KZ
KZ RU
07 қазан 2024 17:00

QFL ойындарын 1 миллионнан астам жанкүйер тамашалады

07 қазан 2024 17:00
Осы маусымда Qazaqstan Football League барлық турниріндегі матчтарын бір миллионнан астам көрермен стадионнан көрген. 1 наурыз бен 6 қазан аралығында жалпы саны 1 003 942 адам еліміздегі стадиондарға ат басын бұрды. Осы маусымда Лига 8 турнир өткізуді қолға алды. Қазіргі сәтте OLIMPBET QFL Премьер-лигасы, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасы және 1ХВЕТ QFL Лига кубогы әлі жалғасып жатыр.

Жанкүйерлердің басым көпшілігі OLIMPBET QFL Премьер-лига аясындағы кездесулерге барған. Жоғарғы дивизиондағы матчтар 600 мыңға жуық адамды жинай алды. Одан кейін 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасына 125 мыңға жуық азамат қызығушылық танытқан. QFL Екінші лигасының ойындары да көрермендердің назарын аударып, 88 403 адам ойынды стадионнан көрді. Бұл көрсеткіш өткен маусымнан қарағанда екі есе жоғары.

OLIMPBET QFL Қазақстан кубогы 96 мыңнан астам адамды қамтыса, жаңа турнир - 1ХВЕТ QFL Лига кубогы ойындарына 93 мыңнан астам көрермен қолдау танытты. Отандық футболдың жанкүйерлердің назары әйелдер футболынан да тыс қалмады. QFL Әйелдер лигасы мен Әйелдер кубогы 4,5 мың адам жинады.

Айта кетейік, осы маусымда ел чемпионаты тарихында матчқа келген жанкүйерлер саны бойынша жаңа рекорд тіркелді. OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 5-ші тур аясында Алматының Орталық стадионында өткен «Қайрат» - «Ақтөбе» кездесуінде 22 804 адам қолдау танытты. Сонымен қатар «Атырау» - «Ақтөбе» арасында өткен OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының финалына 13 576 адам жиналып, ел тарихында финалдық ойынға ең көп жиналған ТОП-5 ойынның қатарына кірді.

Осы маусымда Qazaqstan Football League турнирлерінде ең көп жанкүйер жиналған матчтар:

1. «Қайрат» - «Ақтөбе» – 22 804 көрермен (20.04.2024, OLIMPBET QFL Премьер-лигасы, 5 тур)
2. «Ордабасы» - «Ақтөбе» - 17 083 көрермен (08.05.2024, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының ширек финалы)
3. «Қайрат» - «Астана» - 15 473 көрермен (01.09.2024, OLIMPBET QFL Премьер-лигасы, 19 тур)
4. «Ордабасы» - «Астана» - 14 000 көрермен (22.09.2024, OLIMPBET QFL Премьер-лигасы, 21 тур)
5. «Атырау» - «Ақтөбе» - 13 576 көрермен (29.09.2024, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының финалы)

Qazaqstan Football League өз командаларына шынайы қолдау танытқан жанкүйерлеріне алғыс білдіреді.