KZ
KZ RU
10 маусым 2024 17:57
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Премьер-лигадағы командалардың деңгейі теңесті – «Атырау» ФК директоры Эрнис Есмағамбетов

10 маусым 2024 17:57

«Атырау» клубы барлық үш турнирде (OLIMPBET QFL Премьер-лига, 1ХВЕТ QFL Лига кубогы, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогы) жарысты жалғастырып жатыр және ең үлкен мақсатты көздейді. Команда OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 10 турының қорытындысы бойынша, өз қақпаларына 5 қана гол жіберді. Осы орайда «мұнайшылардың» директоры Эрнис Есмағамбетов алдағы маңызды кездесулердің алдында QFL.KZ сайтына футболшылардың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарымен бөлісті.

 

- Эрнис, «Атырау» клубы барлық отандық турнирлерді (OLIMPBET QFL Премьер-лига, 1ХВЕТ QFL Лига кубогы, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогы) жалғастырып жатқан төрт ұжымның қатарына кіреді. Команданың маусымға жоспары қандай? Қай турнир сіздер үшін маңызды?

- Иә, қазіргі сәтте барлық үш турнирде тайталасып келе жатырмыз. Ал мақсатқа тоқталатын болсақ, мен келген сәттен бастап (2022 жыл — ред.), әр маусым сайын одан әрі нәтижемізді күшейтуге тырысамыз. Турнирлердің ішінде әрине, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогы маңызды. Себебі, жеңіске 2 ғана қадам қалды. Егер чемпион атансақ, еурокубокқа жолдама аламыз.

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының биылғы маусымы өте қызықты өтуде. Сенсациялық нәтижелер, турнир кестесіндегі қарбаластар. Өткен маусымда 7-орын алғандарыңызды ескерсек, биыл «Атырауды» ТОП-4 клубтың қатарына қоса аламыз ба? Биылғы бәсекеге қалай баға берер едіңіз?

- Биыл OLIMPBET QFL Премьер-лигадағы командалардың деңгейі теңескен. Оны турнир кестесінен-ақ көре аласыз. Әр ойынның қалай бітетінін болжау қиын. Алайда әлі жоғары орынға таласатын үміткерлерді айту ерте. Өйткені бірінші айналым әлі бітпеді. Біз және кез келген кәсіби клуб әр матчта барынша көп ұпай алуға ұмтылады.

 

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасында сіздердің клубтарыңыз 5 қана гол жіберді және қорғанысы мығым ұжымдардың бірі саналасыздар. Команданың қорғаныс бөліміне сұрақ жоқ шығар? Әлде алдағы трансфер кезеңінде жаңа ойыншылар аласыздар ма?

- Бұл көрсеткіш бірінші кезекте біздің қорғанысымыздың дұрыс құрылғанын білдіреді. Қорғаушыларымыз бен қақпашымыз екінші маусым бірге ойнап жатыр. Тек Матеус Барбоса ғана қыста келді. Ал Сослан Такулов «Атырау» сапында үшінші маусымын өткізуде. Сондықтан қазір дұрыс жұмыс істеп тұрған жүйені өзгертудің қажеті жоқ деп санаймын.

 

- Маусым айында «Тобылмен» OLIMPBET QFL Премьер-лигада және OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының жауапты ойынында жолығасыздар. Команда өз тарихында 4 мәрте финалға шығып, сонау 15 жыл бұрын ғана кубокта чемпион атанған. Кубоктық турнирдің жеңімпазы 2025 жылғы Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатыса алатындығын ескерсек, сіздер үшін басты дода осы болатын шығар?

- OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының жартылай финалына шыққан соң, жеңістен басқаны ойламайсың. Сонымен қатар, Атырау қаласында еуропалық турнирдің өткенін қалаймын. Жанкүйерлер бұған лайық деп ойлаймын!

 

- «Атырау» осы маусымда өз алаңында тек «Жетісуге» ғана жол берді. Команданың «Мұнайшы» стадионында көп есе жібермейтіндігімен белгілі. Ал жанкүйерлер командасына жалынды қолдауын аямайды. Осы жылы клубтың ойынына көрермендер тарапынан қаншалықты қызығушылық артты?

- Кейінгі 3 жылда қызығушылықтың артып жатқаны сезіледі және үшінші жыл қатарынан жанкүйерлер ең көп жиналатын ТОП-6 команданың қатарына кіріп келе жатырмыз. 2022 жылғы маусымның бірінші матчына тек 200-300 ғана адам келсе, қазір әр кездесуге кем дегенде бес мыңға жуық жанкүйер жиналады. Бұл үшін өз алғысымды айтамын. Біздің футболшылар трибунаның қолдауын сезінеді және олар алаңда қосымша күш береді.

 

Айта кетейік, «Атырау» келесі ойынын OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 11-ші туры аясында сырт алаңда «Шахтерге» қарсы өткізеді. Матч 15 маусым күні сағат 18:00-де басталады. Ойынды тікелей эфирде QFL.KZ сайты мен Q Football телеарнасынан тамашалай аласыздар.