KZ
KZ RU
14 қазан 2024 13:49
ЕКІНШІ ЛИГА

QFL Екінші лигасы: маусымдағы қызықты деректер

14 қазан 2024 13:49

QFL Екінші лигасының биылғы маусымы 9 сәуірден 1 қазанға дейін жалғасты. Бәсекеге еліміздің 16 өңірінен бірінші рет 24 команда бақ сынады. «Оңтүстік-Батыс» конференциясында AKAS клубы жеңімпаз атанса, «Солтүстік-Шығыс» конференциясында Ertis клубы топ жарды. Қос команда келесі маусымда 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасында өнер көрсетеді.

Назарларыңызға QFL Екінші лигасы 2024 жылғы маусымының статистикалық мәліметтерін ұсынамыз:

 

- Жарыста алғаш рет «Талас» (Жамбыл облысы), Ertis (Павлодар қ.), KazAST (Алматы қ.) клубтары, «Алтай», «Жеңіс», SD Family клубтарының жастары және «Қайсар» клубының екінші жастар командасы доп тепті.

- Жалпы турнир барысында 857 гол соғылды. AKAS шабуылшысы Сергей Гридин 20 ойын өткізіп, ең көп 20 гол соқты.

- AKAS клубы маусым барысында ең көп 10 жеңіс сериясын тіркеді.

- Ең көп 66 соққыны «Қайсар-Шиелі» қақпашысы Айқын Әжіхан (35 гол жіберді) мен SD Family Ж қақпашысы Сағыныш Бейбіт (32 гол жіберді) қайтарды.

- Турнирдің қорытындысы бойынша, 1 145 сары қағаз, 84 қызыл қағаз көрсетілді. AKAS клубы ең көп 68 сары қағаз алғанымен, «Оқжетпес» жастарынан ең көп 9 футболшы алаңнан қуылып кетті.

- «Қызылжар Ж» футболшысы Акрам Оруджев жасыл алаңда өткізген 15 матчында 10 сары қағаз бен 2 қызыл қағаз алып үлгерген.

- QFL Екінші лига ойындарын 88 403 жанкүйер тамашалады. Айта кетсек, өткен жылы турнир ойындарын стадиондардан 49 146 жанкүйер тамашалаған.

- Алғаш рет турнирдің барлық матчтары отандық телеарналардың тікелей эфирінен көрсетілді.

- Турнир барысында ең көп жанкүйер (8 000 адам) 3 шілде күні Ertis пен «Ақсу» арасындағы ойынға жиналды.

- Жалпы 22 турдың қорытындысы бойынша, 200 футболшы гол соққан.

- 81 пенальти белгіленіп, 62-сі сәтті орындалған. Ең көп 8 пенальтиді «Іле-Алатау» тепкен. «Қайсар-Шиелінің» пайдасына 7 пенальти берілсе де, тек оның 3-уін голға айналдыра алды.

- «Жас Қыран» футболшысы Руслан Захаров ең көп 2 121 минутын жасыл алаңда өткізді. Жалпы турнир барысында 17 ойыншы ғана барлық 22 турда доп тепкен.

- «Елімай Ж» командасы маусым барысында дебютант «Жеңіс Жас» командасын 10:1 есебімен басым түсіп, ең ірі жеңісті тіркеді.

- Ең көп 89% (1 236) дәл пас берген футболшы – Бекзат Минайдаров («Тобыл Ж»).

- Ең көп 80 рет сәтті дриблингті «Тобыл Ж» командасының жартылай қорғаушысы Нұрбек Байжанов жасады.

- «Елімай Ж» командасының жартылай қорғаушысы Асан Байғалиев ең көп 340 рет допқа сәтті таласқан.

- «Оңтүстік» клубының сол қапталдағы қорғаушысы Әли Тұрғанов ең көп 187 мәрте қарсыластан допты тартып алған.