KZ
KZ RU
04 шілде 2024 16:17
1ХВЕТ ЛИГА КУБОГЫ

Плей-оффқа шығу қиын болады – «Тараз» ФК бас бапкері Нұрмат Мырзабаев

04 шілде 2024 16:17

5-7 шілде күндері 1XBET QFL Лига кубогының екінші туры өтеді. Жаңа кубокқа 16 отандық клуб талас жүргізеді. Олардың арасында 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасындағы «Тараз» да бар. Осы орайда клубтың бас бапкері Нұрмат Мырзабаев «Ақжайыққа» қарсы сырт алаңдағы ойынның алдында команданың қазіргі жағдайына тоқталды.

 

- Нұрмат Нарманұлы, 1ХВЕТ QFL Лига кубогының бірінші турында «Тараз» OLIMPBET QFL Премьер-лигасының өкілі «Қызылжармен» кездесіп, үш ұпай алуға жақын болды. Сіздер үшін жаңа турнир қаншалықты маңызды?

- Өте жақсы турнир. Бұл жерде Премьер-лига клубтарының арасында өзіңді көрсетуге, ойын уақыты аз футболшыларға тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. 1ХВЕТ QFL Бірінші лиганың клубтары үшін танымдық бәсеке. Жеребенің қорытындысына сәйкес, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигадағы «Ақжайық» пен «Қайрат», «Қызылжармен» түстік. Біз кезекті қарсыласқа дайындаламыз. Алайда қандай қарсылас болмасын, барлығына жеңіс үшін дайындалып шығамыз. Біз үшін бұл доданың маңызы жоғары және барлық футболшылардың доп тебуіне мүмкіндік береміз. Команданың қай лигада ойнайтынына аса қатты мән бермейміз.

 

- 1XBET QFL Лига кубогында жартылай финалға 1 ғана клубтың плей-оффқа шығатынын ескерсек, сіздердің мүмкіндіктеріңіз төмендеді ғой. Енді бар күшті 1XBET QFL Бірінші лигаға аударып, қосалқы құрамды алаңға шығарасыздар ма?

- Иә, плей-оффқа шығу қиын. Бірақ бізде бірінші немесе екінші құрам деген түсінік жоқ. Тек осы кезге дейін алаңда аз уақыт ойнаған футболшыларды шығарамыз. Еурокубокқа қатысатын командалар бұл турнирге қосалқы құрамын жіберетін шығар. Алайда   біз ондай бәсекеге қатыспайтындықтан, барымызды саламыз.

 

- 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасында «Тараз» көшбасшылардан сәл ғана қалып, 6-орында тұр. Сіздердің күштеріңіз жоғарғы орынға таласуға жете ме?

- Жоғарыдағы клубтардан 3 қана ұпай қалып тұрсақ та, біздің 1 ойынымыз артық. Сондықтан осы аптада демаламыз. Өзге қарсыластарымыз осы турда алаңға шығатындықтан, тағы да ұпай алуы мүмкін. Қазіргі сәтте ТОП-4-те келе жатқан клубтардан бөлек, «Ұлытаудың» да OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығуға барлық мүмкіншілігі бар. Менің ойымша, осы ұжымдар жолдама тағдырын анықтайды.

    

- Маусым басталғалы бірнеше матчта ұпай жоғалттыңыздар. «Тараз» клубының тұрақтылығына не жетіспейді?

- Клуб сапында жас футболшыларымыз тұрақсыздығы әсер етті деп ойлаймын. Бұл табиғи заңдылық. Команда енді ғана бастап, ысылып келеді. Ұпай жоғалттық деп те айтуға болмайтын шығар. Өйткені қарсыластың мүмкіншілігіне қарай кездесулерді өткіздік. Бірде сәттілік жетіспеді, бірде зейінімізді жоғалтып алдық.

 

- «Тараз» клубынан мықты қақпашылар шығып жатады. Алайда биыл сіздер 3 қақпашыны да жасыл алаңға шығардыңыздар. Бұл жағынан қандай да бір мәселе бар ма?

- Қақпашылардың жаттықтырушысымен ақылдаса отырып, 3 қақпашыға да мүмкіндік береміз. Бұл жерде қарсыламыз кім болатынына да байланысты. Ойнау стилі ыңғайлырақ және көмегі көп тиетін қақпашыны таңдауға тырысамыз. Әр тур алдында қақпашының физикалық деңгейі мен психологиялық тұрақтылығына да мән береміз.

 

- Легионерлерге деген шектеу 1ХВЕТ QFL Бірінші лигадағы бәсекелестікті арттырып жіберді деп ойлайсыз ба? Өткен аптада ғана «Жетісайдың» шабуылшысы Бекнұр Рысқұлдың Еуропа чемпионатына ауысқанын естідік. Жалпы Бірінші лигадан футболшыларға деген сұраныс қаншалықты жоғары?

- Легионерлерге деген шектеу Бірінші лигадағы бәсекелестіктің деңгейін теңестіргені шындық. Жергілікті футболшыларға басымдық беріледі. Кез келген футболшыда алдымен OLIMPBET QFL Премьер-лигасында доп тебуге мүмкіншілігі бар деп ойлаймын. «Жетісай» ойыншысының ауысымы секілді мысалдар да кездеседі.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Лига кубогының екінші турында «Тараз» сырт алаңда «Ақжайықпен» кездеседі. Матч 7 шілде күні кешкі 17:00-де Орал қаласындағы «Ақжайық» стадионында өтеді.