Шабуыл шебі күшейтуді талап етеді – «Окжетпес» клубының бас бапкері Андрей Ферапонтов
Көкшетаулық «Оқжетпес» клубы 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 15-турында «Қайрат-Жастар» командасын жеңсе, бірінші айналымды топ басында аяқтауы мүмкін. Қазіргі сәтте олар «Хан-Тәңірі» ұжымынан бір ғана ұпай қалып тұр. Осы орайда команданың бас бапкері Андрей Ферапонтов маңызды матчтың алдында QFL.KZ сайтына клубтың қазіргі жағдайын айтып берді.
- Андрей Святославович, «Оқжетпес» алматылық «Қайрат-Жастар» командасынан басым түссе, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының алғашқы айналымын топ басында аяқтауы мүмкін. Бұл ойынға дайындық қалай жүріп жатыр? Өз алаңыңыздағы матчта жанкүйерлерді қуанта аласыздар ма?
- Өте жауапты матч. «Қайрат-Жастар» командасы да жақсы қарсылас. Дайындық әдеттегідей жоспарлы түрде өтті. Бір апталық цикл Түркістандағы кездесуден кейін қалыпқа келу мен «Қайрат-Жастарға» қарсы ойынға дайындалуға есептелген еді. Біздің футболшылар өздерінің шынайы жанкүйерлерін қуанту үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды. Оның үстіне 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының алғашқы айналымының соңғы туры турнир кестесіндегі орындарды анықтау мақсатында өте маңызды.
- Осы маусымда OLIMPBET QFL Премьер-лигасының екі ғана жолдамасы сарапқа салынады. «Оқжетпес» жоғарыға көтерілу үшін, мақсат қоя ма және басты қарсыластар ретінде кімдерді айтар едіңіз?
- «Оқжетпес» 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасында үнемі жоғары мақсат қояды. Осы жылды да есептен шығармаймыз. Маусым алдындағы басты міндетіміз – жоғарғы дивизионға көтерілу үшін, лайықты ұжым жасақтау еді. Сонымен қатар, бұған дейін қатты көңіл бөлінбей келген жергілікті тәрбиленушілерге назар аударып, оларды дамыту болатын. Біз команда алдындағы міндет орындалу үшін, барынша соған лайық жұмыс істеуге тырысамыз. Басты қарсыластар ретінде «Каспий», «Хан-Тәңірі», «Ұлытау», «Жетісай» және SD Family-ды санаймын. Бұл командалар жақсы ойыншыларды жинап, тәжірибелі бапкерлерге жүгінген. Оның әрқайсысы турнир кестесіндегі ең жоғарғы орынға таласуға қауқарлы.
- Статистикаға жүгінсек, «Оқжетпес» турнирдегі ең аз гол жіберген команда саналады. Сіздің клубыңыз қорғаныстағы футболға басымдық береді деуге бола ма?
- Иә, қазіргі сәтте ең аз гол жібердік және бұл біз үшін қуаныш. Футболшылардың үлкен еңбегі бар. Жаттығу барысында көп уақытымызды қорғанысқа аударамыз. Бірақ шабуылды да ұмытпаймыз. Барынша балансты ұстауға мән береміз. Ол жерде қорғаныс, шабуыл, ауыспалы фаза, стандарттық жағдайлар өте маңызды.
- 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының осы маусымындағы бәсекелестігін қалай бағалар едіңіз?
- Осы турнир соңғы жылдардың ішіндегі деңгейлері бірдей болуымен және қызықтығымен ерекшеленуде. Турнир кестесіне қарап-ақ, 7-8 команданың жоғарғы орындарға таласып жатқанына куә боласыз. Бірінші орын мен тоғызыншы орындағы клубтың арасын небары 5 қана ұпай бөліп тұр.
