Премьер-лигадан ұшу жайлы тіпті ойламаймыз – Андрей Финонченко
Премьер-лигадан әлі ұшпаған отандық бір ғана клуб бар. Ол - «Шахтер». Алайда OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 10 турының қорытындысы бойынша қарағандылық ұжым турнир кестесінде 12-ші орында тұр. Қиын жағдайда тұрғанымен, «Шахтер» ФК бас бапкер міндетін атқарушы Андрей Финонченко бұны тек уақытша құбылыс деп қана санайды.
- Андрей Юрьевич, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 10 турының қорытындысы бойынша, командаңыз турнир кестесінің 12-ші орынында тұр. Бірқатар спорт журналистері мен сарапшылар сіздерді бірінші рет Бірінші лигаға ұшып кетуі мүмкін деп топшылайды. Бұндай қолайсыз сценарий болуы мүмкін бе? Әлде ТОП-10 команданың қатарына кіруге тырысасыздар ма? Биыл неге «Шахтердің» жағдайы шатқаяқтап тұр?
- «Шахтер» - бірде-бір рет Премьер-лигадан ұшпаған. Команданың өзіндік тарихы, дәстүрі бар. Сондықтан Премьер-лигадан ұшу жайлы тіпті ойламаймыз. Қандай орын алатынымыз жайлы айту әлі ерте. Бірақ әр кездесуде тек жеңіске ұмтыламыз. «Шахтердің» биылғы мәселесі - футболшылардың психологиясында болып тұр. Өз алаңымызда 7 ұпай жинағанымызбен, сырт алаңда команданы мүлдем танымай қаламын. Бұл жерде кей футболшыларға не жетіспейтіндігін анықтап, түзде де жетістікке жетуге талпыну қажет.
- Сіз бұған дейін БАҚ-қа берген сұхбатыңызда команданың қазіргі құрамына көңіліңіздің толмайтындығын айтып едіңіз. Алдағы трансферлік кезеңде командаңызды күшейтесіз бе? Қай позицияларға футболшылар ауадай қажет?
- Кез келген бапкердің ойыншылар құрамына көңілі толмайды. Алаңда ғана емес, жаттығу кезінде бәсекелестік болу үшін үздік ойыншылар болуы шарт. Қосалқы құрамнан шығатын футболшының өзі команданы күшейте алуы керек. Трансфер кезеңінде міндетті түрде жаңа ойыншылар аламыз. Ал кейбірімен қоштасамыз. Қорғаушы, жартылай қорғаушы, шабуылшы позициясына тың күш бере алатын футболшы іздейміз.
- «Шахтер» клубы OLIMPBET QFL Премьер-лигасында екі жеңіске қол жеткізді. Өз алаңынызда фаворит саналатын «Астана» мен «Тобылдан» басым түстіңіздер. Жалпы 2024 жылғы маусым сенсациялық нәтижелермен, бәсекелестігімен, турнир кестесіндегі қарбаласпен таңғалдыруда. Премьер-лиганың осы маусымын ең қызықты деуге келе ме?
- Команданың тізгінін алған сәтім «Астанаға» қарсы матчтың алдында болды. Барлық футболшылар енді артқа шегінудің еш мәні жоқ екенін түсініп, жеңіс үшін жігерленіп шықты. Жеңістің басты кілті - осы. Кез келген футболшы өзінен мықты қарсылас болғанда, ерекше құлшыныспен ойнауға тырысады. Кәсіби футболшыда барлығы көңіл-күйіне тікелей байланысты. Турнир кестесі, қай орында тұрғаны маңызды емес. Егер барлығы жақсы болса, әр ойында 3 ұпай алады. Қазіргі сәтте Премьер-лигадағы командалардың деңгейі бірдей. Ешкім бір-біріне оңайлықпен беріле салмайды. Тіпті «Қайсардың» өзі сырт алаңда «Тобылды» жеңіп кетті. Әр матч тартысқа толы.
