиді «Ақтөбе» мен «Астана» орындаса, «Шахтер» және «Жеңіс» футболшыларының пайдасына әлі пенальти белгіленбеді. «Жетісу» қақпасына 4 рет пенальти тебілгенімен, оның 1-уі ғана голға айналды.

 

- Ең көп 190 мәрте сәтті дриблингті жасаған «Тобыл» клубы. Қостанайлықтардың ойыншысы Ахмед Эль Мессауди да 43 рет қарсыласын сәтті алдаған.

 

- Қарсылас қақпасына ең көп 59 тура соққы бағыттаған – «Қайрат». Бразилиялық сұрмерген Жоау Пауло 21 дәл соққымен оқ бойы озып тұрса да, оның төртеуін ғана голға айналдыра алды.

 

- Бірінші айналымда ең көп 38 сары қағазды «Қайсар» алса, ең аз 20 сары қағаз «Астанаға» көрсетілді. «Шахтер», «Қызылжар», «Ордабасы» клубтарынан ғана футболшылар жасыл алаңнан қуылмады.

 

- Биылғы маусымда ең дөрекі ойын «Қайсар» мен «Қайраттың» арасында өтіп, 11 сары қағаз көрсетілді.

 

- 20 сәуір күні Алматының орталық стадионында «Қайрат» - «Ақтөбе» матчын рекордтық 22 804 жанкүйер тамашалады.

 

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасында гол соққан ең жас футболшы – 22 жастағы Максим Самородов. «Ақтөбенің» шабуылшысы тек гол соғып қана қоймай, 5 голмен бірінші орынды бөлісіп тұр.

 

- Бірінші айналымның қорытындысы бойынша, «Шахтер», «Жеңіс», «Қайрат», «Тобыл» клубтары бас бапкерін отставкаға жіберді.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 14-ші тур ойындары 13-14 шілде күндері болады. Ойындарды тікелей эфирде Q Football, Q League, Q Arena, Qazsport, Sport+ Qazaqstan телеарналы мен QFL.KZ сайтынан тамашалай аласыздар.