- Сіз көп жылдар бойы «Ордабасы», «Мақтарал» және жасөспірім мен ересектер құрамасында бас бапкердің көмекшісі лауазымын атқарып келдіңіз. Бұл тәжірибе сіздің жұмысыңызға қаншалықты көмектеседі? Қай бапкер сізге ерекше әсерін тигізді?
- Иә, көптеген бапкерлермен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Олардың барлығына өмірлік және кәсіби тәжірибе, білім, сенім үшін рақметімді айтамын. Әр бапкер менің түрлі кезеңдерімде өзінше әсерін тигізді.
- Көмекші тақырыбын жалғастырсақ. Сіз бір жыл бойы Беларусьтың «Рух» клубында бас бапкерге көмектестіңіз. Шетелдік чемпионатта қандай тәжірибе алдыңыз? Беларусь чемпионаты бізден қаншалықты ерекшеленеді?
- Бас бапкер Александр Седнёвтің шақыртуы арқасында Беларусьқа және «Рух» футбол клубына тап болдым. Біз «Ақтөбе», «Рух» және «Ордабасы» клубтарында бірге жұмыс істедік. Мені осындай тамаша жан әрі бапкермен жолықтырғаны үлкен сәттілік. Біздің футболға және өмірге деген көзқарасымыз ұқсас. Беларусь чемпионатына келсек, ол кезде ол отандық чемпионаттан қатты ерекшеленбейтін еді. Бәлкім, тек жоғары жалақы алатын легионерлер мен деңгейімен басым болған шығар. 2020 жыл пандемиямен тұспа-тұс келіп, қиын сәтте Беларусьте болуым сәттілік деуге келеді. Өйткені чемпионат тоқтамай, бастан-аяқ тоқтаусыз өтті. Шетелдік бапкер ретінде қызықты чемпионатта болуым орны толмас тәжірибе мен білім алуға септігін тигізді.
- «Оқжетпес» трансфер кезеңінде жаңа ойыншыларды қатарға қосуға ниетті ме? Қай шепті күшейту қажет?
- Иә, 2-3 шепті күшейтуді жоспарлаймыз. Қазір басшылық футболшыларды іздеу үстінде. Шабуыл шебі күшейтуді талап етеді. Себебі, ойдағыдай көп гол соға алмай жүрміз. Кей шептерде бәсекелестікті арттырсақ дейміз.
- Бірнеше ойындарды қоспағанда, сіздің командаңыз өте жас деуге келеді. Құраманы осылай жасақтауға қандай да бір себеп бар ма? Әлде жас футболшыларға мақсатты түрде мүмкіндік бересіздер ме? Футбол таланттарын қалай дұрыс тәрбиелеу қажет? Енді ғана үлкен футболға қадам басқан жас ойыншыларға қандай кеңес берер едіңіз?
- Бұған дейін айтқанымдай, біздің алдымызда көкшетау футболының жергілікті жастарына өздерін көрсетуіне мүмкіндік беру туралы міндеті тұр. Оның үстіне биыл 2006 жылдан үлкен емес футболшылардың лимиті де команданы жасартады. Мен көп уақытымды балалармен, жасөспірім, жастар және ұлттық құрамасында өткіздім. Маған жас ойыншылармен, олардың психологиясы және жетілу мүмкіндіктерімен жұмыс істеу принциптері жақсы таныс. Біз бапкерлік штабпен бірге футболшылармен жеке сөйлесіп, қосымша жаттығу барысында бірге жұмыс істейміз. Теориялық сабақтың кей сәттеріне назар аударамыз. Бұның барлығы жас футболшылардың шеберлігін одан әрі арттырады.
Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 15-ші турында «Оқжетпес» өз алаңында «Қайрат-Жастарды» қабылдайды. Ойын бүгін 17:00-де Көкшетау қаласындағы «Оқжетпес» стадионында өтеді. Матчты тікелей эфирде Q League телеарнасы мен QFL.KZ, QFootball.kz сайттары ұсынады.