- Осы жылы фавориттер аутсайдерлерге ұпай беріп жатыр және командалардың қабілеті шамамен бірдей. Мысалы, 1ХВЕТ QFL Лига кубогында Бірінші лиганың көшбасшысы «Каспий» сіздерден 3 ұпай алды. Бұған не әсер етті?
- Менің ойымша, айқын фаворит және аутсайдер деген ұғым болмайды. Алаңға екі команда, 22 футболшы шығады. Кім көп допқа таласта басым болады, алаңның әр бөлігінде талас жүргізеді, міне, сол команда жеңеді. Иә, біз «Каспийге» есе жібердік. Себебі, жоспарды орындамадық. Жігіттеріме толық әсер ете алмадым. Сырт көзден де біздің таластарда жеңілгеніміз байқалды. Әр матчқа жеңіске деген оймен ғана шығу керек. Өткен кездесуде де жігіттеріміз ысқырық шалынбай тұрып, Бірінші лиганың ұжымын қалпақпен ұрып аламыз деп шыққан болатын. «Каспий» де Премьер-лиганың командасына қарсы ерекше құлшыныспен ойнайды. Олар бар мүмкіндігін толыққанды пайдаланып, қарсыласты жеңуге болатындығын көрсете алды. Кездесу 90 минутқа созылады және барлық минутта әр допқа таласу керек.
- OLIMPBET QFL Премьер-лигасында «Шахтер» көш соңында тұрса, сіздердің жастарыңыз QFL Екінші лиганың «Солтүстік-Шығыс» конференциясында жоғары нәтиже көрсетіп жатыр. Сондай-ақ, «Шахтер Ж» шабуылшысы Шыңғыс Флюк үздік сұрмергендердің тізімін бастап тұр. Клуб жас футболшыларды қаншалықты негізгі құрамға тартады? Жақын арада отандық футболда жаңа есімдерді көре аламыз ба?
- Біз Екінші лиганың ойындарын қадағалап отырамыз. Көп футболшылар негізгі құраммен бірге жаттығуға қатысады. Бірақ Премьер-лига мен Екінші лига екі түрлі турнир екенін ескеруіміз қажет. Екінші лиганың басым көпшілігі жастардан құралған. Шыңғыс Флюк үшін қуаныштымын. Алайда негізгі құрамда да гол соға алуы керек. Мысалы, соңғы «Қайратқа» қарсы матчта 18 жастағы шабуылшы Даниал Таханов негізгі құрамда ойнады. Біз жастарға сенеміз. Олардан жақсы ойын күтеміз және негізгі құрамға көмектеседі деп ойлаймыз. Ол үшін тәжірибе маңызды. Сондықтан жастарды негізгі құрамға шақыртуды жалғастыра береміз.
- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының келесі турында қорғанысы мығым «Атырауды» қабылдайсыздар. Бұл матчқа қалай дайындалып жатырсыздар? «Шахтер» жеңіске жете ала ма?
- Келесі қарсыласымыз үйде де, сырт алаңда да жақсы ойнайды. Қазір біз «Атыраудың» ойынын көріп, сараптап жатырмыз. Біз жеңіске жетіп, жанкүйерлерімізді қуантуға тиіспіз. Осы сәтті пайдаланып, барлығын команданы қолдауға шақырамын. Турнир кестесіне қарайтын уақыт емес. Әр матчқа тыңғылықты дайындалу қажет. Кестенің төменгі жағында тұрғанымызды түсінемін. Бірақ алға ұмтылуымыз керек. «Балапанды күзде санайды» дейді ғой. Сол сияқты күзге дейін жағдайымызды түзеп аламыз деп сенемін және «Шахтер» маусымды лайықты түрде аяқтайды.
Айта кетейік, «Шахтер» 15 маусым күні кешкі 18:00-де OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 11-ші турында «Атырауды» қабылдайды.